Қазақ тіліндегі калька сөздер

Қазақ тіліндегі калька сөздер

Құрметті оқырман! Бүгіннен бастап «ТүзеТілді» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Жобаның көздегені – қазақ тілін дұрыс қолдану дағдысын, сауатты сөйлеп, қатесіз жазу машығын қалыптастыру. Танымдық айдардың айтары, берері, үйретері көп болар деген үміттеміз. Олай болса, жобамыздың ізашар тақырыбы – қазақ тіліндегі калькалар. Мұнда сөзбе-сөз аудармаға ұшырап, салдарынан қате қолданылып жүрген сөздер мен тіркестерге тоқталамыз.

Қазақ тілінде сөйлеуде немесе мәтін жазуда бұрыс қолданылып жүрген сөздер мен сөз тіркестері өте көп. Олардың басым көпшілігі – орыс тілінен тікелей аударылған калькалар. Ал калька дегеніміз – біздің тілімізге, ділімізге жат, табиғатымызға келмейтін, түпнұсқадағы мәнімен қабылдана салған сөздер мен ұғымдар. Бұлардың тұтынысымызға дендеп енгені соншалық, өзімізге дұрыс әрі қолайлы секілді болып кеткен. Қазақ тілі заңдылықтарына сәйкеспейтін осындай ағат аудармалардың бірнешеуін мысалға келтіріп көрейік.

  1. «Болып табылады». Бұл тіркес орыстың «является» деген сөзінің тікелей аудармасы. Басқаларды былай қойғанда, қазір мұны журналистер лексиконынан да жиі ұшырастырамыз. Көзге түрпідей көрінетін осы бір кальканы қолданудан аулақ болған дұрыс. Мәселен, «Астана является столицей Казахстана» деген сөйлемді «Астана Қазақстанның астанасы болып табылады» деп аударуды қолайлы көріп тұрамыз. Ал, негізінде, ол «Астана – Қазақстанның астанасы» деп қана жазылуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, кез келген жағдайда «болып табылады» тіркесінің қызметін сызықша атқаруға тиісті.
  2. «Жұмыс жасады». Аталған тіркестің қате екені үнемі айтылып-жазылып жүрсе де, сын-ескертпеден нәтиже болмай келеді. Ендеше, біз мұны тағы да қайталайық. «Жасау» сөзі қолдан жасалатын немесе құрастырылатын заттарға байланысты қолданылады. Мысалы: құмыра жасау, есік жасау, т.б. Ал жұмыс жасалмайды, істеледі. Демек, дұрысы «жұмыс істеу» болуы керек.
  3. «Тәуекелге бару». Бұл да орыс тілінен сөзбе-сөз аударылған. «Идти на риск» деген сөздің калькасы. Қазақ тілінде «тәуекел ету» деп айтылып, жазылуы шарт.
  4. «Өз кезегінде». Біздің етіміз әбден үйреніп кеткен сөздердің бірі осы. Орыстардың «в свою очередь» деген тіркесінің көшірмесі. Сөйлемнің басын «өз кезегінде» деп бастауға үйірміз. Шынын айтқанда, бұл қыстырманың ешқандай мән-маңызы, атқарар қызметі жоқ. Мысалы: «Өз кезегінде, ол баяндама жасады» деген сөйлемнен калька қыстырманы алып тастағаннан мағына өзгермейді. Демек, бұны да әлдеқашан «архаизмге» жіберуіміз керек еді.
  5. «Орын алды». Бұл да сөйлем құрау дағдымызға дендеп кіріп алған тіркес. Оқиғамыз да, іс-шараларымыз да «орын алып» жүр. Орыс тіліндегі «имел место» деген сөздің аудармасы. Көбіміз ана тілімізден «орын алдының» орнын басатын сөз таппай қиналатын секілдіміз. Шынтуайтында, оқиға, іс-шара орын алмайды, болады, өтеді. Орынды жарысқа, байқауға қатысушылар ғана алады. Мысалы: «Өрт орын алды» емес, «өрт болды».
  6. «Қатысуымен» және «бойынша». Осы екі сөз көп жағдайда орынсыз, ретсіз қолданылады. 1.Орыс тіліндегі сөйлемде «с участием» деген сөз бар болса, оны үнемі қалдырмай қолдану міндетті емес. Мәселен, «В Костанае произошло дорожное-транспортное происшествие с участием автомобиля «Мерседес» деген сөйлемді қалай аударып жүрміз? «Қостанайда «Мерседес» көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды» деген аударма қабылдана беретін болды. Қазақ тілінің табиғатын осылай бұзамыз. «Қостанайда жол апаты болды. Онда «Мерседес» көлігінің соғылғаны анықталды» деп екіге бөле салсақ қайтеді? «Қатысу» етістігін әр жерге қатыстыра бермеу керек. 2. Орыс тілінің сөйлем құрау тәртібінің жетегінде кеткенімізді дәлелдейтін тағы бір деталь – олардың «по» дейтін демеулік сөзін, келсін-келмесін, «бойынша» деп қана аударатынымыз. Мысалы, «Қостанай облысы бойынша департаменті» («департамент по Костанайской области»), «Жастар ісі бойынша комитеті» (комитет по делам молодежи) деген сөйлемдерді алайық. Бұл жерде «жөнінде» деген сөз сұранып тұр емес пе. Қандай тілден аударсақ та сөйлемді қазақы түсінікке салып, қазақша ойланып жазайық.
  7. «Бөлісу». Қазір осы бір қимыл есімі арқылы жасалатын тіркестерді кәрі-жастың бәрі сәтсіз қолданып жүр. «Пікірімен бөлісті», «тәжірибесімен бөлісті», «қуанышымен бөлісті» деген сөздерді күнде естиміз, оқимыз. Негізінде, бұл тіркестер көмектес септік жалғауымен жасалмауы керек. Табыс септік жалғауы арқылы «пікірін бөлісті», «тәжірибесін бөлісті», «қуанышын бөлісті» делінуі қажет. Өйткені бұл жерде адам «қуаныштың» өзін бөлісіп тұр. Егер «қуанышымен» тағы бір нәрсені бөліссе, онда әңгіме басқа. Қысқасы, дұрыс нұсқаға қайта оралуымыз керек.

Қазақ тіліндегі калька мәселесі өте өзекті болып тұр. Орыс тілінен орашолақ, сөзбе-сөз аудару кеселінен құтыла алмай келеміз. Екі тілдің синтаксистік құрылымы екі басқа екенін ескеру керек. Ана тілінің болмыс-бояуын бұзбауға әрқайсымыз жауаптымыз.

Жаңалықтармен бөлісу