Биыл Арқалық өңіріне қар жылдағы мөлшерден екі есе артық түсті. Осыған орай, қалада көктемгі су тасқынына әзірлік шаралары ерте бастан қолға алынып, қар шығару жұмыстарына бөлінетін қаражат та еселене түскен.
Мәселен, 2023 жылдың қыс мезгілінде қаланың автомобиль жолдарын, жаяу жүргінші тротуарларын, қоғамдық жерлерді және қалаға қарасты кенттердің көше-жолдарын қардан тазарту жұмыстарына 50 млн 900 мың теңге қаражат бөлінсе, 2024 жылы оған қарастырылатын қаржат мөлшері 100 млн теңгеге жетті.
“Өңірде аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 279,6 шақырымды құрайды. Аталған жолдарда 8 көпір мен 105 су өткізгіш құбырлар орналасқан. Осы жылы ол жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау үшін 30 млн теңге қаражат бөлінді”, – дейді Қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Алмас Сарсенбаев.
Қазіргі таңда қала көшелерінде және су басу қауіпі бар «Северный», «Дачный», «Западный» кенттерінің көше-жолдарынан қар шығару жұмыстары қолға алынған. «Дачный» кентінде «Нурислам» ЖК, қалада «KomJolStroy» ЖШС және Северный кентінде «Аман» ЖК тау-тау қарды сыртқа шығарып, төгіп жатыр.
«Тендер арқылы қар шығару науқанына қатысып жатырмыз. «Северный» кентінің көшелерінен 8,5 мың куб қар шығаруды міндетімізге алдық. Қазір2 тиегіш, 4 камаз техникамыз жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта техника санын тағы да көбейте түсеміз. Қауіп сейілгенше демалыссыз істеп, жұмысты тоқтатпаймыз», – дейді «Аман» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Батырхан Дүйсебаев.
Жалпы, бүгінде мердігерлердің күшіменқаламен оның іргесіндегі кенттерден 10 мың кубқа жақын қар сыртқа шығарылды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы