Қаржы министрлігі кәсіпкерлерге салық есебін жүргізуге көмектесу үшін «Халық бухгалтері» акциясын бастайды. Бұл туралы ҚР қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Акцияның мақсаты – жеке кәсіпкерлер (ЖК) мен шағын бизнес субъектілеріне бухгалтерлік және салықтық есепті дайындау және тапсыру кезінде консультациялық көмек көрсету.
Ресми ресурстар арқылы онлайн-консультациялар жүргізілмек. Оған арнайы жеке Telegram-арнасы құрылады. Офлайн және онлайн вебинарлар, есепті кезеңдердегі тақырыптық консультациялық сессиялар ұйымдастырылады.
Акцияға кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, кәсіби бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері,
аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының мамандары қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
«Акцияны бірінші жартыжылдықта өткізуді ұсынамыз. Мемлекеттік кірістер комитеті өз тарапынан сервистік модельді енгізу және бизнес үшін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтеді», – деп толықтырды Мәди Такиев.
