Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалында «Құқықтану» білім беру бағдарламасының студенттерімен «Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаның жаңашылдықтары» тақырыбында дәріс-сұхбат өткізілді.
Іс-шараны құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Атжанова Жанат Сабитқызы жүргізді. Дәріс барысында Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаның негізгі бағыттары, оның құқықтық мемлекетті дамытудағы, демократиялық институттарды нығайтудағы, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызы жан-жақты қарастырылды.


Сондай-ақ, еліміздің конституциялық-құқықтық жүйесіндегі өзгерістерге, мемлекеттік басқаруды жетілдіру мәселелеріне, азаматтық қоғамның рөлін арттыруға, сондай-ақ болашақ заңгер мамандардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Дәріс-сұхбат еркін пікір алмасу форматында өтті. Студенттер талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойып, Қазақстан Республикасының конституциялық дамуына қатысты өз пікірлерін ортаға салды.
Өткізілген іс-шара студенттердің теориялық білімдерін тереңдетуге, конституциялық құқық мәселелеріне кәсіби қызығушылығын қалыптастыруға және олардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.
