Қазақстан 2029 жылы «KazSat-3» спутнигін алмастыратын жерсерікті ғарышқа ұшырады

Қазақстан 2029 жылы «KazSat-3» спутнигін алмастыратын жерсерікті ғарышқа ұшырады

«KazSat-3» спутнигінің орнын басатын жаңа жерсерікті ұшыру 2029 жылға жоспарланған. Мұны Өзбекстан астанасында өткен «Space Technology Conference – 2026» іс-шарасында қатысқан ҚР Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Шүленбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

– «KazSat-3» спутнигін ауыстыру бойынша жұмыс басталып кетті. Атап айтқанда, жеткізушіні таңдау, тендер рәсімдері ұйымдастырылып жатыр. Біз оны 2029 жылы алмастырамыз. Ал «KazEOSat-1» және «KazEOSat-2» жерсеріктері жайлы айтатын болсақ, оларды пайдалану мерзімі 2021 жылы аяқталды. Дегенмен құрылғылардың қызмет уақытын ұзартып келеміз. Яғни, аппараттар жұмыс істеп тұр, сәйкесінше біз деректерді алып, ақпараттарды Қазақстанның мемлекеттік органдарына ұсынып отырмыз. Келешекте оларды MR спутниктер тобы алмастырады, – деп жауап берді Қуандық Шүленбаев Kazinform тілшісінің сауалына.