24 июня, 2025
Қазақ қызының әлемдік танымын айшықтаған азамат

Қазақ қызының әлемдік танымын айшықтаған азамат

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде экономика ғылымдарының докторы, белгілі қоғам қайраткері Берлин Кенжетайұлы Иришевпен мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға университет басшылығы мен оқытушылар құрамы, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесудің басты мазмұны – тек ғылым мен экономика саласы төңірегінде ғана емес, ұлттық болмыс, қазақ мәдениетінің әлемдік аренадағы көрінісі жайында өрбіді. Берлин Иришев өзінің кәсіби жолындағы бай тәжірибесімен бөлісе отырып, қазіргі таңда қазақ руханиятына бет бұрғанын, әсіресе қазақ әйелінің әлемдік деңгейдегі бейнесін дәріптеуге ден қойып жүргенін атап өтті.

Иришев мырза Dior сән үйінің музасы болған Алла Елшіннің қазақ қызы екенін әлемге алғаш жария еткен тұлғалардың бірі. Осы тақырыпты арқау еткен «Восточная жемчужина Алла» атты деректі фильмі туралы кеңінен айтып, кезекті Алла жайлы жазылған еңбегін университет кітапханасына авторлық қолтаңбасымен тарту етті.

Кездесу барысында сөз алған ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхмет:

«Берлин ағамыз – тек экономика мен банк саласының ғана емес, қазір руханияттың да жанашыры. Оның ұлттық мәдениетке қосып жатқан үлесін біз жоғары бағалаймыз. Өзімнің “Жітіқара” атты кітабыма ағамыздың өмір жолын арқау еттім. Бұл – құрметтің белгісі», – деп, еңбегін сыйға тартты.

Университет ректоры  Сейітбек Қуанышбаев кездесуде жылы лебізін білдіріп:

«Сіз секілді елге еңбегі сіңген азаматтың университет қабырғасында болуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Өмір жолыңыз – ұрпаққа үлгі. Осы кездесудің естелігі ретінде университет атынан арнайы естелікті табыс етуге рұқсат етіңіз», – деді.

Берлин Кенжетайұлымен өткен бұл мазмұнды кездесу – тек өмір жолына шолу емес, ұлттық рухты көтеретін, терең ой мен тағылымға толы басқосу болды.

Ерекше атап өтерлік жайт Берлин Иришевтің қазақ әйелінің бейнесін әлемге танытудағы еңбегі. Бұл бағыттағы ізденістері қазақ әйелінің тек тұрмыстық бейнемен шектелмейтінін, оның әлемдік өнер мен мәдениетте де өзіндік орны бар екенін дәлелдейді.

Ақмоншақ Дүйсенбек,

ҚӨУ студенті