Қазақстанда Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні атап өтілуде

Қазақстанда Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні атап өтілуде

Елімізде жыл сайын маусым айының екінші жексенбісінде Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні аталып өтеді.

Бүгінде салада 18 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отырған 1,4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.Жеңіл өнеркәсіп саласы кейінгі бес жыл бойы тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 22,6%-ға артып, 259,5 млрд теңгені құрады. Өсімнің негізгі үлесі өндіріс көлемі 159 млрд теңгеге жеткен тоқыма өнеркәсібіне тиесілі болды.

2026 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 77,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 225,2%-ды құрады. Ең жоғары өсім тоқыма өндірісінде тіркелді – 46 млрд теңге (нақты көлем индексі – 296%).

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі саланы одан әрі өрістету мақсатында 2026-2030 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекіту бағытында жұмыс жүргізуде. Құжат отандық өндірушілерді қолдаудың жаңа тетіктерін енгізуді көздейді. Атап айтқанда, инвестициялар тарту, тоқыма өндірісін, шикізатты терең өңдеу ісін дамыту сынды мәселелер қарастырылады.

2023 жылдан бері «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы жеңіл өнеркәсіптегі жалпы құны 10,2 млрд теңгені құрайтын 6 жоба мақұлданып, қаржыландырылды.

2026 жылдың соңына дейін салада тағы 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.