Қай нұсқа дұрыс?

Қай нұсқа дұрыс?

 Қазақ тілінде екі түрлі қолданылып жүрген сөздер мен тіркестер көп. Әркім өзіне қолайлы нұсқаны дұрыс санап, қолынан келгенше қорғап жатады. Бірі қисынға салса, енді бірі басқалардың да солай сөйлеп-жазып жүргенін алға тартады. Ал біз қазақ тілі заңдылықтарына, ғалымдардың зерттеу еңбектеріне сүйенгенді жөн санап отырмыз. Олай болса, бірнеше мысал келтіріп көрейік.

 

            Болуы тиіс пе, болуға тиіс пе? Біз мысалға алып отырған екі нұсқа бірдей қолданыста жүр. Әлеуметтік желілерде, журналистердің, тіпті тіл мамандарының арасында осыған байланысты үнемі пікірталас туындап та жатады. Сонымен, осы екеуінің қайсысы дұрыс? Меніңше, бұлардың дұрыс-бұрысын ажыратудың ешқандай қиындығы жоқ. Ол үшін жіктік жалғауларға жүгінсек жетіп жатыр: І жақ – мен баруға тиіспін, ІІ жақ – сен баруға тиіссің (сіз баруға тиіссіз), ІІІ жақ – ол баруға тиіс. Қазақ тілінде «мен болуым тиіспін, болуың тиіссің» делінбейді. Сәйкесінше, «болуы тиіс» деген нұсқа да қате.

             Дандайсу ма, даңдайсу ма? Көбіміз алғашқы нұсқаны таңдауымыз мүмкін. Өйткені бұл сөзді «н» әрпі арқылы айтуға, жазуға әдеттеніп кеткенбіз. Бірақ дұрысы «даҢдайсу» болады. Себебін түсіну үшін осы сөздің түбіріне үңіліп көруіміз керек. Даң – атақ, бедел, даңқ, абырой секілді сөздердің синонимі. Мысалы, «Қозы Көрпеш  – Баян сұлу» жырында: «Қарабай, Сарыбаймен аңға шыққан, Атағы екеуінің даңға шыққан», – деген жолдар бар. Ал «Ер Сайын» жырында: «Байлығының белгісі – малы алашқа даң болған», – дейтін тармақ кездеседі. Рабиға Сыздықованың еңбектерінде: «Даңдау – біреуді мақтау, даңдану – өзін жақсы жағынан көрсету, даңдайсу – өз атағын өзі көтермелеу деген мағынаны білдіреді», – деген анықтама беріледі. Әр сөзді төркініне байланысты қолдануымыз керек.

             Қаңғыбас ит пе, қаңғыған ит пе? Қоғамда иесіз иттердің көбейіп кеткені, олардан адамның жапа шеккені туралы ақпаратты жиі кездестіретін болдық. Бұл мәселеге бір алаңдасақ, тақырыптарға қарап тағы көңіл түседі. Телеарналар, басылым беттері, сайт-порталдардағы «Қаңғыбас ит…» деп басталатын тақырыптан көз сүрінеді. Қазақ «қаңғыбас» сөзін адамға қаратып қана қолданушы еді. Ал итке байналысты «бұралқы» дейтін. Мұны байлаусыз, иесіз, кезбе сөздерімен алмастырса да болады ғой? Тым құрығанда, «қаңғыған ит» десек, «қаңғыбас» дегеннен әлдеқайда дұрысырақ көрінеді.

             Қарды тазалаймыз ба, аршимыз ба? Қазір бәріміз жаппай «қар тазалайтын» болдық. Мұның қате тіркес екені қаперімізге кіре бермейді. Бұл орыстың «очистка снега» дейтін тіркесінің тікелей аудармасы болса керек. Егер мағынасына үңіле түссек, «өзі таза қарды неден тазалаймыз?» деген заңды сұрақ туындар еді. Қарды құрамындағы қажетсіз нәрседен тазалау туралы айтылып тұрса, үндемеген болар ма едік? Ал қардың өзінен «құтылуды» біз «қар аршу», «қар күреу», қар шығару» деуіміз керек. Таза болмаса, (қаланы/көшені/ауланы) қардан тазалайық!

            Жылы-жұмсақ па, жайлы-жұмсақ па? Бұлардың да айырмашылығына көз жеткізу үшін қос сөз тұлғасындағы сөздердің шығу төркініне жүгінуіміз керек. Жалпы, «сойылған мал етінің жылы-жұмсағы» деп айтылатын сөз бар екенін білеміз. Бірақ осы «жылы-жұмсақтың» бастапқыда басқаша жазылғанынан хабарымыз бар ма? Тағы да Р.Сыздықованың еңбектеріне көз жүгіртіп көрелік. Ғалым «Сөздер сөйлейді» еңбегінде: Жоғарыдағы «жылы-жұмсақ» дегендегі «жылы» бұл мағынада емес. Ол сөздің о бастағы тұлғасы –«жаулы/жаулығ/жағлығ». Ал «жағ, жау» түбірі «май» деген ұғымды білдірген. Демек, «еттің жылы-жұмсағы» оның «майлы жұмсақ, яғни ең дәмді жерлері» дегенді білдірген. «Жау» сөзінің көне замандарда «май» мағынасындағы сөз болғанын, оның қазақша «жаужұмыр», «жауқазын» деген өсімдік атауларының құрамында келіп, “май”, “майлы” деген ұғымды білдіргендігін кезінде профессор Қ.Жұбанов айтып кеткен болатын. Көне түркі жазба ескерткіштерінде «жағлығ-йумшақ» деген қос сөз болған, оның бір мағынасы – “мягкий, нежный”, екіншісі – “тучный”, – деп жазады. Мұның сыртында, «жаубүйрек» дейтін ұлттық тағам бар екенін де естіген боларсыздар. Демек, дыбыстық өзгеріске ұшыраған бұл сөздің әуелгідегі дұрыс айтылып-жазылуы  «жайлы-жұмсақ» екенін біле жүрейік. Бірақ екі нұсқа да қазақ халқының қолданысында бар.

Жаңалықтармен бөлісу