Арқалықта жылумен жабдықтау жүйесі 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен толықтай жаңартылады. Сондай-ақ ұжымда еңбек өнімділігін арттыру мақсатымен жұмысшылардың жалақысы көбейтілді. Былтыр облыс бюджеті есебінен 11 жаңа техника сатылып алынды. Биыл да кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктерін арттыру шаралары жоспарланып отыр.
Өткен жылы мекеме жұмысшыларының жалақысы алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көтерілді. Қазір мұнда орташа жалақы – 186 мың теңге. Кәсіпорын мораторийге қарамастан, тарифті көтеріп, жұмысшылардың табысын арттыруға мәжбүр болды. Негізінен, қаланың жылуға жұмсалатын барлық шығыны бюджет мойнына жүктелген. Мәселен, қала тұрғындары жылуға 3 мың теңге, кәсіпкерлер 3 мың 965 теңге төлесе, бюджет мекемелері 36 мың 579 теңге төлейді. Салыстырып қарағанда он есе көп. Бұл жылу жағы болса, судың төлемі де осылай. Тұрғындар тіршілік нәрінің бір текше метріне 113 теңге төлесе, өзге тұтынушылар 238 теңге, ал бюджет 1930 теңге төлейді.
Жасұлан Әбдірахманов, АЖЭК басшысының міндетін атқарушы:
– “Арқалық жылу-энергетика компаниясы” Арқалықтың және инженерлік, магистральдық желілердің бойында орналасқан кенттердің тіршілігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті жүзеге асырып, жылумен жабдықтап, сумен қамтамасыз етіп келе жатқан мекеме.
Қалалардың жылу беру жүйелерінің жұмысын жолға қою жөнінде Президентіміздің қойып отырған талабы жалпыға мәлім. Осы ретте үкіметіміздің, облыс, қала әкімдерінің назар аударуының нәтижесінде біздің де кәсіпорнымыздың тынысы кеңейіп, мамандарымыз зор құлшыныспен жұмыс атқаруда. Кәсіпорынның кірісі мен қаржылық қызметі 12 қызмет түрі бойынша бекітілген тарифтерге тікелей байланысты. Оның 10-ы негізгі реттелетін қызмет түрлеріне және екеуі қосалқы қызмет түріне жатады.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақының 70 мың теңгеге дейін өсуіне байланысты жалақы 16,7%-ке ұлғайтылды. Бүгінде кәсіпорында 501 адам жұмыс ітеп жүр, 23 бос орын бар. Қалалық жұмыспен қамту орталығына бос жұмыс орындары туралы өтінім берілді, сондай-ақ бұл туралы ақпарат “Enbek.kz” сайтында да орналастырылған.
Былтыр жылыту маусымы 30-шы қыркүйекте басталды. Жылу энергиясын беру бекітілген температура кестесіне сәйкес жүзеге асырылып келеді. Өнімді босату және тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсету бекітілген нормалар мен температуралық кестеге сәйкес жүргізіледі.
Үкіметтің қамқорлығы мол
Арқалық – тарифке қуат тасымалы кірмейтін еліміздегі бірден-бір қала. Бұрын қала миллиардтаған қаржыға мазут пен жылытылғанда да кірмеген, қазір қатты отынға көшіп, шығын азайған шақта да солай. Облыс бюджеті қамтамасыз етеді, қала соны жұмсайды, соған жылу береді. Тарифтен түскен табыс жалақы, жанармай, қосалқы бөлшек, т.б. жұмсалады. Яғни, көмірдің бағасы тарифке енбейді. Бұл да болса үкіметтің Арқалықтың тұрғындарына, кәсіпкерлеріне көрсетіп жатқан қамқорлығы. Яғни, тарифтің өспеуіне, кәсіпорынның қалыпты жұмыс істеуіне жасалған нақты көмек.
Кәсіпорын алдағы уақытта учаскелердегі ағымдағы ішінара жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Биыл қалада республикалық бюджет есебінен (“Арқалық қаласының жылумен жабдықтау жүйесін 2030 жылға дейін қайта жаңарту” жобасы) 25 км су құбыры, 7 км жылу трассасы жөнделеді деп көзделіп отыр. Атап айтқанда, бұл учаскелерді жаңғыртуға мемлекет қаражаты бөлінген. Кәсіпорынға салмақ түспейді.
Ерболат Мұхамеджан, құрылыс учаскесінің басшысы:
– Биыл мекемемізде үкіметтің қолдауымен көп жұмыс атқарылып жатыр. Төбе жабуды, құбырлар салуды жан-жақты жоспарлап отырмыз. Жұмыс 100 % орындалып жатыр деп айта аламыз. Бала-шағам, үш немерем бар. Жұбайым үй шаруасына қарайды. Еңбекақымыз өсіп, тұрмысымыз бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Қала әкіміне, мекеме басшысына айтар алғысымыз зор.
Толқын Асанқызы, абонент бөлімінің аға есепшісі:
– Осы ұжымда он жылдай уақыт бойы жұмыс істеп келе жатырмын. Халықпен жұмыс атқарамыз. Жалпы, абонент бөлімі тұрғындардың тұтынған коммуналдық қызмет төлемдерін есептеп, сол бойынша төлем түрлерін белгілейді. Қазір мекемеміздің жағдайы бұрынғыдан анағұрлым жақсарды. Баламалай айтқанда, барлық бөлімдерінің бойына қан жүгіріп, жаңа леппен тың серпін алып, әріптестеріміздің болашаққа деген сенімі де арта түсті.
Еркебұлан Оразбекұлы, механизатор:
– АЖЭК-те он жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келемін. Қазір жағдайымыз оңалып келеді. Жаңа техника тізгіндеп, қуанып жүрміз. Еңбекақымызды көтеріп жатыр. Үнемі осылай жақсы бола берсін дейміз. Жұмыста тұрақтылықтың болғанына не жетсін. Бала-шағамыздың қамы үшін еңбек етеміз. Жұбайым, үш балам бар. Баламның үлкені студент. Тілегіміз – халқымыздың әл-ауқаты артып, еліміз көркейіп, гүлдене берсін.
Мұрат Жүнісұлы.
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы