Қарасулықтар жүз мың гектардан астам алқапты жинады

Қарасулықтар жүз мың гектардан астам алқапты жинады

Облыс диқандары  толассыз жауған жауын-шашынның кесірінен егінге батыл кірісе алмай отыр. Өңірде  осы уақытқа дейін алқаптағы астықтың тек 30-35%-і ғана   орылған.

Жиын-терімді толық аяқтау үшін шаруаларға әлі екі-үш апта уақыт керек. Синоптиктер қыркүйек айының ашық күндері көп болады деп болжап отыр. Ауа райының қолайсыздығынан ысырапқа ұрынбаса, биыл облыс бойынша бес  млн тоннаға жуық астық жиналуы тиіс.

Биыл Қарасу ауданының диқандары  673,4 мың гектар алқапқа дән сіңірді. 6 қыркүйектегі мәлімет бойынша өңірде барлығы 110 мың гектар алқап жиналған. 135 мың тонна дән қызылданды. Гектар берекелілігі әзірге орта есеппен 12-13 центнерден айналады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Қанапиннің айтуынша, биылғы егіннің сапасы  былтырғыға қарағанда көп ілгері. Дегенмен, жаз бойғы жауған жауын егінге де салқынын тигізді.

“Сыртынан қарағанда масақ толысып,  әдемі көрінгенмен, орған кезде түсім азайып қалады. Науқан кезінде де күнде жауын болып, көп қиындық туғызып тұр. Бұл кезеңде біз бұрыңғы еккен егістігіміздің жартысын алып үлгіретінбіз. Бүгінгі күні 20-25%-ін ғана жинадық”, – дейді бөлім басшысы.

Аудандағы егіс көлемі үлкен шаруашылықтардың бірі “Астана Грандт трейд” ЖШС-і. Холдингтік компания биыл 62 мың гектарға дән сіңірді. Оның сыртында малға қажетті арпа, сұлы екті.  Бүгінде компания  барлық егіннің   20%-ін ғана хинап үлгірген. Күнара жауған жаңбыр шаруаларды қолын еріксіз байлап-матап отыр.

“Биылғы егіннің шығымы жаман емес. Бірақ, шикілеу. Міне, тоқтап тұрғанымызға үш күн болды.  Алқапқа техника кіре алмайды. Әйтпесе, біз  егін орағын тамыз айының жиырмаснда бастап кеткенбіз. Ең алдымен арпа, сұлымызды орып алдық. Егер күн райы жайма-шуақ қалып танытса, айналасы екі аптаның ішінде науқанды толық аяқтайға мүмкіндігіміз жетеді”,– дейді “Астана грант трейд” ЖШС директоры Осман Сатаев.

Шаруашылықта бүгінде алпыстан адам еңбек етеді. Бүкіл техникасы сайлы.  Биыл шаруашылық он жаңа  комбайн сатып алды. Өнімділігі жоғары бұл техникалар бір түйір дәнді шашауын шығармай жинап алуға аса қолайлы. Жанар-жағар май біртіндеп жеткізіліп жатыр. Биыл бұл шаруашылыққа егін орағын толық өткеру үшін 1150 тонна дизель отыны қажет.

“Біз егін орағымен қатар парға қалдырылған алқаптарды өңдейміз. Ол да қосымша шығын. Сондықтан, бізге бөлінген бұл сұйық отын аздық етеді. Алайда, оның өзін үнемдеуге тура келеді”,– дейді шаруашылық директоры Осман Сатаев.

Айтуынша, биылғы егіннің бағасы төмен.Мәселен, 4 класты бидайдың бір тоннасы 55 мың теңге көлемінде, арпаның құны 40-45 мың теңгенің айналысынан асар емес.

“Нарықта бидай құны төмен түсіп кетті. Әйтпесе, егіннің шығымы жақсы. Алқап тап-таза. Мұның бәрі жаз бойғы тынымсыз еңбектің жемісі. Барлық минералдық тыңайқышты уақытылы септік. Соның арқасында бірде-бір зиянкес жолаған жоқ. Алқап аурудан ада”, – дейді “Бидай-К” ЖШС бас агрономы Талғат Ақшалов.

Биыл Қарасу ауданында барлығы 1579 комбайн, 453 тырма, 473 подборщик, 17777 жүк көлігі егін науқанына шықты. Тек,  ауа райы тосын мінез танытпаса, егін орағының қарқынын бәсеңдетпейміз деп отыр тауар өндірушілер.

                                                                                                                                 Әлібек ЫБЫРАЙ 

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Қарасу ауданы

Жаңалықтармен бөлісу