9 июня, 2025
«Қазақ ауылы» жобасында ұлттық құндылық қайта жаңғырды

«Қазақ ауылы» жобасында ұлттық құндылық қайта жаңғырды

Аманкелді ауданында ұлттық тәрбие мен рухани мұраны дәріптейтін маңызды мәдени-білім беру жобасы – «Қазақ ауылы» өз жұмысын бастады. Бұл жоба «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, қазіргі заманғы балаларға қосымша білім беру кеңістігінде ұлттық дәстүр мен тарихи танымды жаңғыртуға бағытталған.

Жобаның ашылу салтанаты Батпаққара жеріндегі «Тәж-Торғай» туристік кешенінде өтті. Іс-шараға облыстық деңгейдегі қонақтар, аудан тұрғындары, педагогтар мен жас ұрпақ өкілдері қатысты. Салтанатты жиынның шымылдығын жүргізушілердің ұлттық рухпен өрілген жырлы сәлемі ашты.

Іс-шараны Аманкелді ауданы әкімінің орынбасары Сақан Төленов құттықтау сөзімен ашып, жобаның аудан үшін маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде:

«Қазақ ауылы» – рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Бұл – ұлт болмысын бүгінгі ұрпақпен сабақтастыратын тірек алаң,» – деп атап өтті.

Шараға арнайы қатысқан елімізге белгілі меценат, 125 елде болып, Қазақстан мәдениетін әлемге танытып жүрген жерлесіміз Сапар Ысқақов жобаның мазмұны мен болашағына ерекше ықылас танытып, ұлттық тәрбие мәселесі туралы маңызды ойларымен бөлісті.

«Қазақтың бай рухани мұрасын ұрпақ жадында сақтап қалудың бір жолы – осындай жобалар. Ауылдың болмысын, салттың сәнін көзімен көрген бала – ел мен жердің қадірін білетін азамат болып өседі», – деді Сапар Ысқақұлы.

Салтанатты шара барысында 50 қобызшы мен 50 домбырашының орындауындағы күй шеруі көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Қазақтың күй өнері мен киелі қобыз сарыны салтанатты сәтке ұлттық леп берді.

Сонымен қатар Аманкелді ауданы білім бөлімінің басшысы Мұрат  Дихамбаев жобаға әдістемелік-танымдық тұрғыдан баға беріп, мұндай тәжірибенің бүкіл өңірге үлгі бола алатынын жеткізді.

Қонақтар кейін арнайы жабдықталған «Қазақ ауылы» жобасымен танысты. Мұнда ұлттық киіз үй тігілген, этнографиялық жәдігерлер мен тұрмыстық бұйымдар қойылған. Балалар мен жастар өз қолымен дайындаған ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдары, шеберлік сыныптары – барлығы кешенді түрде ұсынылды.

Қазақтың салт-дәстүрін сахналық қойылым арқылы таныстыру, ұлттық ойындарды  насихаттау – шараның тәрбиелік, танымдық құндылығын арттыра түсті.

«Қазақ ауылы» жобасы – ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді болашақ ұрпаққа жеткізудің ерекше жолы. Аманкелді ауданында өткен бұл игі бастама – ауыл болмысын жаңғыртып, ел рухын асқақтататын ұлағатты іс. Бұл жобаның алдағы уақытта да кеңейіп, басқа да өңірлерде жалғасын табары анық.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Аманкелді ауданы