Қарасу ауданы кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаларға серпін беруде

Қарасу ауданы кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаларға серпін беруде

Қарасу ауданының өнеркәсіп және инвестиция саласында өсім бар. Соңғы алты айдың көрсеткішіне сүйенсек, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 421,7 млн теңгеге жеткен. Ал, бөлшек сауда 1 млрд 631 млн теңгеден асады. Ауданда соңғы кезеңде ішкі сауда саласында тұрақтылық байқалады.

– Негізгі капиталға инвестиция салу көлемі 85,3%-ға ұлғайып, 8 млрд 383 млн теңге болды. Инвестиция салымдарының басым бөлігі аудан кәсіпорындарының меншікті қаражатына тиесілі, яғни 8 млрд 67 млн теңге. Бұдан бөлек тұрғын үйді пайдалануға беру 10,5% өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 8 есеге ұлғайып, 4 млрд 317 млн теңгені құрады, – деді Қарасу ауданының әкімі Виктор Радченко.

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысушылар қатары артқан. Қазірдің өзінде 1149 субъекті тіркелген. Оған тағы 14 кәсіпкерлік қосылды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арнаған Ұлттық жоба шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың және жалпы сомасы 675,3 млн теңгеге кепілдік берудің екі бағытында 14 жоба мақұлданған. Сондай-ақ, коммуналдық шаруашылықтар да өз кезегімен орындалуда. Жылыту маусымына дайындық барысында 11 мың тонна көмір түсірілген. Оның 4,7 мың тоннасы бюджеттік ұйымдарға, 4,4 мың тонна мұқтаж тұрғындарға берілсе, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар үшін 1,9 мың тонна.

– Ауданға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандары тартылуда. “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы арқылы 8 маманға 2 млн 760 мың теңге көтерме жәрдемақы төленді. Оның алтауы білім беру саласында, екеуі денсаулық сақтау саласында жұмыс істеуге келді, – деді аудан әкімі.

Жаңа жұмыс орындарын құру мәселесі де күн тәртібінде. Ауданда жыл басынан бері 184 жаңа жұмыс орны ашылған.

– Жұмыспен қамту мекемелеріне жұмысқа орналастыру мәселесімен 692 азамат жүгінді, оның ішінде 602 адам белсенді жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Есепте 159 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Ақылы қоғамдық жұмыстарды атқаруға аудандық бюджет есебінен 60 адамға 37,9 млн теңге және республикадан 10 адамға 8,3 млн теңге бөлінді, – дейді Н.Радченко.

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте аудан әкімі аграрлық сала жөнінде айтып берді. Биыл ауданда 42 ЖШС, 405 шаруа қожалығы 770 мың гектар жерге дән сіңірілген. Оның 683,9 мың гектарына дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 68,3 мың гектарына майлы дақылдар егілген.

– Барлық агротехникалық іс-шаралар уақытылы өткізіледі. Осы жылы ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары 353,6 мың гектер алқапқа, оның ішінде 329,4 мың гектарына механикалық өңдеу, 24,2 мың гектарына химиялық өңдеу, яғни топырақты алдын ала өңдеу жұмыстары жүргізіледі, – деді аудан әкімі.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу