Қазақ-қырғыз бір туған

Қазақ-қырғыз бір туған

Бауырлас ұлттың өкілі, талантты режиссер

әрі актер Баатырбек Шамбетов жайлы бір үзік сыр

 Ұлы тұлғалардан тағылым алған

Қазақ-қырғыз бір туған деп босқа айтылмайды. Бауырлас екі халықтың арасындағы достық қарым-қатынас ежелден қалыптасқан. Олардың тілі де, діні де, салт-дәстүрі де бір-біріне өте ұқсас. Құда-құдандалы болып жатқандары да баршылық.

Егер өткен тарихымызға көз жіберсек, қос ұлттың ұлы тұлғалары да бір анадан туғандай сыйласқан. Мәселен, алысқа бармай-ақ қазақтың біртуар перзенті Мұхтар Әуезов пен дарынын күллі әлем мойындаған Шыңғыс Айтматовтың арасындағы түсіністік ерекше-тін. Мұндай жарқын мысалдарды шығармашылық адамдары арасында көптеп кездестіруге болады.

Қалың жұртшылықтың есінде болар, Қостанай шаһарында көрнекті тұлға, кезінде мәдениет министрі және басқа да лауазымды қызметтерді атқарған, руханиятқа жаны жақын Ілияс Омаровтың есімі берілген қазақ драма театры жұмыс істейді. Бүгін осы өнер ордасының көркемдік жетекшісі, жастардың тәлімгері Баатырбек Шамбетов жайлы сыр шертпекпіз. Әрине, кімге болсын өзінің кіндік қаны тамған топырақ ыстық көрінетіндігі ақиқат. Сондықтан оған тоқталмай өте алмаймыз. Бұл киелі мекен әрқашанда жүрегіңнің бір түкпірінде сақталары хақ.

Баатырбек інім өзімен кездескен сәтімде есіне балалық балдәурені өткен қимас ата мекені түсті ме, кішкене терең ой үстінде қалды. Содан кейін іле әңгімесін жалғастырып кетті. Кейіпкерім көршілес жатқан Қырғызстанның Ыстықкөл облысына қарасты Балықшы деп аталатын шаһарда дүние есігін ашты.

Бір өкініштісі, тағдырдың жазуы солай болды ма, әкесі Рысқұл өмірден ерте өтті. Алтын асықтай перзентінің үлкен азамат болып, мәдениет саласындағы бағындырған асулары мен көтерілген жетістіктеріне куә бола алмады. Алайда, өнер қайраткерін жастайынан қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай алақанына салып өсірген аяулы анасы Майрамкүлдің бұл үшін орны қашанда бөлек. Отағасы бастан өткермеген қызықты бұл тіршілікте көріп, немерелерінің  бақытына бөленді.

Бәкең жұмыс ыңғайына қарай туған жерден шалғайда жүрсе де, балдырған кезінің жарқын ізі қалған қалада тұратын 63 жастағы шешесінің хал-жағдайын біліп, қолдан келген қамқорлығын жасайды. Жылы сөзімен рухын көтереді.

Баатырбек сағымдай бұлдырап артта қалған яғни мектептегі оқушы болса да руханиятқа айрықша құштарлық танытты. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан қырғыз ағайындардың бетке ұстар, ұлттық мақтаныштары-мәдениет саласы тарландарының туындыларымен сусындап, ертең ер жеткенде солардай білікті мамандық иесі атансам деп қиялға беріліп, үлкен армандарға талпынатын.

1995 жылдың жылы шуағын шашып тұрған жаз айы еді. Небәрі 17 жастағы бозбала бағын сынап, құжатын сол кездегі Қазақ мемлекеттік театр және кино институтына тапсырды.

Еліміздегі өнер майталмандарын дайындайтын жоғары оқу орны болғандықтан барлық аймақтардан өзі секілді келген талапты жастар да аз емес-ті. Содан ол кино факультетінің студенті болып қабылданды. Әрине, ол уақыттағы жас жігіттің қуанышын тілмен айтып жеткізе алмайсың.

Институттың басшысы қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар халық әртісі, көрнекті кино режиссер әрі қаламгер Талғат Теменов еді. Дәріс беретін профессорлар мен оқытушылар қауымы да есімдерін қалың жұртшылық мойындаған дарын иелері-тін.

Бұл жерден Баатырбек ініміз театр және кино актері мамандығын алып шықты. Бақытына орай ұстаз болып талантын барша бауырларымыз бағалайтын, көптеген шәкірттерді түлетіп ұшырған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек бекітілді.Төрт жыл бойы танымал тұлғаның шеберханасында оқыды.

Шеберлік деген бір шың бар

Студенттік жылдар да артта қалды. Өзі қалаған актерлік мамандығын үздік тәмәмдады. Өзінің жастық шағы өткен Ыстықкөл облысындағы Қасымалы Жантошов атындағы драмалық театрда еңбек жолын бастады.

Жас жігіт үшін бұл кезең нағыз шыңдалу мектебіне айналды. Бірақ жоғары оқу орнында өзін білім нәрімен суындатқан әрі мұның бойындағы дарын ұшқынын жетік білетін тәлімгері Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл шаһарындағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрына директор әрі көркемдік жетекші болып тағайындалуына байланысты мұны өнер ұжымына қызметке шақырды. Өзін актерлік кәсіпке баулыған тұлғамен бірге қызмет ету бақыты бұйырды. Сөйтіп, Ресеймен көршілес жатқан өңірдегі өнер ордасында шеберлігін шыңдады. Жергілікті ағайындар да мінезі көпшіл, бауырмал да мейірман азаматты жатсынған жоқ. Өз қызметінің қыры мен сырын жетік білетін білікті маман сол қалада жиырма жылдан астам беріле жұмыс істегенін өзі де сезбей қалды. Мұндағы әріптестерімен тіл табысып, бір үйде туған бауырлардай болып кетті. Жоғарыда аталған мерзім ішінде талай образдарды сомдады. Ол осындағы талғампаз қауымның жадында сақталып қалды. Негізгі қызметінен қол үзбей жүріп, Қырғыз мемлекеттік өнер институтының драма режиссері бөлімін тәмәмдады. Содан кейін білім мен таным көкжиегін кеңейту мақсатында Ресейдің Санкт-Петербург мемлекеттік театр өнері академиясында да осы саладағы біліктілігін жетілдірді.

Кешегі актер көргені мен жинақтаған тәжірибесіне сүйене отырып, режиссерлік жауапкершілігі өте мол жұмысты да батылдықпен қолға алды. Солтүстік Қазақстандағы Сәбеңнің есімі берілген театр Баатырбек бауырымыздың бойындағы табиғи талантын жарқырата көрсетуге толық мүмкіндік туғызды. Ұжымның сенімін ақтап, сахнада талай драмалық шығармаларды сәтті қойған ол 2012 жылдан бері бас режиссер лауазымын абыроймен атқарды. Жаны жайсаң азамат жергілікті ағайындарға әбден бауыр басып қалғанымен, Қостанай облыстық драма театрының бұрынғы басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзаханның шақыруымен бұл ұжымдағы қызметіне тыңғылықты кірісті. Сол қоңыр күзден бері театр ұжымын ортақ мақсатқа жұмылдыра білудің нәтижесінде есте қаларлықтай шығармаларды сахнада қоя білді. Осы арада сөзіміз нақты болу үшін солардың бірқатарына қысқаша тоқталып өткеніміз жөн болар. Мысалы, бұл күндері қазақ елінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аса дарынды қаламгер Төлен Әбдіковті кім білмейді. Сол көркем сөз зергерінің «Өтелмеген парыз» деп аталатын спектаклін көрермендердің жүрегіне жеткізіп, терең ой салды. Сондай-ақ А.П.Чеховтың «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы» деп аталатын комедиясы режиссердің нағыз қолтаңбасын көрсететін туынды ретінде қостанайлық зиялы қауымның назарын аударды. Жұртшылық өте жылы қабылдады. Ұлтымыздың біртуар ақыны әрі сазгері Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» Қазақстанның Еңбек Ері, атақты композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналғаны жұртшылыққа белгілі. Ол да көркемдік жетекшінің біліктілігі мен жауапкершілікті жоғары сезінетін қабілет-қарымының арқасында жерлестеріміздің ыстық ықыласына бөленді. Осы аталғандармен қатар есімі республикамызға жақсы таныс Армиял Тасымбековтың «Алжир» реквием-жоқтауы да театрға келушілерді өзінің жан дүниеңе ерекше ықпал ететін терең мазмұнымен ұзақ сақталары хақ. Басқа да қаншама спектакльдер көрермендердің есінде қалды.

Балалары қазақ мектебінде оқиды

Ғұмырын актерлік, содан кейін режиссерлік мамандыққа түпкілікті бағыштаған бауырымыз өткен жылдар ішінде оның үздіксіз ізденіп, тынымсыз аянбай тер төге білуінен де шығар, сахнада қойылған үш спектаклі республикалық және халықаралық фестивальдерде топ жарды. Оның бәрін бір мақалада баяндап шығу мүмкін емес. Еңбегіне қарай бірқатар мәртебелі атақтары мен сыйлықтарға ие болды.

Режиссер өзіне әрдайым биік талғампаздықпен қарайды. Актерлерден де сондай тың ізденістер мен жаңалықты, шеберлікті талап етеді. Қостанайдағы шамалы уақыт ішінде мұндағы қабілетті жастардың шынайы тәлімгеріне айналды. Жергілікті азаматтар Баатырбек пен оның жан-жары Аида Супатаева қарындасымыздың өнер үшін туылған жандар екендігін айтудан жалықпайды. Ерлі-зайыптылар кезінде театр және кино институтында бір топта оқыды. Келініміз де Қырғызстанның Ақсу ауданының тумасы. Жас жұбайлар екеуі көңілдері жарасып, 1999 жылы жеке шаңырақ көтерген-ді. Аида да азаматымен бірге еңбек жолын Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрында бастады.

Туа бітті қабілет иесі де күйеуі секілді тәжірибелі маман. Сахнаның қыры мен сырын әбден меңгерген. Мұнда да қысқа мерзім ішінде өзінің зерделілігімен, парасаттылығы және рөлдерді шынайы сомдауымен көрермендердің алғысына бөленді. Олар ата-ана ретінде үш перзенттерінің келешегіне айрықша көңіл бөліп, тәлім-тәрбиесін басты назарда ұстайды.Тұңғыштарының есімі Бегімай, одан кейінгі Нұрсұлтан мен Бексұлтан да әке-шешесінің көз қуанышы. Үлкендері сонау туып өскен өңірдегі анасының қолында болса, қалған екеуі Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқиды.

Қазіргі таңда туыстас қырғыз халқының өкілі Баатырбек Шамбетов ұлтымыздың аса сыйлы бір ұлындай болып кетті. Оның алдына қойған басты арманы – қазақ өнерін асқақтатып, жарқын талантымен биік шыңдардан көріну.

 

Оразалы Жақсанов,

мәдениет қайраткері

Жаңалықтармен бөлісу