Полиция: «00:00-ден кейін жылдамдық 66 км/сағ болады» деген ақпарат – фейк

Полиция: «00:00-ден кейін жылдамдық 66 км/сағ болады» деген ақпарат – фейк

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «00:00-ден кейін елді мекендерде рұқсат етілген жылдамдық 66 км/сағат болып өзгереді» деген жалған ақпарат тарап жатыр. Полиция бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлады.

Құзырлы органның түсіндіруінше, елді мекендердегі жеңіл автокөліктер үшін бекітілген стандартты жылдамдық – 60 км/сағат. Бұл талапқа ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ.

Сонымен қатар, автоматтандырылған бақылау камералары 70 км/сағат және одан жоғары жылдамдық асырылған жағдайда ғана тіркей бастайды. Яғни, жылдамдық өлшеу жүйесіне қатысты да жаңа түзетулер жасалмаған.

Полиция өкілдері азаматтарды тексерілмеген дереккөздерге сенбеуге, жол жүру ережелерін қатаң сақтауға және тек ресми ақпаратқа жүгінуге шақырды.

«Жалған ақпаратқа алданып, жолда қауіп төндірмеңіздер. Белгіленген жылдамдықты сақтау – өзіңіздің және өзгелердің қауіпсіздігі», – деп ескертеді құқық қорғау органдары.

Жүргізушілерге мұқият болып, жолдағы тәртіпті қатаң ұстану ұсынылады.