Қайырымдылық – қайырлы іс: «Мектепке жол» акциясы аясында 1860 балаға көмек көрсетілді

Қайырымдылық – қайырлы іс: «Мектепке жол» акциясы аясында 1860 балаға көмек көрсетілді

Қостанай қаласында ендігі 465 бала қалып отыр. Оқушылардың керек-жарағын алып беруге ниетті жандар болса мархабат. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен дүйсенбілік аппарат кеңесінде сөз болды.

Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бибі Қарыбаеваның айтуынша, жаңа оқу жылының алдында 2400-ден астам баланы мектепке дайындау қажеттілігі туындапты. Бүгінде соның дені демеушілердің қолдауымен көмекпен қамтылған. Ендігісі 465 баланы жаңа оқу жылына дайындау керек.

 

«Мектептер алдын ала балалардың санаттарын анықтап, тізім жасақтады. Одан кейін мемлекеттік мекемелер мен меншік нысанына қарамастан барлық кәсіпорын басшыларына «Мектепке жол» акциясы жайлы хаттар жолданды. Білім бөлімінің ресми ресурстарында ақпараттық науқан жүргізілуде. Акция аясында 1 370 баланың ата-анасының шотына   Жалпыға бірдей білім беру қорынан 69,5 млн теңгеден астам ақшалай төлем аударылды. Алайда, мемлекеттік шарамен шектелу аздық етеді. Акцияны өткізу кезінде қоғамның әлеуметтік жауапкершілігі, соның ішінде, бизнестің, кәсіпкерлердің, меценаттардың және педагогтар ұжымының үлесі шешуші рөл атқарады», — деді Бибі Қарыбаева.

Биылдыққа акция басталғалы бері 395 бала 8 млн теңге көлемінде көмек алған. Бұл науқанға қостанайлық педагогтар белсенді қатысып, игі істің бел ортасынан табылуда.

«Қостанай қаласының тұрғындары мен кәсіпкерлері, меценаттары! «Мектепке жол» акциясы 30-қыркүйекке дейін жалғасады. Маңызды дәстүр бастау алған өңір ретінде біз жас ұрпаққа қамқорлық жасау қағидатын ұстанып, отбасыларға қажетті қолдау көрсетуде үлгі болуға тиіспіз. Бизнес өкілдерін және барша жанашыр жанды осы бастаманы қолдауға шақырамын. 1-қыркүйек – Білім күні әр бала үшін нағыз мерекеге және жаңа ілімнің бастауына айналсын!», — деді білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы.

Қазіргі уақытта мектеп ұжымдары жиналып, 104 балаға көмек көрсеткен. Жақсының жақсылығын айту парыз. Қуатты кәсіпорындардың қамқорлығын да ескеру керек. Әсіресе, «Аллюр», «МТЗ-Казахстан» машина құрастырушы зауыт, «БанкЦентрКредит», «Kaspi Bank», «КСТ Трейд» сияқты алпауыт компаниялар тұрақты демеушілер қатарында.

Шаһар басшысы көмекке мұқтаж балалардың бәрін тиісті қолдаумен қамту қажеттігін айтып отыр. Қайырымдылық жасауға ниетті жомарт жандар болса қалалық білім бөліміне хабарласуға болады.

 «Мектепке жол» акциясы біздің облыстан бастау алды. Бүгінде Қостанай жұртшылығы балаларды мектепке дайындауға қоғам болып жұмыла кірісіп, игі дәстүрге айналдырды. Кәсіпкерлер тұрақты демеушілік жасап, қайырымдылық шарасына қарапайым жандар да үлес қосуда. Шенеуніктер мен әр түрлі сала жұмысшылары аталған акцияны қолдайды. Оған нақты мысалдар жетерлік. Жылда бірде бір бала назардан тыс қалмайды. Оқу жылының алдында бәрі 100 % көмекпен қамтылады. Мектепке дайындық науқанын ата-аналар мен қамқоршылар өздері-ақ тамаша атқаруда. Ешкім сырттан көмек күтіп отырмайды. Алайда, қалып отырған 465 балаға қолдау білдіремін десеңіздер нұр үстіне нұр. Біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Себебі, қайырымдылық – әркімнің жүрек қалауы, саналы таңдауы», — деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ