Қазіргі қоғамда балалар мен жасөспірімдердің физикалық дамуы мен дене шынықтыру деңгейі алаңдатарлық жағдайда. Бұрынғы дәуірде балалардың өмірі табиғатпен, қозғалыспен тығыз байланысты болса, бүгінде технология мен урбанизация олардың өмір салтын түбегейлі өзгертті. Компьютер мен смартфон баланың өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, табиғи қозғалыс белсенділігі күрт азайды. Бұл тек физикалық әлсіздікке емес, психологиялық және әлеуметтік қиындықтарға да әкелуде.
Қазіргі балалардың көпшілігі күнінің басым бөлігін экран алдында өткізеді. Смартфон, планшет, ноутбук – олардың негізгі ермегі. Ата-аналар да баланы тыныштандырудың ең оңай жолы ретінде гаджет беруге үйреніп алған. Мұндай әдет баланың табиғи дамуына кері әсер етеді. Қозғалыссыздық салдарынан бұлшық ет әлсіз дамып, омыртқа қисаюы, артық салмақ, көру қабілетінің төмендеуі және жүрек-қан тамыр жүйесінің әлсіреуі байқалады. Бұрын балалар күнұзақ далада ойнап, табиғи түрде шынықса, бүгінде олардың белсенділігі виртуалды кеңістікпен шектеліп отыр.
Қазіргі балалардың көпшілігі фастфуд, тәтті газдалған сусын, чипс пен шоколад секілді тағамдарға үйір. Бұл өнімдерде дәрумен аз, ал май мен қант мөлшері шамадан тыс көп. Мұндай тамақтану салдарынан семіздік, асқазан-ішек аурулары мен иммунитеттің әлсіреуі жиілеп келеді. Мектеп асханаларында пайдалы тағам түрлерінің аздығы да мәселені ушықтырып отыр. Баланың дене дамуы мен тамақтануы – өзара тығыз байланысты. Егер бала дұрыс тамақтанбаса, ағза әлсіреп, бұлшық ет пен сүйек жүйесі толық қалыптаспайды.
Бүгінде балалардың басым бөлігі қала жағдайында өсіп келеді. Таза ауада серуендеуге, ойын ойнауға арналған бос кеңістік азайған. Көп ата-ана баласын сыртқа шығаруға қорқып, «ауырып қалады» деп шектейді. Ал мектептегі дене тәрбиесі сабақтары көбіне формалды түрде өтеді. Кейбір отбасылар үшін спорттық үйірмелердің ақысын төлеу де қиын. Мұның бәрі балалардың шыдамдылық, төзімділік, икемділік сияқты қасиеттерін дамытпай өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Қоғамда академиялық жетістікке көбірек мән беріліп, дене тәрбиесінің рөлі екінші орынға ығысты. Көп ата-ана спортты уақыттың бос кетуі деп есептейді. Бірақ бұл көзқарас баланың жан-жақты дамуына кедергі келтіреді. Денесі әлсіз баланың рухы да әлсірейді. Сонымен қатар экологиялық жағдай, шудың көптігі мен гаджеттерге тәуелділік те балалардың физикалық және психологиялық саулығына кері әсер етуде.
Бұл мәселені шешу үшін кешенді шара қажет. Ең алдымен ата-аналар мен ұстаздар баланың қозғалыс белсенділігін арттыруға нақты жағдай жасауы тиіс. Спорт – міндет емес, өмір салтына айналуы қажет. Мектептерде дене тәрбиесі сабақтарын қызықты әрі заманауи форматта өткізу маңызды. Мемлекет тарапынан аула және саябақтарға жаттығу алаңдарын орнату, спорттық инфрақұрылымды қолжетімді ету қажет. Сонымен қатар дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруда мектеп пен ата-ананың өзара байланысы күшеюі керек. Баланы тек білімге емес, салауатты өмір салтына да баулу – отбасылық тәрбиенің негізгі бөлігі болуы тиіс.
Қазіргі балалардың шынықпауы – бір ғана медициналық мәселе емес, ол қоғам айнасы. Технологиялық тәуелділік, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы және құндылықтар өзгерісі – осының бәрі ұлт денсаулығына тікелей әсер етуде. Егер әр отбасы мен әр мектеп денсаулықты басты құндылық деп таныса, ертеңгі ұрпақ дені сау, рухы мықты, белсенді болып өседі. Шыныққан бала – елдің тірегі, ұлттың болашағы.
Мұқаш Ақбота,
Ә.Сағынов атындағы ҚТУ 1-курс студенті
Жетекшісі: Куатова Гульдана
