Олимпиада аңызы – Тобыл төрінде

Олимпиада аңызы – Тобыл төрінде

Қостанайға халықаралық аренада өшпес із қалдырған еркін күрестен КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы, әлем және Еуропа чемпионы, көрнекті бапкер Сайпулла Абсаидов келді. Даңқты балуан облыстың жасөспірім спортшыларымен кездесіп, шеберлік сағатын өткізді.

Кездесуде облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жәнібек Жұрқабаев атақты маманды Қостанай өңіріне қошеметпен қарсы алды.

«Киелі Қостанай жеріне қош келдіңіздер! Сіздерден шәкірттеріміз кеңес алып, бірге жұмыс істеп жатқанына қуаныштымыз. Бұл – тәжірибе алмасып, жас спортшыларымыздың жаңа белестерге қанат қағуына мүмкіндік береді. Республика тарапынан біздің өңірге ерекше көңіл бөлініп жатқанын да осыдан көруге болады. Федерация өкілдері үлкен жұмыс атқарып жатыр. Осындай бірлескен жұмыстар арқылы спортты жаңа деңгейге көтеруге болады. Әрқашан табысқа жететінімізге сенімді болайық», – деді Жәнібек Жұрқабаев.

blank

Ал облыстық Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Мақсат Ережепов даңқты балуанның жас спортшылармен кездесуі олар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

blank

«Сіздерге ең алдымен алғыс айтқым келеді. Салып кеткен жолдарыңыз біздің шәкірттерімізге арманға жетуге жол көрсетеді. Ел құрамасына қызметке келіп жатқаныңыз бізге үлкен дем береді. Сайпулла Абсаидов – еркін күрестің білікті маманы. Жаттықтырушылардың шақыруын қабыл алып, Қостанайға келгеніңізге қуаныштымыз. Алда үлкен ұмтылыс болады деп сенеміз. Бүгін мұнда қаламыздағы жасөспірімдер спорт мектептерінен екі жүзге жуық бала жиналып отыр. Облыста жастар өсіп келе жатыр, олардың болашағы зор», – деді Мақсат Ережепов.

blank

Сайпулла Абсаидов Қостанайға алғаш рет келгенін айтып, жас спортшылармен кездесудің өзіне де маңызды екенін жеткізді. Даңқты балуанның Қостанайға сапары өңірдегі еркін және әйелдер күресін дамытуға, жас спортшылардың ынтасын арттыруға және жергілікті жаттықтырушылардың тәжірибе алмасуына тың серпін бермек. Ал Сайпулла Абсаидовтың қарапайым қағидасы – нақты мақсат қою, күн сайын еңбектену және өз әрекетіңді жоспарлау – жас балуандарға үлкен спорт жолындағы маңызды сабақ болды.

blank

«Қазақстан құрамасына келгеніме екі ай болды. Федерацияның шақыртуын қабыл алып, маған сенім білдіргендеріне алғыс айтамын. Үлкен жауапкершілік алдым. Қазір еркін күрестен әйелдер құрамасы бас бапкерінің консультанты болып қызмет атқарамын. Байқағаным – сіздерде бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Басты меже – жоғары деңгейдегі халықаралық аренаға жету. Барлығы мүмкін. Бастысы – ниетке байланысты», – деді ол.

Олимпиада чемпионы жас балуандарға спорттағы жетістік тек күнделікті еңбектің нәтижесінде келетінін айтып, өз өмірінен мысал келтірді.

blank

«Алдымен жұмыс істеу үшін армандаймыз, жоспар құрамыз. Мен шәкірттеріме мақсаттарын жазып отыруды үнемі үйретемін. Бесінші сыныпта жүргенімде алғаш рет мақтау қағазын алғаным есімде. Спорттық ғұмырым содан басталды. Бәріміз атақты болғымыз келеді. Ол үшін алдымен мақсатыңды айқындау керек. Күн сайын не істейтініңді жазып отыру қажет. Қалам мен күнделік сатып алудан бастау керек», – деді Сайпулла Абсаидов.

Осы сөздерден кейін ол жас спортшыларға теориялық кеңеспен шектелмей, шеберлік сағатын бастады. Жас балуандарға күрес техникасының қыр-сырын көрсетіп, спорттық дайындық, тәртіп, мақсат қою және жарыс кезіндегі психологиялық дайындық туралы айтты.

Кездесуге қатысқан жаттықтырушылар үшін де бұл күн ерекше болды. Солардың бірі – күрес саласында отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Рашид Мұхамеджанов. Ол Сайпулла Абсаидовтың Мәскеу Олимпиадасындағы өнерін бала кезінде теледидардан тамашалаған.

blank

«Ол Кеңес үкіметінің кезі болатын. Ол кезде Одақтың балуандары керемет күресетін. Халықаралық жарыстарда он салмақтың алтауын жеңіп алатын кездер болды. Солардың қатарында Сайпулла Абсаидов пен тағы бір дағыстандық олимпиада чемпионы Абишев болды. КСРО құрамында Олимпиада чемпионы болу – өте жоғары жетістік еді», – деді Рашид Мұхамеджанов.

Оның айтуынша, КСРО ішіндегі чемпионаттарда да бәсеке өте жоғары болған.

«Ол кезде ішкі чемпионаттың өзінде күрес өте қиын болатын. Сайпулла сол бәсекелердің бәрінен өтіп, өзінің психологиялық дайындығын дұрыс қалыптастырып, жеңіске жеткен. Мәскеу Олимпиадасының финалында Иван Янковпен белдесіп, жеңіске жетті. Бүгін сол аңызды алғаш рет көзбе-көз көріп отырғаныма өте қуаныштымын. Қазақша сәлемімізді алып, амандастық. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе», – деді ол.

Қостанайдағы кездесуге жиналған екі жүзге жуық жас спортшы үшін Сайпулла Абсаидовпен жүздесу – тәжірибелі маманнан кеңес алып қана қоймай, үлкен спорттың биігіне жеткен тұлғаның өмір жолымен танысуға мүмкіндік болды.

Сайпулла Абсаидов – еркін күрес тарихында өзіндік орны бар спортшы. Ол 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында чемпион атанып, 1981 жылы әлем чемпионатында топ жарды. Сол жылдары Еуропа чемпионы атанса, одан бұрын әлем кубогын жеңіп алған. КСРО чемпионатында екі мәрте алтын медаль иеленді. Спорттағы еңбегі «Құрмет белгісі» орденімен бағаланды.

Бапкерлік жолында да Абсаидовтың жетістігі аз емес. 2009–2019 жылдары Әзербайжанның еркін күрестен ұлттық құрамасының бас бапкері болды. Оның жетекшілігімен Әзербайжан құрамасы Олимпиада ойындары, әлем және Еуропа чемпионаттарында 54 медаль жеңіп алды. Соның ішінде Лондон Олимпиадасында екі алтын медаль бар.

2022 жылдан бастап ол әйелдер күресі бағытында жұмыс істеп, ұлттық құраманың дамуына үлес қосып келеді. Қазір Сайпулла Абсаидов Қазақстан құрамасында еркін күрестен әйелдер құрамасы бас бапкерінің консультанты қызметін атқарады.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Василий Васлильев