Жаңа жылдың алғашқы онкүндігінде Қостанай қаласын қалың қар басты. Үйлердің аулаларынан бастап автокөлік жолдарына дейін жапты. Жаяу жолаушыға тротуармен жүру тіпті қиындады. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмысқа кірісіп, көшелер мен тротуарларды тазалауға кіріскен. Соған қарамастан тұрғындар шағымы толастар емес.
Қар аршу жұмыстарының баяу жүріп жатқаны туралы «iKomek» ситуациялық орталығына күніге ондаған хабарлама түсіп жатқан көрінеді. Бір аптаның өзінде мыңға жуық арыз-шағым жиналыпты. Дүйсенбі күні өткен аппарат кеңесінде қала әкімі Марат Жүндібаев дәл осы мәселеге пікір білдірді.
«Мердігерлерде қаржыландыру, техника, бәрі бар. Алайда, көпшілік қардың дұрыс аршылмай жатқанын айтып шағымдануда. Мұндай жағдайда мердігер ұйымдар күндіз-түні жұмыс істеуге міндетті. Іс жүзінде автокөлік тұрақтарында, жол жиектерінде, аялдамалар маңында тау-тау болып қар үйіліп жатыр. Біз сіздерге негізсіз тапсырмалар беріп жатқанымыз жоқ. Барлығы алты мердігер бар және олардың әрқайсысына белгілі бір аумақтар бекітілген. Әркім өз аумағының қарын дұрыстап аршыса мұндай мәселе туындамас еді», – деген қала басшысы мердігер ұйымдарды ширақ қимылдауға шақырды.
Күн сайын қала көшелерін тазалауға 300-ден астам арнайы техника жұмысқа шығады. Биыл тазалық жұмыстарына 6 мердігер ұйым жұмылдырылып отыр. Қар жинау полигондарының саны 4-тен 5-ке дейін ұлғайды. Бүгінде қар аршу мынадай алгоритммен жүзеге асуда: алдымен орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың кіреберістері, одан кейін шағын көшелер мен квартал өткелдері тазартылады. Үшінші кезекте әлеуметтік сала ұйымдары, бизнес-құрылымдар, ПИТК пен МИБ ұйымдары жедел іске кіріседі. Қала әкімі тез арада қар аршып, тұрғындардың емін-еркін жүріп-тұруына жағдай жасау қажеттігін ескертті.
«Бізде 550 аула бар. Соның жартысынан азы ғана тұрғы үй аулаларының қарын тазалады. Көбісі мердігерлерді күтіп, қол қусырып отырады. Әлде қардың өздігінен еріп кеткенін күте ме екен?! Тұрғын үй қатынастары бөлімі жергілікті полиция қызметімен бірлесе жұмысты қадағалаңыздар. Қар аршуға бәрі үлес қоссын. Мен соңғы рет ескертемін. Талапты орындамағандарға бұдан кейін тиісті жаза қарастырылады», – деді Марат Қонысбайұлы.
Қала әкімі кейбір зіңгіттей жігіттердің автокөлігі қардың астында қалғанын айтып бейнежазба түсіріп, шағым жасауға шебер екенін айтып қалды. Ал іс жүзінде ондай адамдар қолына күрек алып, өз көлігінің қарын аршығысы келмейтін көрінеді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
