Қарттар күніне орай «Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалының басшысы Бибігүл Аққожина бастаған партия мүшелері қазыналы қариялардың шаңырағына барып, аға буын өкілдерін мерекемен құттықтады.
Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, қарияны құрметтеуді тәрбиенің өзегі санаған. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөздің мәні де осында. Өмірден көргені мен түйгені мол аға буынның ақыл-кеңесі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым құнды.
Мереке қарсаңында партия өкілдері ел басынан өткен тарихи кезеңдердің куәсі болған, саналы ғұмырын еңбекке арнаған ардагерлердің жағдайын сұрап, ақжарма тілектерін жеткізді.

Қарияларды құттықтаған «Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалының басшысы Бибігүл Аққожина аға буынның қоғамдағы орнына тоқталып, ізгі тілегін білдірді.
«Бүгінгі қазыналы қариялар күнімен барша аға буын өкілдерін шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, қажымас күш-қайрат, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін. Зейнетті шақтарыңыз жарқын да ұзақ болсын! Үлкен жүрекпен басталған саналы, мейірімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі істеріңіз әрдайым жемісті болғай. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына. Біз сіздерден алған бағыт-бағдарымызбен алға ұмтылып келеміз, әрдайым қадірлейміз, құрмет тұтамыз», – деді Бибігүл Аққожина.

Басқосуға «Әділет» партиясының мүшелерімен қатар Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Татьяна Искандирова, Міржақып Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің президенті Рихсибай Мамедов және «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы қатысты.
Партия өкілдері Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері Қасымхан Алдабергенов, Ділдәбек Нұрышев, Михаил Подоляков және тыл ардагері Леонид Дьячковтың үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Қасымхан Алдабергеновтің шаңырағында Кенжеш Оразғалиқызы да қарияға ізгі тілегін жеткізіп, ел басынан өткен талай тарихи кезеңнің куәсі болған ардагердің өнегелі өмір жолына құрмет білдірді.
«Қасымхан ата, сіз – кейінгі ұрпаққа өмір жолыңызбен, көрген-білгеніңізбен үлгі-өнегесіз. Сіз секілді елдің ауыртпалығын көріп, Отан үшін еңбек еткен аға буынның әрбір әңгімесі біз үшін қымбат. Сіздерден қалған өнеге кейінгі ұрпаққа аманат болып жетуі керек», – деді Кенжеш Оразғалиқызы.
Ардагерлерге құрмет көрсету барысында олардың өмір жолы мен ел тарихындағы орнына ерекше мән берілді. Әрқайсысының артында маңдай термен атқарылған еңбек, ел басынан өткерген талай тарихи кезең және кейінгі ұрпаққа қалдырған мол өнеге бар.

Осындай кездесулердің маңызы – мерекелік көңіл-күй сыйлаумен ғана шектелмейді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін дәріптейтін тағылымды шара. Қарияның батасын алып, өмірлік тәжірибесін тыңдау – кейінгі буын үшін үлкен мектеп.

Бүгінде қоғамның дамуына өз үлесін қосқан аға буын өкілдеріне құрмет көрсету – баршамызға ортақ міндет. Олардың өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегін жас ұрпаққа жеткізу арқылы біз тарихи сабақтастықты сақтаймыз.
«Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалы алдағы уақытта да ардагерлерді қолдау, олардың мәселелеріне назар аудару және аға буын мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.
