Былтыр Қостанай қаласы Полиция басқармасының Көші-қон қызметі әлеуметтік бейімдеу орталығында тұратын адамдармен тығыз жұмыс істеді. Олардың азаматтыққа жататындығын белгілеу тәртібі әрқайсысымен жеке жүргізілді.
“Бүгінде жеті зейнеткер жеке басын куәландыратын құжаттарын алды. Олардың біреуі 1974 жылы шығарылған Кеңестік үлгідегі төлқұжатын жаңарта алмаған. Сол себепті, ол кісі өзіне тиесілі зейнетақы мен жәрдемақысын ала алмай келген, – дейді облыстық ПД Азаматтық және көші-қон бөлімінің бастығы Ринат Сыздыков.
Құжаттары жоқ адамдардың құқықтық мәртебесін реттеу процесі бірнеше кезеңнен тұрады.
Біріншіден, азаматтыққа жататындығын анықтау. Осы мәселеге байланысты 9 айдың ішінде полицейлер Ресей Федерациясы мен Қырғызстанның шетелдік мемлекеттік органдарына сауал жолдады.
Екінші кезең-азаматтың жеке басын анықтау. Мұнда қызметкерлер әртүрлі мемлекеттік органдар мен мұрағаттарға жүгінді.
Үшінші қадам-сәйкестендіру. Сәйкестендіру рәсімі құжатталатын адамның жеке басын растауы тиіс, оны кемінде 10 жыл білетін үш адамның қатысуымен жүзеге асырылады.
Полицейлерге бейімдеу орталығының әлеуметтік қызметкері Назымгуль Катпенова қажетті құжаттарды жинауға көмектесті.
“Рудныйдағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне жеке куәлік алған зейнеткерлерді орналастыра аламыз. Полициямен одан әрі ынтымақтастыққа үміттенеміз”, – дейді ол.
Бүгінде орталықта 42 адам тұрады. Әркім өз ісімен айналысады. Біреулер тоқыма тоқиды, енді біреулері сүйікті шығармаларын оқиды.
Орталықта тұратындардың бірі, 68 жастағы зейнеткер Татьяна Рыжко Қостанайда туып-өскен. Туыстарымен байланыс үзілген. Оның қолында 1974 жылғы үлгідегі паспорт болған. Ол полицейлерге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.
Облыстық ПД өткен жылы Көші-қон қызметі 30-дан астам адамды құжаттандырғанын атап өтті.