Қаржы пирамидаларымен күресудің қандай амалдары бар?

Қаржы пирамидаларымен күресудің қандай амалдары бар?

Талайды сан соқтырған, қаншама өмірді жалмаған қаржы пирамидасы жайлы білмейтін адам кем де кем. Көл көсір ақшаның астында қаламын деп көз жасын тия алмай жүргендерді көріп жүрміз. “Қаржы пирамидасы” деген алаяқтардың алаңы екенін білсе де әлі күнге дейін оның шырмауынан шыға алмай жүргендер бар. Оның басты себептерінің бірі, халқымыздың қаржылық сауаттылығының төмендігі болып отыр.

Заман өзгерген сайын қаржы пирамидалары да түрленуде. Алаяқтар өздерін белгілі бір кеңсе адамы, банк немесе байланыс желілерінің қызметкері ретінде таныстырып, өз айлаларын іске асырады. Не болмаса, халыққа керекті тауарларды қолжетімді бағада ұсынып, түсініксіз заттарды жарнамалаумен әлек.

Аңқау тұрғындар тез әрі оңай ақша туралы уәдеге алданып қалады. Қаржы пирамидаларының басты мақсаты – бастапқы төлем алу. Олар желілік маркетинг, әлеуметтік желіге хабарлама немесе сілтеме жіберу арқылы жұмыс істейді. Яғни, олар ғаламторда өте белсенді. Қаржылық пирамидаға басшылық еткен адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217 бабы бойынша, мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, аталған қызметті жарнамалап, көмектескен адамға әкімшілік жаза да қарастырылған. Ол жеке тұлғаға 150, ірі кәсіпорындарға 600 айлық көрсеткіш есебіндегі айыппұл.

Қаржы пирамидаларының алдын алу, сондай-ақ, олардың қалыптасуы мен дамуына жол бермеу мақсатында
Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті “Аймағамбет қажы Спанұлы” атындағы орталық мешітте Қостанай және Тобыл қалаларының діни өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шара халық арасында алаяқтықтың түрлерімен, қаржылық сауаттылықтың негізгі ережелері туралы түсінікті қалыптастыруды, олармен күресу жолдарын анықтауды мақсат етті.

Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департамент басшысының орынбасары Әлібек Есенайұлының мәліметінше, халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында жоғары және орта оқу орындарында, сондай-ақ қаланың еңбек ұжымдарында қаржылық сауаттылық бойынша жұмыстар атқарылуда.

– Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Осы жылы Департамент”BestWay”,”LifeIsGood”,” PlatinCoin”,” QNet”,” Hermesmanagement LTD ” қаржы пирамидалары қызметінің жолын кесті. Департаменттің бұл жұмысы жалғасуда, алайда бір құқық қорғау органының күшімен бұл жағымсыз құбылыс жойылмайтыны анық,– дейді ол.

 

 

 

Диана Батырбек

Жаңалықтармен бөлісу