Қарағандыдан Қостанайға қырық тонна гуманитарлық көмек келді (ВИДЕО)

Қарағандыдан Қостанайға қырық тонна гуманитарлық көмек келді (ВИДЕО)

Бүгін Қостанай қоймасы Қарағанды жұртынан жеткен гуманитарлық жәрдеммен толыға түсті. Көл-көсір көмекті сол облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері жеткізіп беріп отыр.

Республикалық “Жүректен жүрекке” акциясы аясында Қарағанды халқы, кәсіпкерлер, еріктілер, облыстық Ассамблея мүшелері бірігіп, Тобыл өңіріндегі жұртшылыққа қолдау-демеу көрсетуге ниет білдірген. 40 тонна тауар тиеген екі бірдей жүк көлігі облыс орталығына есен-сау жетті.

“Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қарағандылықтардың аманатын алып келіп отырмыз. Сіздерге дұғай сәлемін айтып, ауыртпашылықтарыңызды бөлісуге қашанда қолдау жасауға дайын екенін көрсетіп отыр. Еліміз, жеріміз, тағдырымыз ортақ болғандықтан, біз қашанда біргеміз! Басымызға енді мұндай қиындық түспегей!” – деп тілектестігін білдірді Қарағанды облысы ҚХА мүшесі Думан Малаев.

Гуманитарлық көмек ретінде әкелінген тауарлардың 38 тоннасы  – азық-түлік, ал қалғаны – киім-кешек, төсек-орын және тұрмысқа қажетті басқа да заттар. Олар облыстың әр өңірінде материалдық көмекке мұқтаж болып отырған елді мекен тұрғындарына жөнелтіліп, үлестірілетін болады.

Жаңалықтармен бөлісу