Арқалық қаласына қарасты, үйлерін су басқан Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарының қаладан үй алуға өтініш берген тұрғындарының қатары көбейді.
Бұған дейін аталған екі ауылдан 16 отбасының (Екідің ауылы – 8 отбасы, Қызылжұлдыз ауылы – 8 отбасы) құжаттары рәсімделіп жатқаны айтылған еді.
2024 жылдың 15 сәуіріндегі кешкі жағдай бойынша, қала әкімдігінің тұрғындармен пәтер мәселесіндегі шарттар жасасу туралы ақпаратына сай, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыдан 18 отбасыға пәтер сатып алуға (Екідің ауылы – 9 отбасы, Қызылжұлдыз ауылы – 9 отбасы) 242 млн 183 мың теңгеге шарт жасалды.
«Қазіргі таңда келісім-шарттар тіркеуге берілді. Көп ұзамай осы қаражат пәтер иелеріне аударылатын болады. Содан кейін бұл пәтерлер қалалық тұрғын үй құрылыс бөлімінің атына ауысып, одан әрі біз ол пәтерлерді қалаға қоныстанғысы келген 18 отбасының иеліктеріне басыбайлы аударып береміз»,- дейді қала әкімінің орынбасары, төтенше жағдайға байланысты құрылған қалалық тұрғын үй комиссиясының төрағасы Абзал Тәшімов.
Еске сала кетсек, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін Арқалық қаласынан 27 пәтер сатып әперуге мемлекет қазынасынан 405 млн теңге бөлінген болатын.
Тұрғындардың толық жағдайын жасау мақсатындағы жан-жақты жұмыстар жалғасын тауып жатыр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы.