Полицейлерге – жаңа көмекші: робот-иттер іздеудегі адамдарды тани алады

Полицейлерге – жаңа көмекші: робот-иттер іздеудегі адамдарды тани алады

Қостанай облысында полиция қызметіне екі робот-ит қосылды. Төрт аяқты темір көмекшілер қоғамдық тәртіпті бақылап қана қоймай, іздеуде жүрген адамдарды да тани алады. Ол үшін азаматтардың бейнелері жүйеге енгізіледі. Робот таныған адам туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде Жедел басқару орталығына жібереді. Бұл өңірдегі құқық қорғау саласына енгізілген тың технологиялық жаңалықтардың бірі.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде заманауи технологиялардың үлесі артып келеді. Яғни, полиция қызметкерлеріне адам көп жиналатын орындарды бақылауда роботтандырылған құрылғылар да көмектеседі. Қостанай облысы Полиция департаментінде пилоттық жоба аясында іске қосылған екі робот-ит бейнебақылау, бейнеталдау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен жабдықталған. Бір робот-иттің құны – 12 млн теңге.
Полиция департаментінің Цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қуандық Ордабаевтың айтуынша, роботтар бейнебақылау камераларымен, дауыс зорайтқыштармен, жарқылдауық маяктармен және прожекторлармен қамтылған. Соның арқасында оларды күндіз де, түнде де пайдалануға болады.blankblank

«Роботтар қоғамдық тәртіптің бұзылуының алдын алуға және құқық бұзушылықтарды анықтауға көмектеседі. Олардың бейнеталдау жүйесі арқылы іздеуде жүрген адамдарды тану функциясы да қарастырылған. Ол үшін тиісті азаматтардың бейнелері жүйеге енгізіледі. Робот сол адамдардың бірін таныған кезде, ақпарат Жедел басқару орталығына беріледі. Одан әрі полиция қызметкерлері жағдайға қарай тиісті шараларды қабылдайды. Тағы бір ерекшелігі дауыс зорайтқыш арқылы тұрғындарға хабар тарата алады. Мәселен, саябақтарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында және адам көп шоғырланатын басқа да орындарда профилактикалық іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде және алаяқтардан сақ болуға шақыратын мәтінді дауысзорайтқыш арқылы хабарлап ескерту жасайды. Алдын ала жазылған хабарламаларды дауыстап тарату арқылы азаматтарды қажетті ақпаратпен құлағдар етеді», – дейді Қуандық Ордабаев.

blankҚұрылғылар Жедел басқару орталығымен байланыста жұмыс істейді. SIM-карта арқылы 4G желісіне қосылған роботтарды орталықтан басқаруға болады. Бейнеталдау барысында анықталған деректер де тиісті қызмет мамандарына жедел жеткізіледі. Бұл оқиға орнына қажетті күштер мен құралдарды дер кезінде бағыттауға септігін тигізеді.

«Сонымен қатар робот-иттер жетуі қиын немесе адам өміріне қауіп төндіретін аумақтарды тексеруге жарайды. Қауіпті жерлерді алдын ала барлау кезінде оларды пайдалану полиция қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттырады. Айта кету керек, робот-иттер полицейлерді алмастырмайды. Олар құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысын жеңілдететін қосымша құрал. Құрылғылардың жұмысын полиция қызметкерлері бақылап, анықталған жағдайларға қатысты шешімдерді өздері қабылдайды», – деді спикер.

blankҚазір жоба пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Оның нәтижесіне қарай роботтандырылған кешендердің полиция жұмысындағы тиімділігі бағаланып, қолдану аясы нақтыланады. Төрт аяқты роботтардың қызметке қосылуы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілі. Ең бастысы, заманауи технологиялар құқық бұзушылықтың алдын алуға, іздеудегі адамдарды анықтауға және тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтуға қызмет етуі тиіс.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – автор