Өткен жылы еліміздің тарихында ерекше бір оқиға болды. Меккедегі қасиетті Қағбаның есігінде 1982 жылдан 2012 жылға дейін 30 жыл тұрған алтын құлып пен кілт тұңғыш рет Қазақстанға әкелінді. Оны сонау халифалар заманынан бері Қағбаның кілтіне иелік етіп келе жатқан Бәни Шәйба ұрпақтары жерлесіміз, меценант «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Аманкелді Әбдіқалықовқа сыйға тартқан.
Белгілі меценат бұған дейін Аманкелді ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Қасиетті қағбаның қисуасын тарту еткен болатын. Бүгінде Сатыбалды Ишан мешітінде тұр. Бұған дейін ол облыс орталығындағы мешіттерде көшпелі түрде жамағаттың назарына ұсынылған еді. Міне, енді қасиетті қағбаның алтын құлпы мен кілтін әкеліп, жерлестердің көруіне мүмкіндік жасап отыр. Аманкелді ағамыз өзінің туған жеріне әлеуметтік салаға да демеушілік жасап, орталықтағы саябаққа волейбол және баскетбол алаңын 7,5 млн теңгеге салып берді. Әрі жыл сайын әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік қоржындарын сыйға тартады. Меценатпен Қостанай қаласына келген іссапарында жолығып сұхбаттасудың сәтті түсті.
– Амангелді Еренғайыпұлы, ең алдымен Қағбаның кілті жайлы айтып берсеңіз. Оған бағзы дәуірден бері неліктен тек Бәни Шәйба ұрпақтары ғана иелік етеді?
– Мейірімді де Рақымды Алланың атымен бастаймын! Исламға дейінгі жаһилият дәуірінде Қағбаның кілті Ғұсман ибн Талханың қолында болатын. Ол өзінің бір риуаятында айтады: «Қағбаның есігін аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері ашатынбыз. Қалаған адамды ішіне кірзігіп, қаламаған адамды кеудеден итеретін едік. Біз рұқсат берген адам ғана Қағбаға кіре алатын. Бір күні Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Қағбаға кіру үшін келе жатқанын алыстан көрдім. Ол кезде жасы 37-де, яғни әлі Пайғамбарлық келмей тұрған кез еді. Оны кіргізбеймін деген оймен Қағбаның табалдырығына қолымды бүйіріме таянып тұрып алдым. Мұхаммед (с.ғ.с.) менің ойымды біліп тұрса да, қасыма келді де: «Ей, Ғұсман! – деді. – Күндердің күні бір уақыт келеді, мына Қағбаның кілтін менің қолымнан көресің. Сол кезде кілтті өзіңе қайтарамын!».
Бұны естіген кезде абдырап қалып, ізет көрсетіп: «Кіріңіз, кіріңіз», – дедім құрметпен. Бірақ бұл сөз құлағымда ұмытылмастай қалып қойды…». Үш жылдан соң Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық келді, ол 13 жыл Меккеде тұрған соң, Мәдинаға көшті, 9 жылдан кейін Мекке мұсылмандардың қолына бейбіт жолмен өтті. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ең бірінші Қағбаға келді. Кілт Ғұсманның қолынан кеткен, өйткені ол мұсылман емес еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаны өз қолымен ашып, ішіндегі пұттарды сындырып, тазалап, ішін жуған соң, сахабалардан рұқсат сұрап, бір өзі қалып, Аллаға шүкір намазын оқиды. Сол намазда тұрғанда «Аманатты өз егелеріне тапсырыңдар», – деген Құраннан уахи келеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбадан шығып: «Ғұсман ибн Талха қайда? Оны маған алып келіңдер!» – дейді. Екі сахаба жүгіріп барып, Ғұсманды үйінде тығылып жатқан жерінен сүйреп алып келеді. Сонда Пайғамбарымыз: «Ей, Ғұсман! – дейді. – Есіңде ме, бір күні Қағбаның кілтін менің қолымнан көресің деп айтқан едім ғой?». Сонда Ғұсман Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сол сөзін бірден есіне түсіріп: «Ей, Мұхаммед, Алладан басқа тәңір жоқ екеніне және Сен Алланың нақ пайғамбары екеніне куәлік етемін», – деп Исламды қабыл етеді…
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Ғұсман, мына кілт саған және сенің ұрпақтарыңа. Сендерден бұл кілтті ешкім де ала алмайды, аламын деген адам залым болады», – дейді. Осылайша, хазреті Ғұсман жаһилият дәуірінде де, Ислам дәуірінде де Қағбаның кілтін иемденуші болып қалды. Уақыт өте келе ол қартайған соң өз баласы болмағандықтан кілтті інісі Шәйбаға қалдырды. Содан бері Қағбаның кілті ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Кілтті иемденушілер Шәйбаның атымен «Бәни Шәйба» деп аталып кетті.
– Өзіңіз Бәни Шәйба ұрпақтарымен қалай таныстыңыз? Біздің білуімізше, бұған дейін де сізге олар Қағбаның кисуасын сыйға тартқан екен.
– Алланың құдіреті шексіз ғой, 2018 жылы оразаға 3 күн қалғанда менің 5-ші ұлым дүниеге келді. Есімін Сайд Аднан деп қойдым. Аднан – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) 21-ші атасы. Алланың елшісі (с.ғ.с.) осы ұлы бабамыз – Аднанды көбірек еске алған екен. Өйткені, Аднан – арабтардың басын біріктірген құрметті тұлға болыпты. Ал Сайд деп пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немересі Хусейннен (р.а) тарайтын ұрпақты айтады. Хасаннан (р.а) тарайтын ұрпақтарын «шериф» дейді. Біз Хусейннен тарайтындықтан, Сайд сөзі қоса айтылады. Менің руым Сайд қожа болғандықтан, біз де пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпағы болып саналамыз. Көпшілік: «Балаңызға мұндай атты неге қойдыңыз? Бұл түріктің аты ма, арабтың аты ма?» деп сұрап жүрді.
Содан баламның шілдеханасын жасар алдында Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Аднанға дейінгі 21 атасының есімдерін жаттап алып, кейін жиында қажыларға айтып беріп, балама неге осындай есім қойғанымды түсіндірдім. Осы оқиғадан соң 1 айдан кейін Саудияға барған сапарымда шейхтармен бірге Бәни Шәйбаның Қағбаның кілтін ұстап отырған ұрпағының шаңырағында қонақта болдым. Бұл өзі аяқ астынан болған жағдай. Меккеге қонақ үй мәселесімен келген едім. Ол шаруам тез арада шешілді де, сол жақтағы таныс шейхтар Бәни Шәйба шаңырағына баруға шақырды. Сол киелі әулеттің үйінде «Бәни Шәйба шежіресі» деп, Аднаннан бастап өздерінің үрім-бұтақтарын жазып қойған шежіресін оқып қалдым.
Дастарқан басында таныс-білістен соң олар Қазақстан жайлы сұрады. Мен қазақ халқы ежелден мұсылман екенімізді, 70 жыл кеңестік заманда діннен ажырап қала жаздап, қазір қайтадан дін жолына оралып, жоғымызды түгендеп келе жатқанымызды жеткізіп, сөзімнің соңында: «Сіздер шежірелеріңізді ұмытпай жазып, төрге іліп қойыпсыздар. Біз де Аднаннан тарайтын ұрпақпыз. Мен қазақтың ішіндегі Сайд Қожа руынан боламын. Ата-бабаларым осы жерден шығып, Орта Азияға дін тарату үшін келген. Сіздердің жазып қойған шежірелеріңіз төрде ілулі екен, ал бұл шежіре біздің жүрегімізде сақтаулы. Рұқсат етсеңіздер айтып берейін, қатесі болса жөндеңіздер», – дедім де бұған дейін жаттап алған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Аднанға дейінгі аталарын тізбектеп айтып шықтым.
Арабтар өз бабаларын менің аузымнан естіген кезде таң-тамаша болып, «Аллаһу Әкбар» деп тәкбір айтып, мені бауырым деп құшақтап, қуаныштарын жасыра алмады.
Сөзімді одан әрі жалғап: «Құсай ибн Киләбтің 4 ұлы болған. Оның біреуі Абдулманаф, 2-шісі Абдуддар. Абдулманафтан – Һәшим, одан Абдулмутталип, одан әрі қарай менің бабаларым кетеді. Абдуд-дардан сендер тарқайсыңдар. Әрі қарай бабаларымыз бір, сондықтан мен бөтен үйге емес, аталас туысқандарымның шаңырағына келіп отырмын», – деп шежіреден білгенімді айтып шықтым. Сол кезде олар: «Сіз біздің ең жақын туыс, бауырымыз екенсіз», – деп зор құрмет білдірді. Қайтарда мені құшақтап: «Біз отбасымызбен ақылдасып, сізге бір сыйлық береміз. Соған разы боласыз», – деді.
Осы сапар алдында Рахима атты қажымыз маған хабарласып: «Қажеке, сүйінші, түс көрдім. Сізге арабтар жүні жылтыраған қара тұлпар мінгізіп жатыр екен. Үстіне мініп алғансыз, екі араб тізгіннен ұстап тұр. Сіз мәз-мейрам болып: «Рахима әпке, көрдіңіз ғой, арабтар маған осындай сыйлық жасап жатыр. Енді сізге шәй беремін», – деп айтып жатсыз», – деген болатын.
Бәни Шәйба ұрпақтары уәде еткендей, кейін маған алтын жалатылған Қағбаның киуасын тарту етті. Сонда Рахима әпкеміздің «Сыйлықпен ораласың» деген сөзі тура келгеніне қайран қалдым. Жалпы бұл қажы әпкеміз бұрын да менің Қағбаға кіретінімді түсінде көріп, алдын ала сүйіншілеген болатын… Осыдан бастап, Бәни Шәйба ұрпақтарымен танысып, туысқандай болып араласып кеттік. Қағбаның киуасы – олардың маған берген бірінші сыйлығы. Қазір үйімде, төрімде ілулі тұр.
– Бәрекелді! Енді негізгі тақырыбымызға ойыссақ. Өзіңіз айтқандай, пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеті бойынша Қағбаның кілті осы уақытқа дейін Бәни Шәйбаның қолында. Алайда олар бір кілт пен құлыпты сізге сыйға тартқан екен. Бұл қалай болды?
– Өткен жылы 28 желтоқсанда Алла Тағала шаңырағымызға тағы бір қыз берді. Бүгінде 5 ұл, 2 қыздың әкесімін. Пайғамбарымыздың 44-ші ұрпағы шейх Турки Шарифке «Қызды болдым» деп айтып едім, ол «Есімін Румайса деп қой» деп кеңес берді. «Ол кім?» деп сұрасам, «Румайсаны білмейсің бе? Ол Әнас ибн Мәліктің анасы ғой. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жәннатпен сүйіншілеген әйел», – деді. Сол кісінің ұсынысын қабыл алып, қызымның атын Румайса деп қойдым.
Кейін Бәни Шәйба ұрпақтарының шаңырағында аналары қайтыс болды деген хабарды естіп, биыл ақпан айында умраға барғанда көңіл айтып шығайын деп үйілеріне бас сұқтым. Әңгімелесіп отырып, жуырда қызды болғанымды тілге тиек еттім. Олар құтты болсын айтып, атын кім қойдың деп сұрады. «Румайса» деп едім, бәрі бір-біріне қарап таңданып қалды. «Сендерде сондай ат бар ма?» – деді олар.
«Негізі қазақта мұндай есім кездеспейді. Бұл атты қызыма шейх Турки Шариф қойды», – деп едім, олар: «Біздің де анамыздың аты Румайса екенін білесің бе?» – деді. Сөйтсек, дәл менің қызым дүниеге келген күні олардың шешелері қайтыс болған екен. Сол кезде мен де таң қалып: «Сіздердің аналарыңыз тірі, ол кісінің өмірі әрі қарай біздің елімізде жалғасып жатыр», – дедім көңілдерін жұбатып. Бұл сөзді естігенде жүздеріне шырай кіріп, барлығы қуаныштарын білдірді.
Қайтарда олар: «Біз отбасымызбен ақылдасып, саған бір жақсы сыйлық береміз», – деді. Осылайша биыл наурыз айында умраға барғанымда Бәни Шәйба ұрпақтары маған үйіңе барғасын ашып қарайсың деп бір қорапшаны қолыма ұстатты.
Елге оралған соң, шаңырағыма туыстарымды шақырып, бәріміз бірге оны ашып қарасақ, Қағбаның алтын құлпы мен кілті екен! Қасында түпнұсқа екенін растайтын сертификаты да бар. Қуанышымда шек болмады. Бұл менің қисуадан кейінгі өмірімде алған ең үлкен сыйлығым десем де болады.
«Қағбаның кілті тек Бәни Шәйбада болуы керек, неліктен сізге берді?» деп сұрап жатсың ғой. Жоғарыда айтқанымдай, біз сайд қожалар – Бәни Шәйбамен туысқан, аталас болып келеміз. Соны ескере келе олар өздерінің қолындағы 2 құлыптың бірін маған беруге шешім қабылдаса керек.
– Жалпы, тарихта Қағбада қанша кілт болған?
– Қағбаға алтыннан құлып орнатуды кезінде халифалар бастаған екен. Мен осы мәліметтерді араб дереккөздерінен арнайы зерттеген едім. Сол заманнан бері Қағбаның аузында 59 құлып тұрған. Олардың 56-сы қазір Түркия, Сауд Арабиясы, Мысыр, Палестина, т.б. елдердегі музейлерде сақтаулы. 57 және 58-ші құлыптар Бәни Шәйба әулетінің қолында болды. 57-ші құлыпты Осман империясының соңғы патшасы Абдулхамид хан өз қаражатына жасатқан. Ал 58-ші құлыпты 1982 жылы Сауд Арабиясының королі марқұм Фахд ибн Абдул Әзиз арнайы жасатып, Қағбаның есігіне орнаттырған екен. Мендегі осы құлып пен кілт. Ал 59-шы құлып бүгінде Қағбаның есігінде тұр.
– Бұл құлып пен кілт несімен құнды? Қандай да бір қасиеті бар ма?
– Бәни Шәйбаның сыйлығын елге әкелгесін тұңғыш мүфтиіміз Рәтбек қажы хазретке көрсеттім. Ол кісі арабша жазылған сертификатын оқып, мөрлеріне қарап, толық көз жеткізген соң, маған қарап: «Шәйба ұрпақтары өздерінің текті әулет екенін айғақтады, сен соны білесің бе?», – деді. Қалайша деп сұрап едім: «Саған кілттің өзін ғана берсе де риза болар едің ғой. Ал олар құлыпты қосып беріп отыр. Екеуін бір-бірінен ажыратпай, құнды дүниені бірге берді. Бұл атадан жалғасқан тектілікті білдіреді, – деді. – Бұл сенің қанша жылдан бері адамдарды қажылық пен умраға апарып жүрген еңбегіңнің жанғаны. Енді мынау дүние саған ұрпақтан-ұрпаққа қалатын аманат. Бірақ бұл кез келген адам көре беретін нәрсе емес. Бұны әркімге ұстата берме», – деп ескертті хазрет.
Рәтбек қажыға бармастан бұрын бір қажы ағамыз хабарласып: «Ертең 60 адамға ауызашар беремін. Соған құлып пен кілтті алып келіңізші, бәріне айтып қойып едім», – дегесін, уәде берген едім. Бірақ, Рәтбек қажының мына сөзінен кейін ойланып қалдым. Амал жоқ, уәденің аты уәде, апаруға тура келді. Сөйтсем ол жерге 60 емес, 100-ден аса адам жиналыпты.
Қазақта «Алтын жамандықты тартып алады» деген сөз бар емес пе. Соның бекер айтылмағанына көзім жетті. Әлгі адамдардың бәрі құлып пен кілтті жаппай қолдарына алып, сүйіп, ұстап көріп жатты. Үйге барғаннан кейін әйеліме сүртіп тазалап, қорабына салып қоюды тапсырдым.
Ертесіне әйелім хабарласып: «Мынаның кірі кетпей жатыр. Сүртсем қап-қара болып күйе шыға береді», – дейді. Әлденеше қайтара сүрткеннен кейін ғана алтын әрең дегенде жылтырап, зорға тазалап алдық. Сол кезде Рәтбек қажының «Көп адамға ұстата берме» деген сөзі есіме түсті. Енді бұдан былай адамдарға ұстатпай, әйнектің ішіне салып сырттай ғана көрсететін болдым.
Қағба кілтінің қасиеті жайлы тағы бір оқиғаны айта кеткім келіп отыр. Жуырда Қызылордада тұратын Мұрат есімді қажы ағамыз Марал ишан атындағы медресе ашты. Біз соған Саудиядан арнайы шейхтарды шақырдық. Атап айтқанда, пайғамбар заманынан зәмзәм суына иелік етіп келе жатқан «Зәмзәм су» мекемесінің директоры шейх Айман және Бәни Шәйба әулетінің бір өкілі шейх Мұхаммед Хусейн келіп, медресенің ашылуына қатысып кетті. Сол кезде Мұхаммед Хусейн Қағбаның кілтіне қатысты бір әңгімені айтты. Осыдан 300 жылдай бұрын патшалардың бірі Қағбаға келіп: «Маған Бәни Шәйбаның есікті ашқаны керек емес. Мен өзім де аша аламын», – деп кілтті өзіне алдырып, есікті ашайын десе, құлып ашылмапты. Олай да, бұлай да көріп, қанша тырысса да, ашылмай, әбден шаршағаннан кейін: «Бәни Шәйба ұрпақтарын шақырыңдар, ашып берсін!», – дейді.
Олар патшаның әрекетіне наразы болғандықтан, есікті ашып беруге 5 жасар баласын жібереді. Баспалдақпен көтеріліп, Қағбаның есігінің алдына келген баланы көрген патша: «Үлкендері қайда?» – деп сұрайды. «Осы баланы жіберді», – дейді адамдар. Сонда 5 жасар бала Қағбаның есігін оп-оңай ашып береді.
Сол кезде әлгі патша өзінің қателік жасағанын түсініпті. Бұл оқиға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бәни Шәйбаға кілтті табыстағаннан кейін басқа адам Қағбаның есігін аша алмайтындығына және бұл жерде бір хикмет барына дәлел болса керек.
– Иә, сіз айтқандай, мен қазір құлып пен кілтті қолыма ұстап, қалай ашатынын білмей отырмын. Сонда бұның бір құпиясы бар ма?
– Бұған дейін қолына ұстап көрген қажылар да маған осы сұрақты қойды. Кейін ойланып қарасам, шынымен қай жерінен сұғып, қалай бұрап ашу керек екені белгісіз. Сосын Меккедегі осы сыйлықты берген адамдарға хабарласып сұрап едім: «Мұның өз құпиясы бар. Оны жанұямыздан екі-ақ адам біледі: мен және менің балам», – деді. Кейін маған көрсетіңізші деп өтінгеннен кейін Меккеге барғанда көрсетті. Сонымен қазір 3 адам ғана бұл құлыпты аша алады.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
Айбек Таңатбаев