Кешелі бері әлеуметтік желілерде Торғай-Шеген бағытындағы көтерме жолды қар суы шайып кеткені жөнінде фото, бейне қаптап кетті. Аудан орталығының оңтүстік-батысында орналасқан қос елді мекен – Шеген мен Ақшығанақ ауылдарына қатынас тоқтады делінген әлгі жазбалардың бірінде. Мәселенің анық-қанығын аудандық ішкі саясат бөліміндегілер айтты.
“Торғай -Шеген бағытындағы көтерме жолдың 15-ші шақырымында қар суы жүріп өтті. Бірақ, жол іле тазартылды. Қазіргі таңда көліктер жүріп жатыр. Ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ”, –дейді Жанкелдин аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жадыра Қошеметова.
Ал осы аудандағы Шұбалаң-Ақкөл бағытын ағын су бірнеше жерден бұзып кеткен. Кеше Байтұрсынов ауылынан аудан орталығы – Торғайға шыққан жолаушылар 100 шақырым қашықтықты алты сағат жүріп өткенін айтады.
“Аудан әкімдігі берген ресми ақпарат бойынша Шұбалаң-Ақкөл бағытын алты жерден су басқан. Бірақ қатынас тоқтаған жоқ, көліктер жүріп жатыр дейді. Біздің норматив бойынша егер судың биіктігі 10 см жоғары көтерілсе ғана жолды жабамыз”, – дейді Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Болат Сейдахметов.
Шалғай өңірдегі су тасқынына қатысты мәселе газет тілшілерінің назарында болады.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Жанкелдин ауданы