Қазақ тіліне қате аударылған сөздер

Қазақ тіліне қате аударылған сөздер

Аударма – аса күрделі сала. Оған жауапкершілікпен, ұқып, тиянақпен қарау керек. Тәржіма ісінде ұсақ қате деген болмайды. Ағат аударма нормаға айналып кетпеуі шарт. Кейде халықаралық терминдерді сыпырмай аудара берудің де қажеті жоқ. Бүгін «ТүзеТілді» айдарында сын садағына іліккен қате аудармалар туралы сөз қозғамақпыз.

  1. «Кіру», «шығу». Қандай да бір нысанның, ғимараттың есігінен «вход», «выход» / «кіру», «шығу» деген сөздерді үнемі көріп жүрген боларсыз. Мұны шалағайлау аударма дер едік. Бұл сөздердің тұйық етістіктен гөрі «кіріңіз», шығыңыз» деген мәнде тәржімаланғаны жөн секілді. Сосын, есіктердегі орыстың «от себя», «на себя» деген сөздерін «өзіңнен», «өзіңе» деп аударып қойғанбыз. Ал, негізінде, қазақтың оларды алмастыратын «итер», «тарт» деген етістіктері бар емес пе.
  2. «Ғаламтор» мен «интернет». Бүкіл әлем түпнұсқасында қолданатын «интернетті» қазақшалап алудың аса қажеті жоқ. Оның үстіне, «ғаламтор» сөзі «всемирная паутина» деген ұғымға жақынырақ келеді деп есептейміз. Тағы бір «тәржімашылардың» компьютерді «ақылжәшік» деп аударып жүргенін көзіміз шалды. Бұл да қолапайсыз аударма. Компьютер болып қалғаны дұрыс. Телефонды «сымтетік» деушілерге де қарсы уәж айтар едік. Жалпы, термин атаулыны оңды-солды аудара берудің керегі шамалы.
  3. «Адвокат» пен «қорғаушы». «Адвокат» бір ғана салаға, тек заң қызметкерлеріне қатысы бар термин болғандықтан, бұл халықаралық сөзді қазақ тіліне аударудың қандай қажеті бар? Қазақша «қорғаушы» деген аудармасы да дәл табылған дей алмас едік. Өйткені «қорғаушы» дегеніміз – «защитник». Оны «Отан қорғаушы», «қақпа қорғаушы» деген мәнде қолдансақ, әлдеқайда жарасымды.
  4. «Банан мен сарықисық». Бұл тропикалық жемісті бұрын қазақтар «мәуіз» деп атаған екен. Этнограф ғалым Жағда Бабалықұлының деректеріне сүйенсек, банан қазаққа бұрыннан жақсы таныс дәм болған көрінеді. Ал «мәуіз» атауының неліктен кең таралмай қалғаны белгісіз. Қазір бананды «сарықисық» деп аударып алып жүргендер бар. «Аспантатақ» деген баламасын оқып, тіптен жағамызды ұстадық. Ананас, лимон, мангоны қалай аударамыз онда? Қысқасы, бұл жемісті «банан» деп атай бергеніміз дұрыс. Әрі кеткенде, «мәуіз» десек, заманауи аудармаларынан әуездірек естіледі.
  5. «Қылтима», «меңгерік», «асқарпаз». Балкон аудармасы төңірегіндегі дау бұрыннан бар. «Қылтима» деген қазақшасы қытығына тиген әлдекімдер «самалдық» деген жаңа нұсқасын ұсынып жүр. Біздің ойымызша, латын тілінен тамыр алатын «балкон» сөзі сол қалпында қалғаны дұрыс. Енді біреулер «меңгерік» деген жаңа сөзді қолданысқа енгізуге тырысады. Мұнысы – «рульді» қазақшалағандағы кеп. Әбден сіңісті болып кеткен «рөл» сөзі жарамай ма, неге қиындата береміз? «Альпинистің» де аудармасы табылыпты. «Асқарпаз» деуіміз керек екен. Бірақ мұны аса сәтті тәржіма дей алмас едік. Соны «альпинист» деп қалдыра салсақ қайтеді?
  6. Тікелей аударма ағаттығы. Орыстар ұжымдық мерейтойды меңзеп «нам 25 лет» деп жатады. Мұны дәл сол қалпында «бізге 25 жыл» деп аудару бұлжымас әдетімізге айналған. Негізінде, «Әлдененің құрылғанына/ашылғанына 25 жыл» тұлғасында болуы керек. Бұдан бөлек, орыстар жиі қолданатын «якорьный проект», «якорьное предприятие» деген теңеу түріндегі сөз бар. Біз осыны да «зәкірлік жоба», «зәкірлік кәсіпорын» деп аудара саламыз. Асығыстық танытпай, «якорьныйдың» астарына үңілсек керек еді. Мұны қазақшалағанда «тірек жоба», «тірек кәсіпорын» деген секілді сөзбен алмастырсақ, мағына анағұрлым анығырақ бола түседі емес пе. Мұндай мысалдар, өкінішке қарай, өте көп…

Жаңалықтармен бөлісу