Сабина Юлдашева – “Серпін” бағдарламасы арқылы Қостанай облысында білім алып жатқан студенттердің бірі. Талапты жас Тобыл өңіріне Түркістан облысы Ескі Иқан ауылынан келген.
Ол грант ұтып алғаннан кейін осы бағдарламаға қатысып, үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізгенін айтады. “Серпін” бағдарламасына өтініш бергеннен кейін, іріктеу нәтижесі тек баллға қарап шешілген. Жауап шыққанда ғана ол бағдарламаға қабылданғанын білген. Бұл оның жаңа ортаға келіп, сапалы білім алуға алғашқы қадамы болды. Қазіргі таңда Сабина мұғалім мамандығы бойынша білім алып жатыр.
Оның ойынша, бұл мамандықтың болашағы зор және жалақысы тұрақты болғандықтан, кемел келешекке жол ашады. Білім алу барысындағы ерекше жетістіктерінің бірі – “Жайдарман” клубының төрайымы атануы. Осы қызметтің арқасында ол өз ортасын тауып, көптеген жаңа достар тапқанын және тұлғалық дамуына үлкен серпін алғанын ерекше атап өтеді.
“Әрине, жаңа ортаға бейімделу оңай болмады. Алғашында туыс-туғандары мен таныстары болмағандықтан, біраз қиындық туындады. Дегенмен, уақыт өте келе бұл ортаға сіңісіп кеттім, қазір өзімді еркін сезінемін. Жатақханамен қамтамасыз етілгеніммен, қазіргі таңда басқа жерде тұрып жатырмын. Дегенмен, жалпы алғанда, жатақхана мен университеттегі жағдайлар керемет. Қостанай облысындағы адамдардың қонақжайлылығы маған ерекше әсер қалдырды. Жергілікті халықтың жылы қабағы мен қолдауы бұл өңірге бейімделуімді жеңілдетті”, – дейді Сабина.
Дегенмен ол оқуын аяқтаған соң басқа өңірлерге барып, жаңа тәжірибелер алуды армандайды. Сабина “Серпін” бағдарламасының жастарға ерекше серпін беретінін айтады. Бұл бағдарлама сапалы білім алып қана қоймай, жаңа мәдениетпен танысып, өзге өңірлерді көруге жол ашады. Сонымен қатар, бұл бағдарлама түлектерге жұмыс табу және мансаптық өсу тұрғысынан үлкен артықшылықтар сыйлайды. Сабинаның пікірінше, “Серпін” бағдарламасы қазақ тілін дамытуға және грантқа түсе алмайтын жастарға демеу береді. Ол осындай тәжірибені жастарға ұсынып, әр адамның әртүрлі өңірлерді көріп, өзін кәсіби және тұлғалық тұрғыда дамытқаны жөн деп санайды.
Нұрдана Тағаймұратова,
ҚӨУ студенті