Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев жұмыс сапарымен Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6697 әскери бөлімінің 2-жеке атқыштар ротасына келді. Сапар мақсаты — әскери бөліністің күнделікті тұрмыс-тіршілігімен, қызметтік жағдайымен және инфрақұрылымдық жай-күйімен танысу. Бұл туралы ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімді ротаның командирі қарсы алып, бөлімшенің қазіргі жағдайы, жеке құрамның жауынгерлік дайындығы, оқу-жаттығу жұмыстары мен әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етілуі туралы жан-жақты мәлімет берді.
Қатардағы жауынгерлермен кездескен Ерлан Жаулыбаев олардың қызметіне сәттілік тілеп, Отан алдындағы адал еңбектері үшін алғыс білдірді.
Сапар барысында әкім сарбаздар тұратын казармаларр, асхана, қару-жарақ бөлмелері мен оқу сыныптарын аралап көрді. Әскери бөлімдегі тәртіп пен тазалыққа оң баға беріп, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсету жалғаса беретінін айтты.
Қамысты ауданы басшысының бұл сапары – Ұлттық ұлан әскери бөлімшелеріне көрсетілетін қамқорлық пен назардың айғағы.
Мұндай кездесулер жас жауынгерлердің рухын көтеріп, олардың ел алдындағы жауапкершілігін арттырары сөзсіз.