Тыл еңбеккері, журналистика саласының ардагері – Дәуренбек Ахметбеков санаулы күндерден соң 97 жасқа толады. 1929 жылы 7 қазанда, Қостанай облысы, Қостанай ауданына қарасты Озерный ауылының аумағындағы Жалтыркөл атты шағын елді мекенде дүниеге келіпті. Балалық шағы отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін, қырықыншы жылдардағы соғыс салған лаңға тап келіп қиыншылықпен өтті. Жоқшылықты, жетімдікті көрді. Алайда алға ұмтылудан тынбады. Жоғары білімді журналист атанып, бар саналы ғұмырын ақпарат саласына арнады. Шаңырақ көтерді, ұрпақ өсірді. Бүгінде бір дәуірдің көзі тірі куәгеріне айналған, көкірегі көмбе абыз ақсақал.
Бала дәурен өтті ғой құйындаған,
Балы менен шекері бұйырмаған…
Дәуренбек ақсақалға қарттар күні қарсаңында арнайы сәлем бере барып, сұхбаттасып қайтқан едік. Ол кісінің балалық шағы туралы әңгімені тыңдап отырып ақиық ақын Мұқағалидың осы екі жол өлеңі ойыма орала берді. Балдәурен шағын төңкерістің зобалаңы мен соғыс жалмаған ұрпақтың жанайқайы іспетті.
«Мен туған жерді Жалтыркөл деп атайды. Кейін Озерный теміржол бекетіне көшіп келдік. Сол бекетте элеватор болды. Әкем осы элеваторда жүк тасушы болып істеді. Сонда жүріп ауру жабысып, бір жылдай төсек тартып жатып қайтыс болды. Мен онда 8-де едім. Жалпы 13 жасыма дейін отбасымдағы 5 адамнан айырылып бір үйден жалғыз қалдым», – дейді Дәуренбек ақсақал.
Үкілай, Қадиша деген екі қарындасы, Қорғанбек атты інісі жасынан шетінеп кетеді. Әкесі қайтқасын бір жылдан кейін анасы қайта тұрмыс құрып, Жантай Жабайұлы деген Амангелді ауданының азаматымен бас қосыпты. Сөйтіп ол кісі 1939 жылы Дәуренбек пен анасын Амангелдіге алып келеді. Өзі тері илейтін артельде жұмыс істепті. Ол кезде Озерныйда қазақ мектебі жоқ еді, сондықтан бала Дәуренбек бастауышта орыс сыныбына барған. Ал Амангелдіде орыс сыныбы төртіншіге дейін ғана екен. Сөйтіп Амангелді мектебінен 1941 жылы төрт сыныпты бітірген соң әрі қарай оқуға мүмкіндік болмайды. Біріншіден, қазақ сыныбына ауысуда қиындық туындаса, екіншіден, соғыс басталып, өгей әкесі майданға аттанады. Тағы да науқас шешесімен екеуі ғана қалып, оқу тұрмақ нан табу қиынға соғады. Сөйтіп бұғанасы бекімей жатып 12 жасында өгей әкесінің орнына тері илейтін артельге жұмысқа тұрыпты.
«Тері илейтін цех өзеннің жағасында. Ішінде екі үлкен қазан бар. Өзеннен шелекпен су тасып сол екі қазанды толтырамын. Сосын астына от жағып ол суды ысытуым керек. Отынның сиқы сабан, шөп, қамыс. Содан от жағып отырып, кейде қалғып ұйықтап кетем. Сонда мұнда жүргендер түртеді: «Ай, бала, күйесің ғой! Тұр, тұр, ұйықтама!» – деп. Сондай жағдайлар болды. Ұйқы қанбайды ғой, таң қараңғысынан тұрып көз байланғанша жұмыстасың. Қазіргідей сағатпен есептеу жоқ қой. Жалақыға әйтеуір аштан өлмейтіндей азық береді ғой деймін. Не бергендері қазір есімде де жоқ». Ақсақал ауыр күндерді осылай деп күрсіне еске алды.
Қостанайға оралу
«Жұт жеті ағайынды». Сөйтіп жүргенде 1942 жылы анасы қайтып, Дәуренбек бір шаңырақтан жалғыз өзі қалыпты. Басқа барар жер, басар тауы жоқ 13 жасар бала Амангелдідегі әке жағынан туыс кісілердің үйін паналап, артельдегі ауыр жұмысын істеп тағы үш жыл өткізеді.
1945 жыл. Амангелді ауылы. Дәуренбек бір күні көшеде келе жатып, қоймаға тауар әкелген жүк көлігін көреді. Зер салып қараса жүргізушісі таныс. Қасымбек Аюпов деген кісі. Кезінде Қостанайдан өздерін осында көшіріп алып келген. Көзіне оттай басылады. «Амандасып, «Ағатай, мені танисыз ба?» деп жатырмын жанталасып. Маған бажайлап қарады, бірақ тани қоймады. Мен: «Осылай-осылай болған, сіз мені Қостанайдан Амангелдіге алып келгенсіз», – деймін. Сол кезде «Е, е» деп шырамытып есіне түсіргендей болды. Сосын: «Ағатай, енді мені қалдырма, мен жетім қалдым, мені Қостанайға жеткіз, алып кет мені», – дедім. Өзім жылап тұрмын. Сосын басымнан сипап: «Жарайды, жарайды, алып кетем», – деді. Содан Амангелдіден Қостанайға алып келді».
Қостанайға жеткен соң бірден қазіргі Ыбырай мектебі, сол кездегі Жамбыл мектебіне барады. Қолында құжаттан Амангелді мектебі берген «7-ші сынып бітірді» деген бір жапырақ қағаз.

«Шашым өскен, киім өрім-өрім. Мектеп басшысы «Не бітірдің?» деп сұрады. Мен тек орысша төрт сыныптық білімім бар деп шынымды айттым. «Енді нешінші сыныпқа барғың келеді?» деді. Жасым келіп тұрған 8-ші сыныпқа барайын дедім. Мектеп басшысы сәл ойланып отырды да, «Жарайды, 8-ші сыныпқа жазайық. Бірақ оқу бағдарламасын игеріп кете алмасаң төменгі сыныпқа ауыстырамыз» деді. Мен келістім. Келіспеске амалым да жоқ еді», – дейді Дәуренбек қария.
Осылайша Қостанайға қайта оралып, мектеп-интернатқа орналасып, жаңа өмірге қадам басты.
Есею шағы, өмір белестері
Болмысынан алғыр бала мектепке орналасқан соң оқуға бар ынта-жігерін салды. Төменгі сыныпқа ауысу қаупі туған жоқ, бағдарламаны тез меңгерді. Сөйтіп жүріп 1948 жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріп шықты. Арқаның төсінен алыстағы Алатау бөктеріндегі ару қала Алматыға аттанып, Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті.

«Мен негізі кен іздеуші геолог, немесе агроном болуды армандадым, – дейді Дәуренбек ақсақал. – Ал журналистикаға түсуіме белгілі жазушы, журналист Әбілфайыз Ыдырысов себепкер болды. Екеуміз мектепте бірге оқыдық. Ол сол кезден мектеп газетіне мақала жазып жүретін. Сол журналистикаға бірге барайық деп үгіттеді. Сөйтіп журналистика факультетінен бір-ақ шықтым».
Оқуды бітірген соң алдымен «Үгітші блокноты» деген басылымға жұмысқа тұрады. Онда бір жыл істейді. Сол кезде «Лениншіл жас» газетінде еңбек ететін өзінің досы Әблфайыз Қостанайға осы газеттің меншікті тілшісі болып баруды ұсыныпты. Сөйтіп 1954 жылы Дәуренбек Ахметбеков «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі болып туған жері Қостанайға оралады. Арада тағы екі жыл өткенде сол кездегі облыстық «Коммунизм таңы» газетінің әдебиет бөліміне қызмет ауыстырды. Журналист Дәуренбектің бір ерекшелігі қазақ және орыс тілдерінде қатар жаза беретін. Осы қасиеті оның тағы да қызмет баспалдағымен көтерілуіне жол ашты. «Бір күні газет редакторы шақырып алып: «Обкомнан облыстық радиоға басшылыққа орысша, қазақша бірдей жазатын адам керек деп сұрап жатыр. Соған сені лайық көріп отырмыз» деді. Мен келісімімді бердім. Бұл алпысыншы жылдардың басы еді. Бұл қызметім өзіме ұнады», – дейді Дәуренбек Ахметбеков.
Дәуренбек ақсақал қалам ұстаған шақта тың игеру науқаны қызу жүріп жатқан-ды. Сондықтан негізгі қаузаған тақырыбымыз осы төңіректе болды деп еске алады өзі.
«Кеңес Үкіметі тың игеруге барлық күшін жұмылдырды ғой. Бүкіл техника, машина, құрылыс материалы… Вагон-вагон кеп жатыр, ағаш келіп жатады. Тақтай келіп жатады. Отынға көмір келіп жатады. Соның бәрін жеткізу керек. Соның бәрін үлгеріп істеп жатты. Жұмыс қарқынды жүрді. Иен даладан жаңа совхоздар құрылып бой көтерді. Мысалы бір ауылдың құрылысы көктемде басталса күзде аяқталатын. Осының бәрін күнделікті ақпаратта қамтып отырдық».
Газетте, радиода сол заманның жүйрік журналистері Мүсілім Досмағамбетов, Ұзақбай Әбілов, Сейіт Әбдібеков, Қойшығара Салғариндермен бірге қызмет етті. Қазір бұл кісілердің қайсыбірінің есімі көмескі тартып көпшіліктің жадынан өше бастаған. Кеңес Одағының екі мәрте батыры, ұшқыш Леонид Беда, ғарышкер Валерий Быковский сынды тарихи тұлғалармен жүздесіп сұхбат алды.
Осылайша Дәуренбек Ахметбеков ақпарат саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп 1989 жылы облыстық радиодан зейнетке шықты.

Тарихтың тірі шежіресі
Дәуренбек Ахметбеков көкшетаулық Майраш Сәлімқызы Хасенова деген кісімен бас қосып, шаңырақ көтерген. Екі ұл, екі қыз сүйді. Өкінішке қарай, жұбайы Майраш пен Ария, Ғалия атты екі қызы қазір өмірде жоқ. Алайда артында қалған перзенттері бар. Ал Дархан, Серік атты ұлдары балалы-шағалы. Олардың да жасы егде тартып, немере сүйіп отыр. Дәуренбек ақсақалдың өзі қазір Қостанай қаласында, Серік деген ұлының қолында тұрады. Перзенттерінің ортасында, солардың амандығын тілеп отырған бақытты қария.

– Біз кітап, газет-журнал оқып өскен жұртпыз ғой. Күнделікті қоғамда болып жатқан жайттардан хабардар болып отыруға тырысамын. Бірақ соңғы кезде көзім нашарлағандықтан оқуды қойдым. Әйтсе де жазда су құйып, арамшөбін жұлып бау-бақшаны ермек қыламын. Өздерің сияқты келіп әңгіме сұрағандарға өмірден көрген-білгенімді айтамын, – деп сөзін сабақтады қария.
– Кейінгі толқын жастарға, елге не тілек айтасыз? – деп сұрадық сұхбат соңында.
– Ой, айналайын, қазір шүкір, тәуелсіз, егемен ел болдық. Іргеміз бекіп, мемлекетіміз нығайып келеді. Мен соған қуанамын, тәубе етемін. Тұрмыс жақсы, ел тоқ. Біздің көрген бейнетіміз тек сол естелікте қалсын. Оны сендерге көрсетпесін. Жастар бейбіт күннің, тыныштықтың қадірін білсе деймін. Білім, ғылымды игеріп замана көшінен қалмаса деймін.
Осылай деп ағынан жарылған қария қоштасар сәтте қазақы дәстүрмен қол жайып аталық ақ батасын берді. «Қабыл болсын» деп біз де бетімізді сипадық.
Иә, кешегі зұлмат жылдарды көзімен көріп, зардабын тартқан лек қазір азайып барады. Өмірдің заңы. Біздің міндет көзі тірі тарихтың куәгерлерінің сөзін тыңдап, жадымызға түю, жазып алу, таспаға басу. Қанша қиындық көрсе де адами қасиетінен айнымай, еліне қызмет қылған, аяулы жар, жақсы әке бола білген, көпке сыйлы тұлғаға айналған абыз ақсақалдың абыройлы ғұмыры кейінгі толқынға үлгі-өнеге.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
