3 июня, 2025
Қарасулықтар пауэрлифтингтен республикалық чемпионатқа жолдама алды

Қарасулықтар пауэрлифтингтен республикалық чемпионатқа жолдама алды

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы классикалық пауэрлифтингтен өткен облыс біріншілігінде Қарасу құрамасы  жүлделі орындарға ие болды. Осылайша алдағы сәуір айында Ақсай қаласында өтетін  ҚР чемпионатына жолдама алды.

­Команданың жаттықтырушысы Батырхан Ермағамбетов чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылып, шәкірттерінің жарысқа жоғары дайындықпен барғанын айтып отыр.

«Шәкірттерім берген тапсырманы сапалы орындады. Соның арқасында тамаша нәтижеге қол жеткіздік. Спортшыларымызға әлі де мол сенім артамыз. Ақсай қаласында болатын ел чемпионатында облыс құрамасын алға сүйреп, бұдан да зор нәтиже көрсетеді деп ойлаймын. Сол межеге жету үшін еңбектеніп, әрекет етіп, тырысамыз», – ­дейді бас бапкер.

Қарасу құрамасының сапында 13 спортшы жарысқа қатысты. Соның төртеуі ғана жүлделі орынға іліге алмады. Бірақ, үздік алтылықтың қатарынан табылды. Қалған тоғызы жеңімпаз. Бұл өте тамаша нәтиже.

Мәселен, облыстық чемпионаттың қорытындысында Әмірхан Байжанов пен Аслан Қожантаев «Спорт шеберіне үміткер» нормативін орындады. Қыздар арасында Елизавета Сардиванова, Дарина Мосиенко  1 — орын алды. Мадина Зәкірова 2 — орынға қол жеткізсе, Мадина Көбекова 3 — орынға ие болды.

Ерлер арасында Әмірхан Байжанов пен Евгений Мелентьевке тең келер қарсылас болмады.

Павел Белов, Данил Колохов, Аслан Қожантаев күміс жүлдегер атанды. Жалпы жасөспірімдер арасында  Евгений Мелентьев 1 — орын, Аслан Кужантаев 3 — орынға ие болды.  Осы арада бірінші және екінші орындарға ие болған спортшылар ҚР Чемпионатына автоматты түрде жолдама алды.

«Бұл чемпионаттың тарихы тым әріден басталады. Сонау тоқсаныншы жылдардан бер келе жатқан жарыс. Бүгінде сайысқа қатысушы командалардың саны артып, жастардың пауэрлифтинг спортына деген қызығушылығы да ояна түсті. Әсіресе, қарасулық қыз­-жігіттердің ауыр атлетикамен айналысуға құлшынысы жоғары», – дейді маман.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, пауэрлифтингтен Қостанай, Рудный қалалары мен Қарасу ауданынан  ең мықты  спортшылар шығып жүр.

«Алғашында пауэрлифтингпен он адам шұғылданған. Команданы басқару барысында тәртіпті бірінші орынға қойдық. Олар бір бірімен достасып, осылайша жастар мен жасөспірімдер көбірек келе бастады. Бүгінде командаға алпыстан астам спортшы жиналды. Он бес адамнан жасақталған үш тобымыз бар. Қыздар да жігіттер де белсенді»,– дейді Батырхан Ермағамбетов.

Бұл өңірдің жастары бұған дейін Орал, Семей қалаларында ұйымдастырылған классикалық пауэрлифтингтен ҚР чемпионатында күміс және қола жүлделерді иеленді. Алдағы екі аптададан соң қарасулық пауэрлифтингшілер Шымкент қаласында өтетін ҚР чемпионатына барып, қатыспақшы.

Қарасу ауданы