Қазақстанда 326 лото клубының қызметі тоқтатылды (ВИДЕО)

Қазақстанда 326 лото клубының қызметі тоқтатылды (ВИДЕО)

ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Бас прокуратурамен бірлесіп, лотерея клубтарының атын жамылған заңсыз онлайн-казинолардың ірі желілерін таратты, деп хабарлайды Zakon.kz.

“Жедел шара қабылдау кезінде қылмысқа жол ашқан және ойын ғимараттарына қамқорлық жасаған, сондай-ақ лото клубтарының қызметкерлері мен клиенттеріне қатысты қылмыс жасаған криминалитет өкілдері басты назарда ұсталды. Заңсыз ойын әрекеттерінен басқа, күзетшілер мен әкімшілер VIP-клиенттер үшін интимдік қызметтер ұйымдастырған: “жеңгетайлық” және есірткіні қолдану фактілері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден астам адам жеткізілді. Қылмыстық схеманың сегіз негізгі ұйымдастырушысы, оның ішінде алыс-жақын шетел азаматтары ұсталды”, – дейді  ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқармасының бастығы Қуандық Алпыс.

Бүкіл ел бойынша лото клубтарының үй-жайлары мен кеңселерінде 570 тірту шаралары жүргізілді. 23 ату және травматика қаруы, 247 млн теңге ақша, 55 млн Ресей рублі, 125 мың доллар, сондай-ақ құжаттаманы, компьютерлік техниканы және мобильді құрылғыларды қоса алғанда, өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Операция нәтижесінде, бүкіл ел бойынша 326 лото клубының қызметі тоқтатылды. Шетелден басқарылып, Қазақстанда онлайн-казиноларды тікелей таратқан серверлер анықталып, бәрі бұғатталды, Әкімшілердің ойындар нәтижесін “қолмен” реттей алатыны анықталды. Ең ауқымды бірлескен арнайы операциялардың бірін жүргізуге ІІМ мен ҰҚК-нің 3 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылды. Бұрын жүргізілген сараптама ұсталған адамдардың заңсыз әрекетін растады.

“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орташа есеппен 300 млн теңге болатыны анықталды. Қаражаттың шамамен 70%-ы шетелге шығарылып отырған. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банктік шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түсіпті. Тергеуді Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіп жатыр. Қатысушыларға ұйымдасқан қылмыстық топты құру, басқару және оған қатысу айыбы тағылып отыр. Басқа мәліметтер жариялауға жатпайды”, – дейді Қуандық Алпыс.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 350 мыңға жуық ойыншы бар, олардың әрқайсысының орташа қарызы 10 млн теңгеге жуық. Елдегі құмар ойындар кесірінен ерлі-зайыптылардың ажырасуы, ойыншылардың өз-өзіне қол жұмсауы және түрлі құқық бұзушылықтарға бару деректері жиілеп кеткен. Полиция ойынға тәуелділік өзекті әлеуметтік мәселеге айналғанын және мемлекет бұл кеселмен күресуге ерекше назар аударатынын айтты.

Жаңалықтармен бөлісу