Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Досқали Найманов кеше, 9-қазан күні 85 жасқа толды. Ол 1978 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де еңбек жолын бастап әлі күнге дейін студенттерге дәріс оқиды.
Осы уақытқа дейін көптеген шәкірт тәрбиелеп, зерек жастардың бір шоғырын ғылым жолына баулыды. Университетте профессордың атындағы кабинет ашылып, мерейтой иесінің құрметіне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға оқу орнының басшылығы, профессордың әріптестері мен бір топ шәкірттері қатысты. Жиналғандар ұстаздың атқарған қызметі мен тәлім-тәрбиесі туралы ой толғап, жылы естеліктер айтты. ҚӨУ Басқарма төрағасы-ректоры Сейітбек Қуанышбаев мейрейтой иесін құттықтап, шапан жапты.

«Біздің ұстазымыз Досқали Найманов ауыл шаруашылығы саласының дамуына, ғылыми еңбектер жазуда айтарлықтай үлес қосты. Кеше ағамыздың туған күніне орай ұжым болып құрмет көрсетіп, арнайы кабинет аштық. Қаншама жылы лебіздер айтылуда. Мерейтой бүгін ғылыми конференцияға ұласып жатыр. Мұның бәрі құрметті профессорға деген ілтипатымыздың бір көрінісі. Елімізде Қазақстан жоғарғы мектебінің Ұлттық ғылым академиясы бар. Сол ұйымның шешімімен Досқали ағамызға «Қазақстан жоғарғы мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріліп отыр»,-деді Сейітбек Қуанышбаев.
Мерейтой иесіне құретті атақтың куәлігі мен төсбелгісі қатар табысталды. Одан кейін профессордың шәкірттері мінберге шығып сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін жолдады. Профессор, PhD докторы Ян Мичинский Польшадан онлайн байланысқа шығып, әріптес әлеміне үңіліп, әсерлі естелік айтты. Тағы бір тілеулес жанашыры профессор, PhD докторы Артун Йибан Түркиядан құттықтау сәлемін жолдады.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Төлеутай Ержанов, «Олжа агро» ЖШС мал шаруашылығы сұрақтары бойынша жетекшісі Руслан Гарайханов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор, «НПЦ ЖиВ» ЖШС директоры Әнуарбек Бисембаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор, облыстық мәслихат депутаты Ғайния Есеева және тағы да басқа шәкірттері Досқали ағамыздың ұстаздық қырын тілге тиек етті.

«1998 жылы «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығына оқуға түстім. Университет қабырғасында бес жыл білім алдым. Ол кездері Досқали Құрмашұлы факультет деканы, кафедра меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерді атқарған еді. Ол кісіні диплом жетекшісі ретінде таңдап, қамқорлығына ие болу құрметі екінің біріне беріле бермейтін мүмкіндік еді. Өйткені ол кісінің қолы босай бермейтін. Оқымысты шәкірттері көп болды. Біз білім алған жылдары университеттің оқытушылар мен профессорлар құрамы бай, ауқымы кең болды. Терең білімді, көреген ұстаздардың алдын көргенімізге мақтанамыз. Досқали Құрмашұлы жан-жағына байлық пен атақ жинаған емес. Озық ойлы әріптестері мен алғыр шәкірттерін маңайына топтастыра білді», – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор, облыстық мәслихат депутаты Ғайния Есеева.
Индира Айтжанова әріптесінің сөзін жалғап әкетті.
«Досқали Құрмашұлы көптеген студенттер, магистранттар, докторанттар тәрбиелеп, оларды ғылым жолына баулыған бірден бір жетекшілеріміздің бірі. Ол кісі өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнады десек қателеспейміз. Ғылыми еңбектер жазып, тәжірибелік жұмыстар жасау үшін Қостанай, Ақмола облыстарындағы ауыл шаруашылық кәсіпорындарымен тығыз қарым-қатынаста болды. Жиған білімін жас ғалымдарға үйретіп жүрген ұлағатты ұстаз. Бұл еңбек ештеңемен өлшеуге келмейтін құндылық. Сондықтан университет ұжымы әр бес жыл сайын профессордың туған күнін атап өтіп, ауқымды конференция ұйымдастырудамыз. Бұл кісінің шәкірттері Қазақстанның әр қаласында мал шаруашылығы саласында, жетекші оқу орындарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Мен де ағайдың шәкіртімін. Ол кісінің жетекшілігімен PhD докторы ғылыми дәрежесін қорғадым», – деді конференция модераторы, ҚӨУ-дің ғылым басқармасы басшысының орынбасары Индира Айтжанова.
Досқали Найманов университет қабырғасында 50 жылдай шәкірт тәрбиелеп, ғылыми бағытта қомақты жұмыстар атқарды. Ұстаздың құрметіне орай ҚӨУ-дің төртінші корпусындағы 308-кабинет бұдан былай ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Досқали Наймановтың есімімен аталады.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Диана АЛМАСҚЫЗЫ
