Баршаңызға мәлім, биыл Жеңіске 80 жыл толғалы отыр. А.С. Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасында жыл сайын өтетін «10-шы аймақ оқиды» акциясының тақырыбы айтулы датаға орайластырылды. Әдеби қонақжайға барған мектеп оқушылары Жеңіс күніне арналған шығармаларды оқып берді.
Жансая Айтмағамбетова осы балалар кітапханасының ішіндегі «Асыл мұра» үйірмесінің мүшесі. Бүгінде № 17 жалпы білім беретін мектебінде білім алып жатыр.
«Әдеби қонақжайға соғыс майданында жүріп көптеген лирикалы өлең жазған Қасым Аманжоловтың жырын ала келдім. «Үстімде сұр шинелім», «Мартбек», «Жеңіс дауысы», «Орал», «Ертіс», «Сибирь», «Сарыарқа» сияқты өлеңдері туған жердің сыр-сипатын, сұлулық бейнесін, соғыс өмірін суреттейді. Ал «Елге хат», «Достар қайда жүрсіңдер?», «Ағайға» деген өлеңдері туған елді, дос жорандарын, ағайын-туыстарын сағынған солдаттың сезім дүниесін жырлайды”, – деген ол Қасым Аманжоловтың «Сен фашиссің, мен қазақпын!» өлеңін оқып берді.
Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңес Одағы тұсындағы талай ақын-жыршылар шығармашылығына арқау болды. Ел мен жер үшін күрескен майдангерлерге, жеңіске тілектес болған қаламгерлер де, аласапыран майданда қан кешіп жүріп Отанын қорғаған батырларды жырға қосты. Солардың бірегейі Ғафу Қайырбеков.
«Ғафу Қайырбек біздің жерлесіміз. Қостанай, Торғай туралы көп өлеңдері елдің аузында жатталып жүр. Ол кісі соғысты да жырға қосқан”, – дейді балалар кітапханасының ішіндегі «Асыл мұра» үйірмесінің мүшесі болып келе жатқан № 17 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Зейнел Нұрай.
Зейнел Ғафу Қайырбековтің «Жеңіс солдаты» өлеңімен көрермендерді сусындатып мәнерлеп оқып шықты.
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогында екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қаһарманы, гвардия полковнигі, Бауыржан Момышұлының сонау балауса шағынан бастап, аты аңызға айналған қолбасшы, атақты жазушы, алты алашқа ұлы перзент боп тұлғалануына дейінгі ұлағатты өмір жолын шынайы фактілер аясында қызғылықты баяндап өткені аян. Бұл жайында Ахмет Бірімжанов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушылары Нұғманова Диана мен Қадыржан Бақтияр шығармадан шағын үзінді оқып берді.
Сырбай Мәуленов майданда қар жастанып, мұз төсендірген соғыстың қайғы-қасіретін, өмір мен өлім айқасын өз көзімен көруі, көңілге түюі – ақын жырларының аясын кеңейтіп, көрген-білгенін ойында терең қорытып, тіршілік философиясына айналдыруына себепші болғаны анық. Сұм соғыста бір қолын жоғалтып қайтса да ақын 58 кітап жазған екен. Бұл туралы № 32 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Садір Амина былай дейді:
«Тәні ғана емес, жаны да мүгедек болып келсе де мөлдір сезімді жастық отынан, жан сұлулығынан ажыратпаған. Әсіресе, соғыс тақырыбында жан сарайыңды өртеп өтер өлмес, өшпес өнеге үлгілерін жасап қалдырды. Сырбай атамыз бұл тақырыптағы қазақ поэзиясының алтын қорын байытқан «Түбірлер», «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңдерін ауызға алсақ та жетіп артылады».
Қонақжайда Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңі көрермендерін тәнті етті. Соғыс жылдарында ұлттық әскери әдебиеттің дамуына үлес қосқан жауынгер жазушы Баубек Бұлқышевтің «Жауынгер» атты өлеңі жастарға ерекше рух берді. Соғыс кезінде жау тылындағы партизандардың басқыншыларға қарсы жасаған зор ерліктерін және өзінің ауылда өткен балалық шағын үлкен тебіреніспен суреттеп жазған көрнекті жазушы Қасым Қайсеновтың «Жау тылындағы бала» атты повесінен үзінді келушілерге ой салды. Қазақ халқының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Соғыстың соңғы көктемі», “Отан” атты жырлары Тобыл жұртымен қауышты.
«Бұл іс-шара жыл сайын өтіп тұрады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі қоғам қайраткері, қаламгер Бақытбек Смағұл, еліміздің жастарын Отанымызға қорған болар жауынгерлік рухта тәрбиелеу үшін даңқты әскери қолбасшы, қазақ халқының асыл перзенті Бауыржан Момышұлының қанатты сөздерін жинақтаған еңбегінің алғы сөзінде «Біз – тәуелсіз елміз. Тәуелсіз елге керегі – тәуелсіз тұлға, тәуелсіз сана» деген екен. Сол себепті тәуелсіздің елдің ұрпақтарына осы күндер үшін күресіп кеткен тұлғаларымыздың өшпес мұраларын жаңғыртып отыру борышымыз», – дейді іс-шараның ұйымдастырушысы, әрі жүргізушісі Ботагөз Дүйсембаева.
Қайсар қаламгер Қасым Қайсеновтың адамзатқа ой салар пікірімен қорытындылап өтсек дейміз. «Соғыс зор апат. Сондықтан дүние жүзіндегі барлық ізгі ниетті адам бейбітшілік болуын тілейді», – деген екен ерен тұлға. Бейбіт елдің қадірін түсініп ата-баба мұрасын ардақтап өтейік.
Айбек ЖҮЗБАЙ