Қазақстандағы астық дағдарысы: үкіметке жедел тапсырма берілді

Қазақстандағы астық дағдарысы: үкіметке жедел тапсырма берілді

Сенат депутаттары Қазақстан үкіметін елдің астық егетін солтүстік өңірлерінде төтенше жағдай жариялауға шақырды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ғауез Нұрмұхамбетов депутаттық сауалында Қостанай облысы шаруаларының мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, егін жинау жұмысы басталғанда ауа райы қолайсыз болған, Қостанай облысының барлық аумағында ұзақ уақыт жаңбыр жауды, жауын-шашын тамызда ғана нормадан 2,5 есе жоғары көрсеткішке жеткен.

“Егін жинау жұмысының кешеуілдеуіне байланысты, шығынға жол бермеу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары жоғары ылғалдылыққа қарамастан, дақылдарды бастыруға мәжбүр. Облыстың кейбір ауданында бұршақ аралас жауынның салдарынан егіннің біраз бөлігі үсіп кеткен. Ауа райының нашарлауынан егін жинау қиындап, астық сапасы төмендейді, өнімнің көп бөлігі сұрыпсыз, жемдік астыққа жатқызылады. Ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының төмендігі де жағдайды ушықтырып жатыр”, – деді сенатор.

Қостанай облысында сайлаушылармен кездесу кезінде депутатқа егіннің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныс келіп түскен. Осыған байланысты сенатор Нұрмұхамбетов министрлер кабинетінің басшысы Әлихан Смайыловтан мына мәселеге назар аударуды сұрады.

“Импорт тұқымды сатып алу және әкелу кезінде, ылғалды астықты жедел әкету және кептіру үшін шаруаларға қосымша құн салығын алып тастауды, егіс алқаптарынан қоймаларға және астық қабылдау кәсіпорындарына өнімді тасымалдау кезінде көлікке тиеуге қойылатын талаптарға мораторий белгілеуді, қазір 1 тоннаға 100 еуро мөлшерінде баж салығын көздейтін күнбағыс экспортына қойылған шектеуді алып тастауды ұсынамыз”, – деді сенатор.

Жаңалықтармен бөлісу