Арқалықта жалауын көтерген «Тың-2023» ауыл жастарының жазғы спартакиадасында қайыңдылық жастар спортың әр түрінен ең көп ұпай жинап, жеңіс тұғырына көтерілді.
«Спартакиадаға жақсы дайындықпен келдік. Қарсыластарымыз да осал болмады. Дегенмен, ауыл жастарының күшімен жеңіске жетіп отырмыз. Ауылымыздағы спорт әдіскері жақсы жұмыс істеді. Ауыл мектебінің жанынан қазақ күресінен үйірме аштық. Алдағы уақытта да жақсы нәтиже көрсете береміз деген сенімдеміз», – дейді ауыл әкімі Берік Ғабдуллин.
Қаланы дүбірге бөлеген спартакиадада осындай 13 ауылдан келген 400-ден астам қыз-жігіттер спорттың 12 түрінен сайысқа түскен болатын. Екінші орынды Фурманов ауылы, ал үшінші орынды Екідің ауылының жастары еншіледі. Спортшылары жарыс тұғырынан көрінген Фурманов ауылының әкімі Қазима Төлебайқызы мен Екідің ауылының әкімі Дулат Бейсенов те кейінгі кезде мемлекет тарапынан ауыл спортының дамуына ерекше көңіл бөлініп отырғандығын алға тартты.
Спартакиаданың салтанатты ашылуында спортшылар сап түзеп, еліміздің Әнұраны орындалды. Шоқтығы биік шараның бас төрешісі, қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков жарыстың өту тәртібімен таныстырды. Қала өнерпаздары ән-жырымен шашу шашты.
«Мемлекет басшысының салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қазақстандықтарды бұқаралық спортқа тартуға көп көңіл бөлуін ескеріп, соңғы жылдары қаламызда спорттың инфрақұрылымын дамытуға біраз күш жұмсалды. Содан бері спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ел намысын қорғап, талай сыннан өтіп келе жатқан спортшыларымыз қойған мақсаттарынан жаңылмай, байрақты бәсекелерден жеңіспен оралып жүр», – деді қала әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов құттықтау сөзінде.
Жанкүйерлерін жанына көптеп топтастырған спорттық шаралар орталық «Жігер» стадионында және қаланың оқу орындарындағы спорт залдарда көрініс тапты. Жеке және топтық сайыстарда үздік шыққан спортшылар медальмен, мақтау қағаздарымен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы