Қандастардың елге оралуы – ұлттық әлеуетті арттыратын маңызды үрдіс

Қандастардың елге оралуы – ұлттық әлеуетті арттыратын маңызды үрдіс

Шетелдегі қазақтардың тарихи Отанына оралуына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Қоныстандыру квотасының ұлғаюы, тұрғын үй мен жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, кәсіп бастауға берілетін гранттар – соның айқын дәлелі.

Қостанай облысында бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асырылып жатыр? Қандастар қандай қолдауға ие болады, оларды қандай өңірлерге қоныстандыру жоспарланған және қандай мәселелер өзекті? Осы және өзге де сауалдарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон және мемлекеттік қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Дамиля Ақпанбетова жауап берген еді.

–Дамиля Жамбыршеқызы, соңғы жылдары тарихи Отанына оралған қандастарды қолдау мемлекет саясатының маңызды бағыттарының біріне айналды. Қостанай облысында бұл бағыттағы жұмыс қалай жүргізіліп жатыр?

– Мемлекетіміз үшін шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуы – демографиялық өсімге ғана емес, ұлттық бірлікті нығайтуға да ықпал ететін маңызды бағыт. Қостанай облысында қандастарды қабылдау, оларды әлеуметтік бейімдеу, жұмыспен қамту және тұрғын үй мәселесін шешу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Біздің басты мақсатымыз – көшіп келген азаматтардың жаңа ортаға тез бейімделуіне, тұрақты жұмыс тауып, толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау.

– Биыл қандастарға бөлінген квота көлемі қандай? Ол өткен жылмен салыстырғанда өзгерді ме?

– 2026 жылға Қостанай облысына қандастарды қабылдау бойынша өңірлік квота 200 адам болып белгіленді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 50 адамға артық. Квота облыстың еңбек ресурстарына деген нақты қажеттілігіне қарай бөлінеді. Биылғы жоспарға сәйкес қандастар облыстың тоғыз өңіріне қоныстандырылып жатыр. Олардың ішінде: Рудный қаласы – 111 адам (56%); Қостанай қаласы – 31 адам; Қостанай ауданы – 17 адам; Қамысты ауданы – 12 адам; Бейімбет Майлин ауданы – 8 адам; Жітіқара ауданы – 8 адам; Денисов ауданы – 6 адам; Федоров ауданы – 6 адам; Науырзым ауданы – 4 адам. Бұл бөлініс өңірлердегі еңбек нарығының сұранысына және әлеуметтік инфрақұрылымның мүмкіндіктеріне негізделген.

– Қоныс аудару кезінде елге келген азаматтардың өз қалауы қаншалықты ескеріледі?

– Әрине, олардың тілегі міндетті түрде назарға алынады. Дегенмен оның бәрі де бөлінген өңірлік квота шегінде жүзеге асады. Мысалы, Өзбекстаннан келген этникалық қазақтардың басым бөлігі Рудный қаласын, Бейімбет Майлин және Қостанай аудандарын таңдаса, Ресей Федерациясынан көшіп келетін азаматтар көбіне Қостанай мен Жітіқара қалаларын қоныстануға қолайлы көреді. Біз мүмкіндігінше азаматтардың отбасы жағдайын, мамандығын, туыстарының орналасуын және өз өтініштерін ескеруге тырысамыз.

            – Отандастарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың негізгі түрлерін нақтылай аласыз ба?

– Мемлекет тарихи Отанына қоныс аударған жандарға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетеді. Бұл қолдау олардың жаңа ортаға тез бейімделуіне, тұрақты жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына және кәсіп бастауына бағытталған.

Ең алдымен, еңбекке қабілетті азаматтарға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. Егер олардың мамандығы өңірдегі еңбек нарығының сұранысына сәйкес келмесе, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтуге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтар мемлекеттік гранттар мен кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қатыса алады.

Материалдық қолдау бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншіден, көшуге арналған біржолғы субсидия қарастырылған. Оның мөлшері – отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (302 750 теңге) көлемінде төленеді. Бұл қаражат көшуге байланысты шығындарды өтеуге және алғашқы қажеттіліктерді қамтамасыз етуге арналған. Екіншіден, тұрғын үйді жалға алу шығындары субсидияланады. Егер олар қалаға қоныстанса, отбасы құрамына қарай ай сайын 20–30 АЕК көлемінде, яғни 86 500 теңгеден 129 750 теңгеге дейін төлем 12 ай бойы беріледі. Ал ауылдық елді мекенге көшкен жағдайда 15–21 АЕК, яғни 64 875–90 825 теңге аралығында ай сайынғы субсидия төленеді.

Үшіншіден, тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификаты ұсынылады. Бұл сертификат Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарламалар, «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі және басқа да ипотекалық құралдар шеңберінде бастапқы жарнаны төлеуге мүмкіндік береді.

Сертификат өздері тұрақты қоныстанған өңірде тұрғын үй сатып алу үшін 1 625 АЕК, яғни 7 028 125 теңге көлемінде беріледі. Бұл – азаматтардың жеке баспаналы болуына мүмкіндік беретін маңызды қолдау тетіктерінің бірі. Сонымен қатар, қандастарға құжаттарды рәсімдеу, жұмыспен қамту, әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу, білім алу және қоғамға бейімделу мәселелері бойынша тұрақты консультациялық көмек көрсетіледі. Басты мақсат – олардың Қазақстандағы жаңа өмірге тез бейімделіп, тұрақты табысқа ие болып, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасау.

– Бұл көмектер көшіп келген отбасының алғашқы қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті ме?

– әрине, біржолғы төлемдер ең алдымен көшу шығындарын жабуға және алғашқы кезеңдегі тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған қоса тұрғын үйді жалдау шығындары өтеледі. Кейіннен азаматтар мемлекеттік бағдарламалар мен экономикалық мобильділік сертификатын пайдалана отырып өз баспанасын сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

– Ал тұрақты жұмыспен қамту барысында қандай қиындықтар кездеседі?

– Ең негізгі мәселе – өңірде сұранысқа ие мамандықтардың барлығына бірдей келген азаматтардың біліктілігі сәйкес келе бермейді. Сондықтан біз оларды қайта даярлау курстарына жібереміз. Бұл курстар еңбек нарығында сұраныс жоғары мамандықтарға бағытталған. Нәтижесінде көптеген азамат жаңа кәсіп меңгеріп, тұрақты жұмысқа орналасып жатыр.

– Жаңа ортаға бейімделу үшін қандай бағдарламалар жүзеге асырылуда?

– Елге келген азаматтардың ең көп шоғырланған жері – Рудный қаласы. Мұнда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Қандастардың құқықтық сауаттылығын және қоғамға әлеуметтік интеграциясын арттыру» жобасы іске асырылып келеді. Жоба аясында құқықтық кеңестер беріледі, құжат рәсімдеу мәселелері түсіндіріледі, әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуге көмек көрсетіледі. Сонымен қатар арнайы ассистенттер жұмыс істейді. Олар әрбір отбасыға жеке сүйемелдеу жасап, қажетті мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Ал облыстың барлық аудан-қалаларында бұл жұмыстарды жергілікті әкімдіктер жүргізеді.

– Өз кәсібін ашуға ниетті қандастарға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

– Мемлекеттік қолдау шараларының бірі – қайтарымсыз гранттар. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар, оның ішінде қандастар 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде грант ала алады. Алайда белгілі талаптар бар. Үміткер жұмыссыз болуы немесе жеке кәсіпкер ретінде бір жылдан аспайтын мерзімде тіркелген болуы тиіс. Сонымен бірге міндетті түрде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша тегін оқудан өтіп, сертификат алуы қажет. Өтінімдер business.enbek.kz порталы арқылы электронды түрде қабылданады, ал грант беру туралы шешімді өңірлік комиссия қабылдайды.

– Кейбір қандастар бұрынғы тұрған еліне қайта оралып жата ма?

– Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Қазіргі таңда облысқа келген қандастардың басым бөлігі Қостанай облысында тұрақты тұрып жатыр. Тек соңғы үш жыл ішінде Қамысты ауданына Моңғолиядан көшіп келген алты отбасы, жалпы саны 25 адам, кейін өздерінің бұрынғы тұрғылықты жеріне қайта оралды.

– Кей өңірлерде квоталар толық игерілмейді деген пікір бар. Бұған не себеп?

– Қостанай облысында мұндай мәселе жоқ. Жыл сайын қандастарды қабылдайтын елді мекендердің тізімі алдын ала бекітіледі. Қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі және нәтижесінде бөлінген өңірлік квота толық игеріледі.

– Қандастар ауылдық жерлерге мәжбүрлі түрде қоныстандырылады деген пікір қаншалықты рас?

– Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Ешкімді күштеп ауылға көшірмейміз. Қоныстану азаматтардың келісімімен жүзеге асады. Сонымен бірге ауылдық жерде тұрақты жұмыс табуға, жеке шаруашылық жүргізуге, мал өсіруге немесе көкөніс шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік мол.

– Болашақта квота жүйесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?

– Қандастар Қазақстанның кез келген өңіріне өз қалауы бойынша қоныстана алады. Алайда мемлекет ұсынатын материалдық қолдау өңірлік квотаға енгізілген азаматтарға ғана қарастырылған. Сондықтан әлеуметтік қолдау алу үшін белгіленген қабылдау өңірлеріне орналасу қажет.

– Рудный қаласына сұраныс неге жоғары?

– Рудный – өнеркәсібі дамыған, жұмыс орындары көп қала. Сондықтан қандастардың басым бөлігі осы қаланы таңдауға тырысады. 2026 жылы бөлінген 200 квотаның 111-і, яғни жартысынан көбі дәл осы Рудный қаласына тиесілі. Сонымен қатар еңбек күші жетіспейтін ауылдық елді мекендерге де көшу мүмкіндіктері ұсынылады.

– Өнеркәсіптік қалаларға жеке квота бөлу мәселесі қарастырылып жатыр ма?

– Қазіргі таңда мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – еңбек күші тапшы ауылдық елді мекендерді дамыту. Осыған байланысты шілде айынан бастап облыстық маңызы бар Қостанай, Рудный, Лисаков және Арқалық қалалары қандастарды қоныстандыруға арналған өңірлер тізімінен шығарылды.

– Әңгімеңізді қорытындыласақ, шетелдегі ағайынға қандай кеңес берер едіңіз?

– Әрбір қазақтың тарихи Отанында өмір сүруге мүмкіндігі болуы – мемлекетіміздің маңызды ұстанымдарының бірі. Қазақстанға қоныс аударған азаматтарға бейімделу, жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселесін шешу және кәсіп бастау бағытында жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондықтан елге оралуды жоспарлап жүрген ағайынға барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуға шақырамын. Біздің мақсат – қандастардың жаңа ортаға тез бейімделіп, өздерін туған елінің толыққанды азаматы ретінде сезінуіне қолдау көрсету.

–Әңгімезге көп рахмет.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА