Қайырымды істер марафоны жалғасып жатыр

Қайырымды істер марафоны жалғасып жатыр

Биылғы қыста қардың қалың жауғаны орталық көшелерден бастап жеке тұрғын үй секторында тұратын тұрғындар үшін қолайсыздық туғызды. Осыны ескерген «Жарық» еріктілер клубы игі істердің ізін жалғады. Олар жалғыз тұратын қарт адамдардың ауласын қардан тазалап, азық-түліктерін жеткізіп беруде.    

Олар бірінші болып, 84 жастағы Любовь Михайловнаның үйіне барды. Жеке секторда тұратын жалғызбасты кейуана үшін қар күреу мұң еді. Әп-сәтте ауласын ақ ұлпадан тазартып берген жастарға ризашылығын білдіріп, көзіне жас алды.

 «Мен жастардың бұл істеріне өте ризамын. Әрдайым осындай көмек қолын созып, маған демеу болады. Өз уақыттарын бөліп арнайы қар тазалауға келгендеріне ризашылығым шексіз. Қаншама рет ештеңе алып келмеңдер десем де, ылғи да азық-түлік пен керек-жарақтарды алып келеді. Дегендеріне жетіп, еліміздің мақтанышы болсын, айналайындар», – деп ақ батасын жаудырды қария.

Қаладағы жаппай қар аршу шарасына барлығы 20-дан аса ерікті жұмылды. Жалынды қыз-жігіттер ойнап жүріп, бар шаруаны әп-сәтте тындырады. Еріктілер жақсылық жасауға жандары құмар.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу