31 мая, 2025
Қарасуда спорт кешені ашылды

Қарасуда спорт кешені ашылды

Ауқымды жобаның құрылысына   «Ауыл –  ел бесігі»  бағдарламасы аясында 368млн 700 мың теңге жұмсалған.  Жаңа кешен  ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Аламан»  спорт нысанының ауданы 1994,2 шаршы метрге тең. Онда бірнеше жаттығу және жарыс залы бар. Яғни, «ине-жіптен шыққан» суц жаңа ғимарат аудан спортшылары мен бұқара халықты  қабылдауға дайын.

Демек  Қарасу кенті мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары жыл бойы заманауи және жайлы нысанда   спортпен емін-еркін  шұғылдана алады. Жаңа кешенге футбол, волейбол, баскетболға арналған кең ойын залы, фитнес, гимнастика, йога, күреске арналған жаттығу залдары кіреді.

Мұнда гигиеналық әрі  киім ауыстыратын бөлмелер де қарастырылған.

 – Спорт кешенінің  құрылысы мемлекетпен жергілікті жекеменшік қоғамдастықтың  бірлескен жұмысының нәтижесінде ел игіліне айналып отыр.  Осылайша, біз өз  азаматтарымыздың өмір сүру жағдайын жақсартуға мейлінше септестік. Кешен барлық жастағы келушілер  үшін қолжетімді. Мұндай спорт нысаны көпшілікті спортпен шұғылдануға және денсаулығын жақсартуға шабыттандыратынына сенімдіміз. «Аламан» нағыз чемпиондардың ордасына  айналады деп сенемін. Осы маңызды жобаны іске асыруға қол ұшын созған  құрылысшыларға, жобалаушыларға, инвесторларға алғыс айтамын, – деді Қарасуауданының әкімі Қайрат Оспанов.

Аудан  басшысы спорт пен белсенді өмір салты ауыл тұрғындары үшін  күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналады деп сендірді.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Қарасу ауданы