Қостанайда Ішкі істер органдары ардагерлері арасында Қазақстан Республикасының ІІМ құрметті ардагері, полковник Қаумен Шалабаевич Мақаевты еске алуға арналған бильярдтан турнир өтті.
Бұл спорттық іс-шара тек жарыс қана емес, сонымен қатар Қостанай полициясының тарихында айрықша із қалдырған тұлғаға деген құрметтің белгісі болды.

Турнир «Шеффилд» бильярд клубында өтіп, өңірдің түкпір-түкпірінен келген ардагерлерді біріктірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – ішкі істер органдарының ардагерлерін ұлықтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
– Қаумен Шалабаевич нағыз кәсіби маман, ақылшы және жүрегі кең жан еді. Ол көптеген әріптестеріміз үшін адалдық пен қызметке берілгендіктің үлгісі болды, – деді Қостанай облысы Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапабек Құлбеков.
Қаумен Шалабаевичтің жұбайы Бибисара Мақаева да турнирге қатысқандарға алғысын білдірді:
– Біздің отбасымыз үшін Қаумен Шалабаевичті ұмытпай, есімін еске алып жүргендеріңіз – үлкен қуаныш. Ол әрдайым полицияның күші – бірлікте екенін айтатын. Бүгін осында жиналып, оны жылы сөзбен еске алып, достықты жалғастырып отырған баршаңызға ризашылығымды білдіремін, – деді ол.
Турнирдің ашылуында қатысушылар Қаумен Мақаевтың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Достық пен сыйластыққа толы атмосферада ардагерлер қызмет жылдарындағы естеліктерімен, бірлескен кезекшіліктер мен операциялар жайында әңгімелесті.
Жарыс спорттық бәсекелестік пен адал ойын рухында өтті. Көп жылдық тәжірибе мен сабырлылық бильярд ойынында да өз жемісін берді. Қатысушылар дәлдік пен зейінділік танытып, шынайы спорттық жігер көрсетті.
Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды:
Бірінші орынды Ерболат Кішкентаев пен Ермек Котушев иеленді.
Екінші орынды Нұрсейт Әбдіров пен Артём Сурайкин алды.
Үшінші орын Естай Байқасов, Юрий Шек, Мираш Жұмашев және Константин Костюкевичке бұйырды.
Жеңімпаздарға кубоктар, дипломдар және естелік сыйлықтар табыс етілді. Алайда турнирдің басты жетістігі – ардагерлердің қайта бас қосып, әріптестерін еске алу мүмкіндігі болды.
Темірдей төзімділік пен кең жүректі тұлға – Қаумен Мақаевтың есімі әріптестері мен достарының жүрегінде мәңгі сақталады. Ұйымдастырушылар турнирді жыл сайын өткізу дәстүрге айналатынын атап өтті.
