Ақшам бар деп қалтамда, баса берме талтаңға… Қаржылық сауатымыз қайтсек көтеріледі?

Ақшам бар деп қалтамда, баса берме талтаңға… Қаржылық сауатымыз қайтсек көтеріледі?

«Қаржылық сауаттылық» деген ұғымның пайда болғанына да көп болған жоқ. «Неге ол бұрын болмады, неге қазір..?» деген сұрақтар кім-кімді де ойландыруы бек мүмкін. Мына заманда сауатты болу аз, енді қаржылай сауатты болуымыз қажет.

            Биыл Қостанай облысында 1300‑ден астам интернет-алаяқтық бойынша қылмыстық іс тіркелген. Осының кесірінен тұрғындарға келтірілген шығын 2 млрд теңгеден асады. Ашылған нақты істер саны  130 ғана. Міне, бұл бір ғана өңірдің тоғыз айдағы көрінісі.

           Несие жағадан, алаяқ етектен…

            Иә, қаржылай сауатты болуды неден бастаса болады? Мақаланың әлқиссасын осы сауалға жауап беруден бастайықшы. Қарап отырсақ қарапайым сауал, бірақ жауабы сан тарапқа жетелейді. Бұрын ақшаны көбіне қолма-қол ұстайтынбыз, табыс пен шығынды есептеу, жинақтау және жоспарлау көбіне қарапайым деңгейде болатын. Банктік операциялар шектеулі, интернет-сауда мен онлайн қызметтер, жалт-жұлт еткен өмір жоқ еді. Ал бүгінгідей цифрландырылған заманда бір батырманы басып-ақ несие алуға, ақша аударуға немесе инвестиция жасауға болады. Мұның бәрі бір жағынан мол мүмкіндік берсе, таяқтың екінші жағы да бар. Алаяқтық, жалған инвестициялық жобалар, қаржылық пирамидалар, несие сияқты жаңа қауіптер пайда болды. Сондықтан тек жалпы сауатты болу жеткіліксіз, қаржылай сауатты болу заманауи адамның міндетіне айналды. Хош, сонымен бәріміз де көштен қалмай, қаржылай сауаттылығымызды арттырғымыз келеді делік.

«Қазақтар арасында қаржы деген ұғым бұрыннан бар. Қаржы деген – жиған-тергенің, табысың, малды сатқандағы алған ақшаң. Бұрынғы заманда-ақ «қалтаңда бір тиын қаржың жоқ» деген сөз жиі айтылатын. Демек, халықтың тұрмысында да, тілінде де бұл ұғым ежелден қалыптасқан. Кейін «қарыз» деген түсінік кең тарады. Қазақ «қарыз күліп кетеді» дейді. Расында, алған кезде қуанып, қайтаратын кезде қимайсың. Қарыз жеңіл көрінгенімен, өте ауыр дүние. Уақыт өте келе, қаржылық сауаттылық деген жаңа түсінік пайда болды. 2000 жылдардан бастап банк саласында, Ұлттық банктің бастамасымен халық арасында қаржылық мәдениетті арттыру бағытында түрлі кітаптар шығарылып, дәрістер өткізілді. Студенттерге де, оқушыларға да ақшаны дұрыс басқару үйретіле бастады. Қаржыны дұрыс пайдалану, тек үнемдеу емес. Артық қаражатты тиімді жұмсаудың жолдарын білу. Мысалы, акциялар алу, инвестиция салу, не болмаса белгілі бір мерзімге сақтап қою. Бірақ сақтық та керек, әр түрлі сақтандыру компанияларына алданып қалмас үшін олардың есеп-қисабын, ресми есептерін мұқият қарап отырған жөн.

2000 жылдардан бері несие алу да кең етек жайды. Адамдар өз жағдайын ескермей, ойланбастан қарызға батты. Содан кейін қиыншылықтар басталды. Сол кезде халық несиенің шарттарын, пайыздық мөлшерін, валюталардың доллар, евро, рубль бағамын бақылап, өз бетінше сауатын арттыра бастады. Қазір бұл үрдіс тіпті күрделеніп кетті. Телефонмен-ақ тауар алып, ақша аударып, онлайн есеп айырысу әдетке айналды. Осындай цифрлық заманда қаржылық сауаттылық бұрынғыдан да маңызды», – дейді зейнеттегі қаржыгер Мейраш Жұмашев.

Қаржылық сауаттылығы төмен болған соң, үлкен үстемелерге қарамай, құдды бір тегін балық үлестіргендей несиеге бас ұрады. Несиені рәсімдеу үшін, табысымызға қарамай, өтірік табыс көрсетіп жатамыз. Сондықтан, осындай құндылықтарға мән беруіміз керек. Оның үстіне насеи бір жағынан, екінші жағанынан анталап алаяқтар да елді тонып, зар илетуде. Не істемек керек?

«Қазір ең жиі кездесетіні «банк қызметкеріміз» немесе «құқық қорғау органы өкіліміз» деп телефон шалатын алаяқтар көбейді. Сонымен қатар жалған хаттар мен сайттар, несие рәсімдеу бойынша алаяқтық, қаржылық пирамидалардан да көз сүрінеді. Соңғы уақытта алаяқтар жасанды интеллект технологияларын да пайдаланып жүр. Олар Ұлттық Банк немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің бейнесін қолдан жасап, жалған бейнежазбалар мен инвестициялық жарнамалар таратады. YouTube, Instagram және TikTok арқылы «тегін заң көмегі», «жоғалған қаражатты қайтару» секілді фейк бейнероликтер де кең тарап отыр. Мұндай материалдар көбіне «дипфейк» технологиясымен жасалады, яғни адамның дауысын, мимикасын және түрін дәл имитациялайды», – дейді Ұлттық банкі Қостанай филиалының директоры Ғалия Жұмабаева.


Алданғандар, алданып, бастарын тауға да, тасқа да ұрғандар

«Ат баспаймын деген жерін үш рет басады» дейді қазақ. Ешқашан алаяқтарға алданып қалмаймын деп, өзіне сенімді болған Алиман Мырзатай екі кештің ортасында торға түсіп қаларын да білмеген.blank

«Біз оңды-солды деректерімізді қалдыра береміз…»

«Кеш құрым үстіміздегі көршіден су кетіп, соны тоқтату мақсатында КСК-мен сөйлесіп отырған едім. Дәл сол сәтте біреу қоңырау шалып: «Біз КСК-данбыз, сізге бүгін бригада барады, бірақ алдымен өтінімді тіркеу үшін код келеді, соны айтып жіберсеңіз болды», – деді. Мен де КСК-мен дәл сол уақытта сөйлесіп отырған соң, күмәнданбай сеніп қалдым. Бірақ көп ұзамай тағы бір қыз хабарласып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырды. Ол: «Сіз алаяқтарға алданып қалдыңыз, бірақ қорықпаңыз, ақшаңыз әлі кетпеді. Егер қазір кейбір деректеріңізді айтсаңыз, біз бәрін құтқарамыз», – деді.

Сол сәтте мен біртүрлі сеніп, гипноздалғандай күйге түстім. Ол менің барлық деректерімді біліп отырды.«Айтпасаңыз, сіздің қарызыңыз 8 миллионнан 16 миллионға дейін өседі», – дегенде одан сайын қорқып кеттім.

Біраздан соң тағы бір ер адам хабарласты. Өзін Ұлттық банктің қызметкерімін деп таныстырып, тіпті бейнеқоңырауда көк куәлігін көрсетіп, артында Қазақстан туы ілініп тұрды. Сол кезде күдіктене бастадым да, КНБ-дағы танысыма қоңырау шалдым. Сөйтсем, бұл нағыз ұйымдасқан алаяқтар тобы екен.

Әйтеуір құдай сақтап, SMS-кодтарды айтқан жоқпын, сол арқылы үлкен шығыннан аман қалдым. Мені таңғалдырғаны, алаяқтардың КСК-мен сөйлесіп отырған сәтімді біліп, дәл сондай тақырыппен хабарласқаны. Демек, олар адамдарды тыңдап, психологиялық тұрғыда әсер етудің түрлі тәсілдерін қолданады. Мен бұл жағдайды әлеуметтік желідегі сторизге жариялағанымда, маған өте көп адам хабарласып, олар да дәл осылай алданып қалғанын айтты.

Бүгінде цифрландыру дәуірінде өз қауіпсіздігімізге жауапкершілікпен қарау өте маңызды. Мысалы, eGov порталында «Микрокриедит пен займнан бас тарту» деген бөлім бар. Сол жерден келісімді рәсімдеп қойсақ, ешкім біздің атымызға несие немесе микрокредит рәсімдей алмайды. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде, әсіресе Instagram сияқты платформаларда нөмірімізді оңды-солды қалдыруға болмайды. Себебі алаяқтар әртүрлі айла-тәсіл ойлап тауып, адамдарды алдап соғудың жаңа жолдарын күн сайын табуда.

Көп жағдайда қарт адамдар алаяқтардың құрбанына айналып жатады. Сондықтан оларға көбірек ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу қажет. Жалпы, бізде көп нәрсе қолжетімді, тек соны дұрыс пайдаланып, цифрлық және қаржылық сауатымызды арттыруымыз керек. Сауатты болу – тек білімді болу емес, сақ болу деген сөз. Алданып жатқан адамдардың бәрін сауатсыз деуге болмайды, себебі алаяқтар өте шебер әрекет етеді. Сол себепті біз күнделікті ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде алаяқтықтың жаңа түрлері мен сақтық шаралары туралы жиі айтып, жазып, халықты құлақтандырып отыруымыз қажет», – дейді Алиман.

 

«Алаяқтардың құрбаны болдым»

Қостанай қаласының тұрғыны Жанна Владимировна өткен жылдың шілде айында алаяқтардың құрбаны болды. Ол Beeline орталығының қызметкері болып жалған сөйлеген алаяқтардың қоңырауына алданып, өз телефонына келген кодты оларға айтып берген. Кейін, алаяқтар Жаннаны Ұлттық банк қауіпсіздік қызметкерлері ретінде танысып, одан кодты пайдаланып, несиелер рәсімдегенін айтып, түрлі операциялар жасауға мәжбүр еткен. Соның нәтижесінде ол 7 миллион 600 мың теңге жоғалтты.

Жанна Қостанай қаласындағы мекемелердің бірінде бухгалтер болып жұмыс істейді. Өткен жылдың шілде айында оған алаяқтар қоңырау шалған. Олар Beeline орталығынан хабарласып, сим-картасының мерзімі аяқталып қалғанын айтып, келісімшартты ұзарту қажет екенін жеткізген.blank

 «Мен басқа байланыс қолданатынымды айттым. Бірақ олар бәрібір қажет екенін айтып жеткізді. Ұялы телефоныма келіп түскен кодты жіберіп, мен оны оларға айтып бердім. Кейін WhatsApp арқылы келісімшартты жіберетін айтты, бірақ ештеңе келген жоқ. Артынша WhatsApp арқылы қоңыраулар түсе бастады. Алдымен жауап бермей, назар аудармадым. Бірақ олар одан әрі қоңырау шалуды тоқтатпады. Мен не болғанын түсінбей, айтқандарын орындай бердім. Олар Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметкерлері екенін айтып, менімен байланысқанын, кодты айтқаным туралы біліп алды», – дейді Жанна.

Бастапқы да Жанна алаяқтардың әрекеті екенін бірден түсінген жоқ. Ол несие рәсімдеп, өз ақшасын аударып жіберген, алаяқтар тағы да 3 миллион теңге аударуды сұрап, бірақ олар ақшаны кейінірек қайтарамыз деп уәде еткен.

«Менің өз ақшам 2 миллион 800 мың теңге, қалғаны – несие болатын. Сол кезде алаяқтықтардың мұндай әрекеті туралы көп естіп білмедім. Алаяқтар алғаш рет қоңырау шалғанда, маған бұл туралы ешкімге айтпауымды ескертті, оны жақындарымнан жасырдым», – дейді ол.

Жанна Владимировнаның ісі Қостанай облысының адвокаттар алқасының адвокаты Көшербай Ақшаловқа түскен. Бүгінде білікті заңгердің көмегінің арқасында жәуірленушінің ақшасының тең жартысы қайтарылды.

 

Қаржылық сауаттылық бала жастан

            Біз отбасында ақшаның қалай келіп, қалай жеткізіп жатқанымызға баланы араластырмауғы тырысамыз. Қателіктің басы осында жатыр. Бала ақша қалай келетінін, оны қалай жарату керек екенін кішкентайынан бастап біліп, оның бойында сауаттылықты қалыптастырған жөн.

            – Балаға кішкентайынан ақша ұстату ертерек. Мектеп жасына жақындағанда үйрету керек. Сонда есепке жүйрік болуына себебі тиеді. Кішкентай болсын, үлкен болсын ақшаның құнын білу керек. Өйткені ол үлкен еңбекпен, термен келген табыс. Сондықтан балаға ақшаны саналы түрде беру қажет. Оған түскі асына, жолына деп есепсіз қаржы беру пайдасыз. Мұндай жағдайда бала ақшаны өзі есептеп үйрене алмайды. Апта сайын немесе айына бір мәрте табыстасаңыз, өзі нені, қайда жұмсайтынын пайымдайтын болады. Сол кезде бір айға берілген ақшаны үнемдеп, тиімді жұмсай алады. Осындай әдіспен ұл-қызыңызға қаржыны ұқсатуды үйрете аласыз, – дейді қаржыгер Мираш Жұмашев.

Мираш Жұмашевтің айтуынша, бұл баланың болашақтағы қаржылық сауаттылығының негізі. Өйткені ақшаны тиімді пайдалану дағдылары мен үнемшілдік сезімі бала кезден қалыптасса, ересек өмірде қаржылық қиындықтарға жол бермейді.

 

Тығырықтан шығар жол қайсы?

Цифрлық дәуірдің қарқыны артқан сайын, алаяқтық та жаңа түрге еніп, қоғам үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Қазір бір қоңырау, бір сілтеме немесе әлеуметтік желідегі тартымды жарнама қаржылық шығынға апарып соқтыруы мүмкін. Сондықтан бүгінгі күні қаржылық қауіпсіздік бұрынғыдан да маңызды.

Маманның пікірінше, бастысы қаржылай сауатты болу. Бұл тек ақшаны санау емес, қаржыны басқару, ақпараттың шынайылығына байыппен көз жеткізген жөн. Адам өзі пайымдап, эмоцияға берілмей, ойланса қаржысын сақтай алады.

Биыл қыркүйек айында Ұлттық Банк, Білім ағарту министрлігі және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы бірлесіп, мектептер мен колледждерде «Ғаламдық құзыреттер» пәнін оқытатын мұғалімдерге арналған арнайы курстарды бастады.
Бағдарлама аясында республика бойынша 10 мыңға жуық ұстаз оқудан өтеді. Оның ішінде биыл – 6 мың, ал 2026 жылы – 4 мың педагог дайындалады.

Қостанай облысында бұл курстар қыркүйек пен қараша айлары аралығында өтіп жатыр.Облыс мектептері мен колледждерінің 250 мұғалімі қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Сабақтарда дәрістермен қатар бейнесабақтар, практикалық кейстер және нақты өмірден алынған мысалдар қолданылады. Бағдарлама цифрлық қаржы, инвестициялық мінез-құлық және алаяқтықтан қорғану тәсілдерін қамтиды. Осылайша мұғалімдер алған білімін оқушыларға жеткізіп, олардың қаржылық сауаттылығын арттыруға үлес қосады.

«Жәбірленген жағдайда тікелей полицияға хабарлау немесе 102 нөміріне қоңырау шалу қажет. Банк шотынан ақша көшкен болса банкке дереу хабарлап, шотты бұғаттаңыз. Интернет‑алаяқтықтың барлық жазбаларын, скриншоттары мен аудио/видео материалдарын сақтап қою. Жеке деректер (карта мәліметтері, кодтар, парольдер) берілмегенін қадағалаңыз. Күдікті сайттарға, сілтемелерге өз бетімен кіруден бас тартыңыз», – дейді Қостанай облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Рашид Мадьяров.

Мұндай жағдайда дроп деген де түсінік бар. Ол алаяқтық схемаларда ақша немесе басқа қаржы құралдарын үшінші тұлға шоттарына аударып беретін адам. Яғни, олар алаяқтардың ақша қабылдаушысы ретінде жұмсалып, кейіннен ақша «таза» болып көрінуі үшін қолданылады. Осылайша дроппер болудың өзі қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін. Жаңа заңнамаға сәйкес ҚР ҚК 232 бабы 1 тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Былтырдан бері eGov порталы мен мобильді қосымшада «Стоп-кредит» қызметі іске қосылып, жұмыс істеуде. Оның көмегімен азамат өз атына несие немесе микронесие рәсімдеуге тұрақты түрде тыйым сала алады. Бұл бөтен адамдардың жеке деректер арқылы несие алуына жол бермейді. Қажет болған жағдайда тыйымды алып тастау да оңай.blank

            «Қаржылық сауатты болыңыз. Ол бос сөз емес. Ақша мен тәуекелдер туралы неғұрлым көп білсеңіз, соғұрлым қауіптен қорғала аласыз. Әр ақпаратты тексеріңіз, «жеңіл табыс» уәдесіне сенбеңіз. Себебі қаржылық қауіпсіздік ақшаңызды сақтап, жамандықтан қорғайды», — дейді Ұлттық банкі Қостанай филиалының директоры Ғалия Жұмабаева.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбілдің айтуынша, қаржы саласында азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

– Қаржы саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау – қазіргі таңда ең өзекті тақырыптардың бірі. Осы бағытта Парламентте екі жыл бойы жұмыс жүргізіліп келеді. Жаңа банк қызметі жөніндегі заң жобасы дайындалды. Ол 29 қазан күні Мәжілісте бірінші оқылымға шығарылады. Жаңа заң қабылданған соң банктердің қызметі мемлекет тарапынан қатаң бақыланады. Сондай-ақ алаяқтық әрекеттер орын алған жағдайда банктер де жауапкершілікке тартылатын болады, – дейді депутат.blankЕркін Әбілдің сөзінше, заң жобасына «қылықтық бақылау» принципі енгізілуде. Бұл бастама банк пен тұтынушы арасындағы қарым-қатынасты ашық әрі әділ етуге бағытталған. Егер осы принциптер бұзылса, банктерге үкімет тарапынан шаралар қолданылмақ.

            Айтолқын АЙҚАДАМОВА,

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

 Алаяқтардың құрбаны болмас үшін не істеу керек?

  • Құпиясөздеріңізді, SMS-кодтарыңызды және банк картасы деректерін ешкімге бермеңіз;
  • Күдікті сілтемелерге өтпеңіз, бейтаныс файлдарды жүктемеңіз;
  • Ақша аударуға асықпаңыз — алаяқтар көбіне эмоцияға әсер етеді,
  • Егер «мемлекеттік орган» немесе «банк» атынан хабарласса, сөйлесуді тоқтатып, ресми нөмірге өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз.

Деректеріңіз қолданылған жағдайда не істеу қажет?

  • Ең алдымен картаңызды дереу бұғаттаңыз, барлық парольдерді өзгертіңіз;
  • Банк үзінділерін тексеріп, күмәнді операциялар анықталса, банкке және полицияға хабарласыңыз.

Егер әлеуметтік желідегі аккаунтыңыз бұзылса, достарыңызға және таныстарыңызға міндетті түрде ескертіңіз.