Күнделікті тілдік қолданыста әркелкі формада айтылып, жазылып жүрген сөздер көп. Кейбірі дыбыстық өзгеріске ұшыраған, енді бірі қисыннан ауытқыған, тұлғалары ұқсас сөздердің ретсіз пайдаланылып жүргенін де жиі байқаймыз. Бүгін «ТүзеТілді» айдарында осы ағаттықтарға нақты мысалдар келтірмекпіз.
«Түйедей» ме, «түйдей» ме? Қазақта жас шамасы бірдей, бір күнде туған құрбыларды «түйдей құрдас» дейді. Бірақ көбіміз бұл тіркесті «түйедей құрдас» деп талғамсыз айтып, жазып жүргеніміз жасырын емес. Егер сөз төркініне үйңілсек, дыбысталуы ұқсас болғанымен, бұл жерде «түйенің» еш қатысы жоқ. Тіл мамандарының түсіндіруінше, «түйдей» сөзі бастапқыда «түз» сөзімен төркіндес болған. Бұл жерде «з – й» сәйкестігін еске алуға болады: «сөз – сөйле». «Түй(дей)» сөзінің бастапқы түрі – «түз(дей)», «түз(у)» – «бірдей», «теңдей», «тегіс» деген мағынаны білдірген. Бұл сөз әйгілі Махмұд Қашқаридың ХІ ғасырдағы сөздігінде де кездеседі.
«Әже» ме, «ажа» ма? «Әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ» – шектен шыққан тәртіпсіздікті меңзейтін мәтел. Ал біз осы «ажаның» орнына «әже» сөзін қате қолданып жүрміз. Негізінде, ажа – көне түркі тілінде ауылдың сыйлы, құрметті үлкен адамы немесе әмірші дегенді білдіретін сөз. Тарихқа үңілсек, енесай қырғыздары билеушісін «ажо» деп атаған. Ғұлама Әлкей Марғұлан: «Ажа» көне заманнан келе жатқан түркі халықтарына ортақ сөз. Ол «бұйрық», «заң» деген ұғым береді», – деген анықтама айтады. Демек, қалай болғанда да, бұл мәтелге «әжені» қыстырмаған жөн деп санаймыз.
«Туған күн» бе, «туылған күн» бе? Қазір қоғамда осы екі нұсқа қатар қолданылып жүр. «Туылған күн» сөзіндегі «ыл» ырықсыз етіс жұрнағы. Ал ырықсыз етісте қимылдың иесі болмайды. Осы қисынға салсақ, сәби өздігінен туылмайды емес пе! Мұны «келген күн», «көрген күн» деген сөздермен де растауға болады. «Дүниеге келінген күн» деп айтпайтынымыз рас қой. Олай болса, дұрыс нұсқасы «туған күн» болуы керек.
«Рахмет» пе, «рақмет» пе? Бүгінде осы екі нұсқаны қалауымызға қарай алма-кезек қолдана беретін болдық. Ал тіл мамандарының айтуынша, бұл сөздің «рақмет» түрінде берілуі қате. Себебі қазақ тілінде дыбыстар қатар келіп, тіркесуінде өзіндік заңдылықтар бар. Сөз соңында үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі ғана (қарт, ант, салт, т.б.) қатар келеді. Мұндай дыбыстық тіркестерді Қ.Кемеңгерұлы “дауыссыз дифтонг” деп атайды. Қатаң және үнді дыбыстарының тіркесуі қазақ тіліне жат. Сондықтан “қ” мен “м” дыбыстары қатар келе алмайды. Мамандардың алға тартуынша, не түпнұсқа түрінде «рахмет», не қазақы орфоэпияға сай «рақымет» болуы керек.
«Балуан» ба, «палуан» ба? Әр кезде әркелкі қолданылып жүрген сөздердің бірі осы. Бірақ тіл мамандары бекіткен нұсқа – «балуан». Қисынға салып қарасаңыз, халық композиторы Нұрмағанбет Баймырзаұлының лақап атын «Палуан Шолақ» деп жазбаймыз ғой. Қазақ әдебиетінде де бұл сөздің «палуан» тұлғасында пайдаланылғанын көрмейсіз. Ендеше, бірізділікті сақтау үшін кез келген жағдайда «балуан» деп айтып, жазуға тиістіміз.
«Немқұрайлы» ма, «немқұрайды» ма? Әдеби тілде бекітілген норма бойынша «немқұрайды» деген форма дұрыс. Сондықтан осы нұсқадан ауытқымаған абзал. Әсіресе, жазба тілде бұны міндетті түрде сақтау керек. Ал «немқұрайлы» деген – қисынға қайшы, бұрмаланған сөз. Тіл ғылымында бұлай бекітілген норма узус деп аталады. Айта кету керек, «немқұрайды» сөзінің «селсоқ», «самарқау», «немкетті» секілді синонимдері бар.