Ауа температурасының төмендеуімен қатар тұман түсіп, жауын-шашынның пайда болуы жолдарды айтарлықтай тайғақ етеді. Осындай жағдайларда жол-көлік оқиғаларының қаупі арта түсетінін ескерткен полиция қызметкерлері барлық жүргізушілерді барынша абай болуға шақырады.
Құзырлы органның мәліметінше, қолайсыз ауа райында көлікті басқару кезінде келесі қауіпсіздік шараларын сақтау аса маңызды.
«Қауіпсіз қашықтықты сақтау – тежегіш жолы ұзарғандықтан, көліктер арасындағы арақашықтықты көбейту қажет. Жылдамдықты төмендету – жылдамдықты ауа райы мен жол жағдайына сай реттеу ықтимал апатты болдырмауға көмектеседі. Күрт маневрлер жасамау – рульді күрт бұру немесе кенет тоқтау көліктің сырғанап кетуіне әкелуі мүмкін. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау – қозғалыс қауіпсіздігінің басты кепілі», – деп жүргізушілерге кеңес берді Полиция департаментінің қызметкерлері.
Өз қауіпсіздігі ең алдымен өздерінің мұқияттылығына байланысты екенін еске салады.
«Әрбір сақтық шарасын ұстану — тек өз өміріңіз үшін емес, жолдағы басқа қатысушылардың да қауіпсіздігі үшін маңызды», — деп хабарлады полиция өкілдері.
Тәртіп сақшылары ауа райы құбылмалы кезеңде ерекше назар мен жауапкершілік танытуға үндейді.
