Қазақ руханияты мен ұлттық мүдде – ашық диалогтың өзегі

Қазақ руханияты мен ұлттық мүдде – ашық диалогтың өзегі

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса Қостанай облысына жұмыс сапары барысында қазақ руханиятының қарашаңырағы саналатын «Қостанай таңы» газетінің редакциясына арнайы келіп, зиялы қауым, шығармашыл орта өкілдерімен кездесті.

Ашық форматта өткен жиында ұлттық мүдде, тіл, Алаш мұрасы мен өңірдің рухани жаңғыруына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Газеттің директор-бас редақторы Кенжеш Оразғалиқызы депутатқа алғыс білдіріп, қарашаңырақ атынан сый-сияпатын табыс етті.

басқосуда ұлттық идея мен ақпараттық кеңістіктегі қазақ баспасөзіне қатысты түйткілдер талқыланып, ұсыныстар ортаға салынды.

blank

Қазыбек Иса өз сөзінде сапардың негізгі бағыты – Торғай өңірі болғанын айта келе, бұл аймаққа келген сайын «Қостанай таңы» сынды қазақ руханиятына қызмет еткен басылымға ат басын бұруды игі дәстүрге айналдырғанын жеткізді.

«Біз Парламентте әлеуметтік, мәдени, идеологиялық мәселелермен айналысатын комитет мүшесіміз. Торғай жеріне келгенде Ахаң мен Жақаңның басына арнайы барып, сол жолдың жағдайын көзімізбен көрдік. Қазір жол салынып жатыр, тойға дейін бітіп қалар деген үміт бар», – деді ол.

Депутат Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне атсалысатынын айтып, бұл тойдың облыстық деңгейде қалып қоймауына байланысты депутаттық сауал жолдағанын мәлімдеді. Сонымен қатар мемлекеттік тіл мәртебесі, латын әліпбиі мен ұлттық идеология мәселелері де күн тәртібінде тұруы тиіс екенін баса айтты.

blank

 «Біздің алғашқы депутаттық сауалымыз – тіл, Алаш, ұлттық идеология. Бұл біздің бағытымыз. Мемлекеттік тіл туралы заң керек. Бұл – қауіпсіздік мәселесі», – деді депутат.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов  Міржақып Дулатұлына ескерткіш орнату, 140 жылдыққа 140 шара өткізу, жол мәселесін шешу, Торғай музейін жаңғырту сияқты бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Рухани көсемге арналған ескерткіштің соңғы нұсқасы бекітіліп, Қостанай қаласындағы Міржақып көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысына орнату жоспарланғанын мәлімдеді.

blank

«Бүгінде Міржақып Дулатұлының ескерткішіне қатысты ресми шешім шықты. Соған сәйкес, Қостанай қаласынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне арналған ескерткіш орнатылады. Оның орнатылатын орны – Міржақып Дулатұлы көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысындағы алаң, облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасы арасындағы саябақ болмақ. Бұл – символдық мәні бар орын»,  – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Мерейтойлық іс-шаралар қыркүйек айының басына, нақтырақ айтсақ 5 қыркүйекке жоспарланып отыр. Бұл күнді  облыс көлемінде өтетін негізгі салтанатты шаралардың шарықтау шегі десе де болады. Жалпы, мерейтой мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан. Осыған орай 140 іс-шара бекітілді және олардың бірқатары өткізіліп те үлгерді.

Инфрақұрылымдық жобалар да қатар атқарылуда. Қызбел мен Бидайық арасындағы жол жөнделіп жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы ауылы бағытындағы жолды көктемгі су тоғыз жерден бұзып кеткен. Қазір қайта қалпына келтірілуде. Ақкөл жақтан 50 шақырым жолды «Алюминстрой» компаниясы қолға алып отыр. Тойдағы маңызды бағыттардың бірі – Торғай селосында өтетін ғылыми-практикалық конференциялар, республикалық ақындар айтысы, спорттық жарыстар сияқты мазмұнды шаралар өткізу. Бұл тек мерекелік сипаттағы іс-шаралар ғана емес, елдік маңызы бар, ұрпақ санасына Алаш мұрасын сіңіретін тәрбиелік мәні зор жиындар болмақ.

Газеттің ардагері Жайберген Болатов бүгінгі қазақ газеттерінің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, газетке лот бөлу жүйесін қайта қарау, журналистерге шығармашылық еркіндік беру, Парламент аппаратында сараптама орталығын құру туралы нақты ұсыныстарын білдірді.

blank

«Газетте қырық жыл жұмыс істедім. Өмірімде мынадай депутаттың отыруын өз басым алғаш рет көріп отырмын. Сол үшін сізге алғыс білідіремін. Айтайын дегенім, қазақ газеттерінің жағдайы қазір алаңдатарлықтай. Қанша дегенмен, заманға ешкім қарсы тұра алмайды. Блогер, интернет желілері бәрібір газетке жетпейді. Газетке дәстүр бойынша жылда лот бөлінеді. Соны сәл басқа бір жолдармен азайтып,  журналистерге кеңірек тақырыпты қозғауға мүмкіндік берілсе құба-құп болар еді. Бұл жақсы ой тудыруға себеп болады. Екіншіден, біліктілікті арттыруға жол ашады. Сосын таралым мәселесі де қазір өте қиын.  Газеттің тірегі ауылда болғандықтан, сол жақтарға көбірек тарату жолына  көңіл бөлінсе. Ол үшін Парламент аппаратында сараптау орталығын құру қажет болады», – деді Жайберген Болатов.

Ардагер журналист Нәзира Жәрімбет қандастар тақырыбын сөз етті.

blank

«Рудныйда бұрын  бір мектепке бала санын толтыра алмайтын. Қазір үш-төрт оқу орнының өзіне бала сыймай жатыр. Жаңа оқу жылында осы мәселеге байланысты ата-аналар хабарласып жатады. Болмағасын, орыс мектептерінің босап қалған орындарында оқытып жатыр. Оның  жақсы бір тұсы, облыста қазақ тілінің қолданыс аясын кеңеюіне осы қандастардың әсері мол болып отыр. Қазір қала қазақша сөйлеп тұр. Бізге Өзбекстан елінен қандастар көп келеді. Олардың жоқ дегенде үйінде үш баладан бар. Менің ұсынысым, қандарстарға берілетін квотаны кбейтсе», – деді Нәзира Жәрімбет.

Ал ақын, ғалым Ақылбек Шаяхмет тұлғалар есімін жаңғырту, атап айтқанда Елдос Омаров сынды ұлт қайраткерлерінің есімін дәріптеу керектігін қозғады. Зиялы қауым өкілдері тарапынан маңызды ұсыныстарды депутат назарына алып, мінберлерде көтеретінін айтты.

blank

Бұл кездесу – елдік мәселені, тіл мен тарихты, мәдениет пен ақпарат саласын бір арнада тоғыстырған мәнді диалог болды. Тарихи тұлғалардың рухын ұлықтап, елдік мұрат жолындағы нақты бастамаларды қолдауға арналған кездесу барысында көтерілген ойлар мен ұсыныстар алдағы жұмыстарға бағыт-бағдар береді деген сенім бар.

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков