«Қарғыс арқалағымыз келмейді». Қала әкімі қауесетке жауап берді

«Қарғыс арқалағымыз келмейді». Қала әкімі қауесетке жауап берді

Тасқыннан зардап шеккендерге баспана үшін бөлінген ақшаны қолма-қол алғысы келеді. Алайда, үкімет қаражатты тек пәтер сатып алуға ғана беріп отыр. Арқалық қаласынан пәтер алушылардың баспаналары таяу уақыттарда толығымен рәсімделіп, пәтерлерінің кілттері табысталатын болады.

 Мәслихат депутаттары тұрғындарға осы және басқа да сұрақтарды егжей-тегжей түсіндірді.

Төтенше жағдай жарияланған Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен халықтың мәселелерін тезірек шешіп, нақты шешім қабылдау үшін жергілікті билік өкілдері және тиісті салалар демалыссыз, үздіксіз жұмыс істеуде.

Қала әкімі Әмірхан Асановтың төрағалығымен су тасқыны кезінде толықтай су астында қалған Қайыңды ауылдық округіне қарасты Қызылжұлдыз ауылының тұрғындарымен кезекті кездесуге облыстық мәслихаттың депутаттары Қырмызы Жаңбыршина, Бақытжан Тілеубаев, Абыл Ерденов қатысты.

Кездесуде негізгі екі мәселе көтерілді. Бірінші мәселе – ауыл тұрғындарының қалаға қоныстануы. Екінші мәселе – ел ішіндегі «әкімдік пәтерді өздері бағалап, өздері таңдап беріп жатыр» деген қауесет. Бұл жөнінде қала әкімі толығырақ тарқатып айтып өтті.

«Су тасқыны кезінде баспанасыз қалғандарға арналып Арқалықтан 27 пәтер сатып алуға республикалық трансферт арқылы 405 миллион теңге қаржы бөлінді. Бір пәтердің белгіленген бағасы – 15 миллион теңге. Осындай жағдайда пәтерлердің бағасы да көтеріліп кеткені рас. Алайда, жекеменшік иелеріндегі сатылатын пәтерлерді тәуелсіз бағалаушы компаниялар бағалап жатыр. Жауапты тұлғалар бар. «Үйді қайтсең де аласың» деп ешкім мәжбүрлемейді. Пәтер ұнамаса алмау керек. Президент, облыс әкімі ешбір тұрғынның баспанасыз қалмайтынын айтты. Үй салынбайды деп те айтылған жоқ. Ол екінші кезеңде шешіледі. Әзірше, бастапқыда қалаға қоныстанамыз деп шешім қабылдаған тұрғындарға жәрдемдесеміз. Бәрі де заң жүзінде жүргізілуде. Елдің көз жасына қалып, біздің де қарғыс алғымыз келмейді», – деді қала басшысы Әмірхан Асанов.

Қала әкімінің орынбасары Абзал Ташимов қазіргі таңда су тасқынынан зардап көрген екі ауылдан 16 отбасының (Екідің ауылы 8 отбасы, Қызылжұлдыз ауылы 8 отбасы) қаладан пәтер алуға келісім-шарт жасасып жатқанын, онда баға бір тиын да өспегенін алға тартты.

Облыстық мәслихаттың депутаты Қырмызы Жаңбыршина мемлекеттің пәтер алуға бөлген қаражаты қала бюджетінен берілмейтінін, ақша артылып жатса республика қазынасына қайтарылатынын жеткізді.

Еске сала кетсек, су тасқыны кезінде Қызылжұлдыз ауылындағы 30 үйді су басып, 185 адам эвакуацияланған болатын. Құтқарылған тұрғындардың біразы қаладағы туыстарының үйіне барып, біраз бөлігі жатақханаға орналастырылды. Жатақханада уақытша тұрып жатқан тұрғындардың тамақ, басқа да қажеттіліктеріне қала әкімдігі жәрдем-көмегін беруде. Мектепте оқитын оқушылары шұғыл түрде киім-кешек, оқу құралдарымен қамтылып, сабақтарын үзбей жалғастырды. Мұғалімдері мен мектептің жұмысшылары да уақытылы жұмысқа орналастырылды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу