Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласының мұз сарайларының жағдайымен танысты. Жас спортшылардың ата-аналары аймақ басшысына шағымдарын айтты. Оларды спорт алаңындағы мұзды толтыру мәселесі толғандырады. Спорт сарайының басшылығы алаңдайтын ештеңе жоқ, жақын арада мәселе шешімін табады деп сендірді.
Тәуелсіздік көшесі бойындағы мұз сарайында 500-ден астам бала жаттығады. Әр спорт түріне 100 шақты баладан бөлінген. Олардың әртүрлі жетістігі бар.
«Қалада шорт-трек, мәнерлеп сырғанау жақсы дамыған», – дейді №3 БЖСМ басшысы Қайрат Сұлтанғабиев.
Бұл спорт кешені 2002 жылы салынған. 2016 жылы жалпы сомасы 372,2 млн теңге бөлініп, ғимаратқа, инженерлік коммуникацияларға және мұз аренасын салқындату жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінгі таңда мұнда 5 бөлім бар: шорт-трек (100 спортшы), керлинг (51 спортшы), мәнерлеп сырғанау (90 тәрбиеленуші), шайбалы хоккей (80 спортшы), конькимен жүгіру спорты (112 тәрбиеленуші).
«Менің ұлым жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Ол жеңістерге жетіп, көк туымызды биікке көтеруді мақсат етеді. Мен анасы ретінде баламның халықаралық жарыстарға қатысып, бас жүлделерге ие болатынына сенемін», – дейді қала тұрғыны Марина Грон.
Мұз сарайында құрғату және ауаны баптау жүйесі жоқ. Шатыры суық ауаны ұстап тұруға мүмкіндік бермейді, жазда аренада температура тұрақты сақталмайды.
«Барлық облыс орталықтарында екі бірдей мұз айдыны жоқ. Бұл – біздің қаладағы бір ерекшелік. Сондықтан, қызмет бойынша сұрақтардың туындауы орынды. Біздің мұз сарайлары жақсы жұмыс атқаруы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деп мәлімдеді облыс басшысы.
Конькимен сырғанаушылар жаттықтырушыларының да мәселесі шешілетін болды. Балаларды Ресей Федерациясынан, Рудныйдан келген мамандар жаттықтыратын. Қостанайда қажетті мамандар жоқтың қасы.
– Бізге жаттықтырушылар іссапармен келмей, тұрақты тұруы үшін баспана беруге дайынбыз. Бірақ маман да тиісті деңгейде болуы керек, – деп атап өтті әкім.
Мұз толтыру мәселесі «Юбилейный» шағын ауданындағы аренаны мемлекеттің меншігіне өткізгеннен кейін шешілуге тиіс. Өткен маусымнан бері жаңа нысан бос тұрды. Құмар Ақсақалов «осын нысанға барып, мердігерлермен сөйлесті. Әкім жаңа айдынның жекенің емес, мемлекеттің меншігі болғаны дұрыс деген ойын айтты.
«Қаржылық жағынан қиындықтар болмас үшін, мекеме мемлекет қарамағына өтіп, қызмет көрсеткені абзал. Қажет жабдықтармен қамтамасыз етіп, шығындар төлемі жайлы келісім жүргізілді. Мұз сарайы 2024 жылдың қаңтар айынан бастап толықтай облыстық билікке өтеді», – дейді облыс әкімі.
2023 жылдың қаңтарында Мұз сарайы Қостанай қаласындағы «H+H TECHNIKA» ЖШҚ филиалына 6 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда, жеке серіктес келісілген міндеттемелерді орындамады.
Атап айтқанда, белгіленген мерзімде мұз сарайының құрал-жабдығы жеткізілмеген, халыққа тиісті түрде қызмет көрсетілмеген. Коммуналдық төлемдер де уақытылы төленбепті, сондай-ақ кәсіби кадр персоналы болмаған. Бүгінде әкімдік пен серіктес арасында медиативтік келісім жасалды, оған сәйкес жекеше әріптеспен шарт 16 қазаннан бастап бұзылды. Келісімге сәйкес, аталған жеке компания 25 қазанға дейін мұз сарайының жұмыс істеуін жолға қояды және барлық жабдықтардың іске қосылуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар коммуналдық қызметтердің барлық қарыздары өтеледі және жалпы барлық міндеттемелер орындалады. Рәсімдер аяқталғаннан кейін мұз сарайы қысқы спорт түрлері мектебінің балансына берілмек. Қысқы спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу сабақтарынан басқа, сарайда конькиді жалға алу бойынша халыққа қызметтер де көрсетілетін болады.
Диана БАТЫРБЕК
Суреттерді түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ