Танымал жазушы, жерлесіміз Қайсар Әлімнің «Міржақып Дулатұлы» ғұмырнамалық кітабы қалың оқырманға жол тартты. Етжеңді еңбекте Алаш ардақтысының тартысқа толы өмірі, асыл мұраты жолындағы қайраткерлігі, шығармашылық бай мұрасы, мәлім де беймәлім дерек-дәйектер жөнінде баяндалады. Терең ізденістен тамыр алған туынды Міржақыптануға қосылған сүбелі үлес дей аламыз.
Жампоз жазушының қаламынан туған, ықтиқатпен құрастырылған көркемдік деңгейі жоғары ғұмырнамалық кітап – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің аса ірі тұлғасы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай, Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың қолдауымен жарық көрген құнды еңбек. «Фолиант» баспасының «Нартұлға» сериясының кезекті кітабы ретінде оқырманға ұсынылып отыр. Мұның Жақаң өмірі мен шығармашылығына терең үңілуге жол ашатын кешенді зерттеу екеніне көзіміз жетеді.
«Кітап мәнін қысқа қайырып, маңызын екшердей болсақ, әрине, мынадай жиынтық мазмұнынан бірер сыр тарқатқанымыз орынды секілді. Бұл ғұмырнама «Алаш арысы», «Жасындай жарқыл», «Шындық шырағы» және «Аманат» деп аталатын төрт бөлімнен тұрады. Осы бөлімдерге топтастырылған қадау-қадау шығармалардың қатарында «Міржақыптың оралуы» хикаят-сапарнамасы мен «Алаш қызы» атты трагедиялық драма және эсселер мен әңгімелер назар аударарлық деп үміттенеміз. Ал ғылыми тұрғыда терең зерделеуге талпыныс жасап, назарларыңызға ұсынып отырған басқа да танымдық мақалалар жүгі өзіндік салмағымен әркімді тұшынтқан болса, онда алға қойған мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз», – деп жазады автордың өзі кітапта.
Кітап Міржақып Дулатұлының өмірін бірнеше тарауға бөліп, кезең-кезеңімен баяндайды. Бастапқы беттерінде Гүлнар Міржақыпқызынан бастап, қазақтың көрнекті қаламгерлерінің естеліктері, арнау эссе, өлеңдері, әр жылдары жазылған мақала-сұхбаттары қазақ және орыс тілдерінде берілген. Сондай-ақ автор өзі атап өткен тараулар арқылы әйгілі тұлғаның саяси қызметіне, ағартушылық және шығармашылық жолына, сондай-ақ оның өміріндегі қым-қиғаш қиындықтар мен ұлт мүддесі жолындағы күрестерге тоқталады. Алаш ардақтысы ақталған сәттен бері қарай Қайсар ағамыздың Жақаң мен қызы Гүлнарға арнап жазған дүркін-дүркін деректі мақалаларына қанығасыз.
Тырнақалды «Алаш арысы» бөлімінде Міржақыптың Алаш қозғалысындағы рөлі, оның ұлт-азаттық идеялары мен халықты қараңғылық құрсауынан оятудағы еңбектері жан-жақты сипатталады. Дулатұлының «Оян, қазақ!» жинағындағы шығармаларының отарлық қанауға ұшыраған қазақ халқының басындағы күрделі мәселелерді қозғап, елді күреске шақырғаны егжей-тегжейлі баян етілген.
Ал «Жасындай жарқыл» бөлігінде Дулатұлының шығармашылық дарынына, ақын, жазушы, драматург, журналист ретіндегі қызметіне арналыпты. Автор оның әдеби мұрасының құндылығын, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесін ашады. Ағартушылық тұрғысынан Міржақыптың халықты оятудағы, білімге шақырудағы еңбектері, шығармалары арқылы қазақ қоғамындағы кертартпалыққа қарсы күресіп, елді өркениетке, жаңалыққа ұмтылуға үндегені тілге тиек етіледі.
Шығармашылық дарыны сөз болғанда оның поэзиясының тереңдігі, прозасының шыншылдығы және драмаларының қоғамдық мәні ерекше атап көрсетіледі. Мұнда оның әдеби туындыларының қазақ әдебиетін дамытуға тигізген ықпал-әсері, жаңа жанрлар мен тақырыптарды игерудегі маңызына лайықты баға берілген. Оның тілінің көркемдігі, ойының айқындығы, халықтық мұраны пайдалана отырып, заманауи талаптарға сай шығармалар жазудағы шеберлігі тәптіштеледі.
Мұнда Жақаңның журналистік қызметі де қаперден тыс қалмаған. Қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен дамуындағы ойып алар орны айғақ-дәлелдермен айшықты көрініс табады. Оның газет-журналдардағы мақалалары, публицистикалық еңбектері арқылы қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлі айтылады. Міржақыптың журналист ретіндегі ұстанымы – шындықты айту, халық мүддесін қорғау және ұлттық сананы ояту болғаны баян етіледі. Осы тарауда Алаш арысының шығармашылық қызметі оның саяси және қоғамдық белсенділігімен тығыз байланысты екеніне көз жеткіземіз. Ол өз шығармалары арқылы халықтың мұң-мұқтажын көтеріп, Алаш қозғалысының идеяларын кең таратуға жанын салғаны әр қазақ баласына аян емес пе!
Жалпылай алғанда, автор Міржақып Дулатұлының кемелденген кезеңіндегі шығармашылық және ағартушылық істерін алдыңызға ақтарып салып, қазақ халқының рухани өміріндегі жарқын іздерін айқара ашып көрсетеді. Ұлы тұлғаның әдеби мұрасының мәңгілік құндылығын, оның ұлт тарихы мен мәдениетіндегі орны оқшау екенін дәріптейді.
«Шындық шырағы», «Аманат» бөлімдерін кітаптың тірек тарауы десек, жаңылыспас едік. Аталмыш бөлікте автор «Шындық шырағы» атты шежірелі де шерлі кітаптың маңызын айта отырып, Міржақыптың өміріндегі күрделі кезеңдерге, қуғын-сүргінге ұшырауына және оның есімін қайта жаңғыртуға жасалған талпыныстарға тоқталады. Қайсар ағамыз сол кітаптың әлі де өз бағасын ала қоймағанына қынжылыс та білдіріп, тарихтың әділ шешімін күтетінін күрсініспен жеткізеді. «…Тарих безбені ұлы уақыт еншісінде ғой. Осыны ойлағанда қалың бұлттан күн сәулесі сығалағандай болады…», – деп толғанады жазушы.
Кітаптағы «Ортаға оралу», «Ахаң, Жахаң – қос арыс», «Карелия бағытымен», «Қаралы қайта жерлеу», «Тұлпардың тұяқтары», «Тағзым», «Қызбелдегі той» тараулары, «Үміт үрейден үстем», «Алашшыл азамат», «Мадияр бидің маздағы», «Міржақыпқа кесене тұрғызыла ма?», «Қос құбылыс» секілді көптеген мазмұнды мақала, қос бөлімді пьеса, оралымды ой-толғамдар – бәрі-бәрі оқырман жүрегінен төр тауып, арысымыздың қадір-қастерін биіктете түседі деп нық сеніммен айтар едік.
Жалпы, қабырғалы қаламгер өзінің бұл еңбегінде Міржақып Дулатұлының бейнесін, азаматтық болмысын, ұстаным-қағидасын жан-жақты ашуға күш салған. Автордың Жақаң туралы көп жылдан бері ізденіп, қастерлі тұлға туралы ой толғап, қалам тербеп келе жатқаны кітап мазмұнының тереңдігінен айқын көрінеді. Әсіресе, 1992 жылдың 1-18 қыркүйегі аралығында бұрынғы Торғай облысынан жасақталған арнаулы экспедицияның мүшесі ретінде көзбен көргендерін саралап, сараптап жазуы, дамытып әңгімелеуі бұл еңбекке айырықша шынайылық беріп, құндылығын арттыра түскендей. Кітапты парақтай отырып, мұндай ұтымды, ұрымтал тұстардың бірталайын ұшырастырар едіңіз.
Қысқасы, бұл – ардақты тұлғаның ғұмырнамасын қамтыған туынды ғана емес, қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы тарихы мен рухани өмірін терең түсінуге септігін тигізетін сүбелі, сүйекті еңбек. Автор «Алаш арыстарының екінші өмірін күміс сөзімен сыңғырлата қалыптап, қайыра жаңғыртқан қарымды қалам иесі» ретінде Міржақып Дулатұлының мәңгілік мұрасын келесі ұрпаққа жеткізуде ауқымды жұмыс атқарған. Кітап Жақаңның қайраткерлік қызметін кеңірек танып, оның өмірінен үлгі алғысы келетін барлық оқырманға ұсынылып отыр. Қалың қазақтың ыстық ықыласына бөленіп, отан тарихындағы елеулі еңбектердің біріне айналарына шүбә келтірмейміз. Мұны ұлт руханиятына қосылған, ұлт игілігіне қызмет ететін тамаша туынды деуге болады. Өйткені, автордың өзі айтқандай, ұлт пен Міржақып – егіз ұғым.
Жандос ЖҮСІПБЕК
