Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауылдық жерлерде тұрғын үй салу жөнінде жиналыс сайын жиі айтады. Өйткені, ең бірінші қарапайым еңбек адамына лайықты тұрмыстық жағдай жасау арқылы ауылды дамытуға болады. Мұндай игі бастама қазірдің өзінде облыстың көптеген ауданында қолға алынды.
Соның бір жарқын мысалы ретінде Қарасу ауданын айтуға болады. Мәселен, осы ауданға қарасты Қарамырза ауылдық округінің әкімдігі мен “Рамазан-Қарасу” ЖШС басшылығы арасында Қарамырза ауылын дамытуға арналған бірлескен меморандум жасалды. 2023 жылы кәсіпорын тұрғын үй салуға, ауыл көшелерін абаттандыруға, мерекелік және әлеуметтік іс-шараларды өткізуге 150 млн теңгеден астам қаражат бөлді.
Күні кеше ғана Қарасу ауданының әкімі Виктор Радченко, аудандық мәслихаттың депутаты Оксана Гончарова және “Рамазан-Қарасу” ЖШС директоры Владимир Масломен бірлесіп, шаруашылық қызметкерлеріне жаңа төрт бөлмелі үйлердің кілтін табыс етті.

“Мұндай игі бастама ауыл тұрғындарын, әсіресе, көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі маңызды қадам екені даусыз. Бұл ауылдың дамуына да үлкен ықпал етеді”,–деп атап өтті Қарасу ауданының әкімі Виктор Радченко.
Айта кету керек, мұндай ілкімді іске бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ұдайы назар аударып келе жатқан “Рамазан-Қарасу”ЖШС басшылығы ұйытқы болып отыр. Жалпы ауданы 320 шаршы метр болатын үш үйдің құрылысына ЖШС өткен жылы 85 млн. теңге бөлді.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Дмитрий Хомутских
Қарасу ауданы