Үкімет биыл шегірткенің жаппай таралып кетуінің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр. Бұл мақсатқа қосымша 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.
Үкімет резервінен үйірлі шегірткелердің жаппай таралуының алдын алуға 3,9 млрд теңге бөлінді. Олардың жайылымдарға зиянын тигізбеу шаралары барынша бақылауға алынатын болады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы дақылдарының жойылуынан сақтап, зиянды жәндіктердің көрші мемлекеттердің іргелес аумақтарына көшуіне жол бермеу үшін қолға алынып отыр. Шегірткелердің таралуы мүмкін барлық болжамды алаңдарда толық көлемді химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Елімізде соңғы жылдары үйірлі шегірткелердің таралу алаңының ұлғайғаны байқалған. дәлірек айтқанда, 2020 жылы – 514 мың га, 2021 жылы – 626 мың га, 2022 жылы – 975 мың га. 2023 жылы таралу алаңы 1 585 мың га болады деп болжанғанымен, іс жүзінде 1 616 мың га өңделді.
Бөлінген қосымша қаражат 1,3 млн га алаңда зиянкес үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады.
Еске сала кетейік, Қазақстан аумағында шегірткенің үйірлі (азиялық, италиялық және марокколық) және үйірлі емес түрлері таралған. Пестицидтерді сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері сынды үйірлі шегірткелерден қорғау іс-шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.