Науырзым ауданында шағын және орта бизнесті дамытамын дейтіндер аз емес. Бизнес бастау үшін халыққа не керек екенін білу қажет. Сонда ғана қолға алған ісің алға басып, сұраныс артары сөзсіз. Бұл бастамадан науырзымдық АйдынХамзин де қалыс қалмады. Ол жақында аудан орталығынан «Еркем-ай» оқу орталығын ашты.
Біз сөз еткелі отырған Айдын Хамзин екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат. Бірақ талпынысы көпке үлгі боларлықтай. Оқу орталығының ашылуы айтарлықтай жаңалық болды. Себебі, іс бастаймын дегендер сататын, өндіретін жағын қарастырады. Ал Айдын балаға білім беретін, тәрбиелейтін орын ашып, өзгеге жұмыс та беріп отыр.
Орталық ішінде қажеттінің бәрі де бар. Оған кәсіпкер мүмкіндікті «Бизнес бастау» жобасы арқылы алып отыр.
– Кәсіп бастау оңай емес. Ойыңдағыны жүзеге асырамын десең сұранысы бар, ұтымды бастаманы қолға алу керек. Сол себепті ауданда жоқ жоба ұсынғым келді. Көп ойланып, іздендім. Бәрін өзім ойлап таптым дей алмаймын. Маған анам қолдау білдірді. Ойын қосты. Анам көп жылдардан бері білім беру саласында еңбек еткен, өмірдің ағы мен қарасын жақсы білетін ұстаз. Өмірлік тәжірибесі де мол. Сол кісінің ақылымен оқу орталығын ашқым келді. Себебі, әр ата-ана баласының дамығанын, білгенін, оқығанын қалайды. Ал көбісінің баламен отыруға уақыты немесе тәжірибесі жоқ. Қаладағыдай оқытатын курстар да көп емес, – дейді Айдын.
Орталықта жылдам оқыту, көркем жазу, математика, мектепке дайындық сынды курс сабақтары бар. Мектепке дайындық 2 сағаттан болса, жылдам оқу, көркем жазу, математика әр курс 1 сағаттан өтеді. Балаларға жоғары білімі бар, жоғары санатты мұғалімдер сабақ береді. Қазіргі таңда орталыққа келуші оқушы саны 20 бала. Осы бағдарлама арқылы оқу орталығына қажетті барлық жабдықтарды алып, мұғалімдерге ыңғайлы жағдай жасалған.
Сонымен оқу орталығының ашылуы салтанатта түрде өтіп, тұсауы да кесілген. Қазір келіп жүрген балалар білім алып жатыр. Айдынның анасы Рыскелді Хамзина баласын қолдап отырады. Өзі мектепте жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Бірақ бала тәрбиелеу, білім беру, жазуға, есепке үйреткенде алдына жан салмайды. Балаға не керек екенін айтпай-ақ біліп тұрады.
Жалпы елімізде 9,1 мыңға жуық адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 093 грант берілген. Оларды еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады.
– Комиссияның шешімі үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер салық органдарында өз қызметін тіркейді, банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады, – дейді комиссия мүшесі Гүлжанат Тазыбекова.
Ұлттық жоба шеңберінде грант алуға Науырзым ауданынан бірнеше үміткер түрлі жоба ұсынған болатын. Олардың ішінде ауылды жерлерге қажетті деген жақсы идеялар қолдау тапқан. Айддынның қосымша оқу кабинетімен қоса балалар демалыс аймағын ашу, сүт және кондитерлік өнімдерді өндіруді қолға алғысы келетіндер бар еді. Комиссия грант алуға үміткерлердің өтінімдері мен ұсынылған құжаттарын қарап, ұсынылған 4 жобаның ішінен екеуін таңдап алған болатын. Олардың ішінде Айдын Хамзин мен Орынгүл Жұмағазинаға мемлекеттік грант беру туралы шешім қабылданды. Екеуінің де жобалары комиссия мүшелерінің көңілінен шығып, өз істерін бастап кетті.
Былтырдан бастап қайтарымсыз грант мөлшері ұлғайтылған болатын. Былтыр кәсіп ашқысы келетін жандарға 1 380 000 мың теңге берілсе, қазір 400 АЕК жеткен, яғни, 1 470 800 мың теңге көлемінде алады. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
– Қазіргі таңда шағын грант алған жастар бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде өндіріс ошақтарын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Осындай керемет мүмкіндікті пайдаланып мен де Науырзым ауданында балаларға қосымша оқыту орталығын ашу үшін жастарға арналған мемлекеттік грант ұтып алдым. Алдағы уақытта бастауыш сынып оқушыларын үй жұмысына дайындау, қосымша матеметика, жылдам оқу, көркем жазу курстарына дайындаймыз. Алға қойған мақсаттарым көп, мені қолдаған жерлестеріме рақмет, – дейді жас кәсіпкер.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Науырзым ауданы